Көкшетауда көктемгі су тасқынына қарсы дайындық басталды

Бүгiн, 06:26 237

Көкшетауда көктемгі су тасқынына белсенді дайындық жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғын үйлерді қорғау шаралары аясында 190 тонна құмтас әкелінді және 10 000 қап сатып алынды. Олардың 2000-ы толтырылған және пайдалануға дайын екені анық болды. Қауіпті аумақтардың айналасында тосқауыл бөгеттерін құру үшін қаптарды толтыру жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, су ағызу арналар мен жауын су жүйелерінің күйі бақылануда. Ерілген суды дер кезінде бұру үшін жауын суы канализациясының арықтары мен науаларын қар мен мұздан (410 м/п науалар) тазарту жұмыстары жүргізілуде. «КөкшеТазалық» ЖШС-на 450 м³ инертті материал және «Бірлік» шағын ауданындағы бөгетті нығайту үшін 309 м³ инертті материал жеткізілді.

«Зерен Плюс-2006» ЖШС негізгі су ағызу арнасын Вавилов көшесінен Сәдуақасов көшесіне дейін қолмен қардан тазарту жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ Біржан Сал мен Сәтпаев көшелерінің арасындағы учаскеде негізгі су өткізу арнасында мұзды кесу және жою жұмыстарын бастады.

2024 жылдың күзінде Вавилов көшесінен Қылшақты өзеніне дейінгі және Химкомбинаттан Остапенко көшесіне дейінгі негізгі арнаның учаскесін қоқыс, арам шөптерден тазартып, кей жерлерде арнаны кеңейтіп, Құсайынов көшесінде жаңа арнаны қазу жұмыстары жүргізілді. Жол бойындағы су ағызу науалары мен су өткізу камераларын кірден тазарту жұмыстары жүргізілді. Әшімов пен Абай көшелеріндегі көпірлерге су өлшегіш сызғыштар орнатылды. Көкшетау қаласындағы барлық қалған көпір тіректеріне өлшем белгілерін қою жоспарлануда. Бөгеттерді нығайту үшін қап дайындау жұмыстары жалғасуда, – деп атап өтті Көкшетау қаласы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Б.Әшірбеков.

Жыл сайын су басатын жерлерден қар шығару жұмыстары ұйымдастырылды: Застанционный шағын аудан (1787 м³), Қуанышев көшесі (653 м³), Бармашино ауданы (101 м³). Барлығы 2541 м³ қар шығарылды. Қала бойынша барлығы 143 мың м³-тан астам қар шығарылды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: