Көк төлқұжат, көк байрақ – бірлік бастауы

17 Мамыр 2023, 16:18 626

Қазақстанның тұрақты дамуы үшін Қазақстан халқы ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің рөлі аса маңызды. Қазақстан – көп этнос өкілдері мекендеген ел. 130-дан астам ұлт өкілі кездеседі. Сондықтан этностар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге, түйткілді мәселелерді шешуге арналған жүйелі мемлекеттік кеңестік орган ауадай қажет. Бұл жүкті Қазақстан халқы ассамблеясы көтеріп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл ұйымның маңызы орасан зор.

Қазақстанның көлемі үлкен, аймақтарында да әр алуандық бар. Этнос өкілдері шоғырлана орналасқан. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, Ассамблея қызметін атқарып жатыр. Әрине, Қазақстанда проблемалар аз емес. Соған қатысты көзқарастарды өзгертетін жолға шығу керек. Ассамблея – әзірге Қазақстан үшін қажет ұйым. Тарихымызда оның өз рөлі, өз орны да бар, – дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.

Оның пікірінше, Қазақстан халқы ассамблеясы мүмкіндіктерін әлі толық пайдаланып жатқан жоқ. Қазақстанда қазақтану үрдісі жүріп жатқанын мойындауымыз керек. Бұған демографиялық ахуал, яғни қазақ ұлтының санының өсуі, әлемнің түкпір түкпіріндегі қазақтардың елге оралуы және өзге ұлттардың тарихи отандарына үдере көшуі түрткі болып отыр.  

Бірақ Қазақстанда бұл үрдісті 100 пайыз жүзеге асыра алмаймыз. Және бұған деген өзге этностардың көзқарастары басқаша болғаннан кейін Ассамблея секілді орган аса қажет деп есептеймін. Бұл орган тек қана мәдени шаралармен шектелмей, түйткілдерге де пікір білдіргені жөн. Бар жауапкершілікті Сенатқа сайланатын бес адамның мойына арта салу дұрыс емес, – деді сарапшы.  

Қазақстан – бірегей ел 

Бөріхан Нұрмұхамедтің айтуынша, Қазақстан – бірегей мемлекет. Біздің ел секілді басқа ел дүниежүзінде кездеспейді. Мәселен, Қазақстан жер көлемінен жағынан әлемнің тоғызыншы орын алады. Осындай территорияға ие, бірақ халық саны аз басқа мемлекетті іздесеңізде таба алмайсыз. Еліміздің соңғы екі жүз жылдық тарихында ұқсас жағдайлар да еш жерде болмаған.

Біріншіден, орыстандыру процесі болды ма? Ұжымдастыру жүріп, қаншама адам аштан қырылған жағдай болды ма? Екіншідүниежүзілік соғыста ер-азаматтардың көбі қайтпай қалды. Соғыс кезінде миллиондаған адамдарды, оның ішінде қырым татарларын, кәріс, шешен, неміс және басқа да ұлттарды жер аудартып әкелді ме?  Тың игереміз деп сырттан миллиондаған адам көшіп келді ме? Бұл жағынан Қазақстан бірегей мемлекет болып тұр. Сондықтан Ассамблея секілді ұйым әлемдік тәжірибеде жоқ. Дүниежүзі елдері қызығушылық танытып, зерттеп жатыр. Біз көп мемлекеттерге үлгі болып отырмыз, – дейді саясаттанушы.

Қазақстандық үлгі әлемді неге қызықтырады?

Әлем үшін Қазақстанның тәжірибесін зерттеу аса маңызды. Жаһандану дәуірінде ешбір ел шекарасын тас бекітіп, оқшауланып отыра алмайды. Өркениетті елдерге ағылған еңбек мигранттарының нөпірі басылмақ емес. Әр елдің билігінің де бұл мәселеге көзқарастары әртүрлі. Бірі көшіп келушілердің еңбек күші ретінде экономикаға тигізетін оңды әсерін алға тартса, енді бірі қылмыстың артуынан қауіп көреді. Жергілікті халықтардың арасында да діні, тілі, мәдениеті бөтен келімсіктерді жақтырмаушылық бар. Мұның өзі белгілі бір дәрежеде қоғамдық кернеу туғызады.

Демографиялық өсімі тоқтаған немесе кері кетіп отырған елдер үшін экономикасын арттырудың бірден бір жолы – еңбек мигранттарына арқа сүйеу. Бұл жерде басты түйткіл – өзге елден келген адамдардың қоғамға сіңісу мәселесі. Түрлі ұлттар, түрлі мәдениет өкілдері бір қоғамда қалай өмір сүреді? Мұндай елдің болашағы қандай болады?  Татулық пен тұрақтылықты сақтап тұру мүмкін бе? Осы сауал көп елдерді толғандырып отыр. Сондықтан бір елде түрлі дін өкілдері, түрлі ұлт пен ұлыс ұйып отырған Қазақстан секілді елдің тәжірибесін зерттеу аса маңызды. 

Ассамблея өзгеріс жолында

Қазақстанның Конституциясы жаңарып, халықаралық стандарттарға жақындап, дамудың келесі сатына қадам басты. Қолға алынып жатқан саяси, экономикалық реформалар мәртебесі Ата заңда көрсетілген маңызды ұйым – Қазақстан халқы ассамблеясында айналып өтпесе керек.

Сондықтан да бұл органның да қызметіне қатысты бірқатар өзгеріс енді.

Ассамблеяның Мәжіліске 7 депутат сайлауға құқығы болды. Қазақстан азаматтары депутаттарды тікелей сайласа, Ассамблеядағы жүз шақты адам сайлап алады. Бұл, әрине дұрыс нәрсе емес. Бұл жайт біздерге ғана емес, халықаралық бақылаушыларға да ұнаған жоқ. «Неге бұлай?» деп ұдайы таңырқайтын. Әрине, біз «көпұлтты мемлекетпіз, аз ұлттардың мүддесін де қорғауымыз керек» деп уәж айтып келдік. Мәселе, ұлтта да емес, демократияның ережесінде, – дейді саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы олқылықты жойып, алып тастады. Енді Ассамблея қазір тек қана Сенатқа ұсыныс жасай алады. «Сенаттың жөні бөлек, сайлауы ерекше. Ассамблеяға қатысты бір ғана сауал бар. Көп жағдайда пікір білдірмей, үндемей құтылуды артық санайды. Жұмысын ашық жүргізбейді. Азаматтар қызметінен бейхабар. Әрине, мұндай ұйым бізге керек. Тек қана жауапкершілігі болсын. Жұмыстарын ашық жүргізсін. Жоспарларын елге жария етсін», – деп, бұл ұйымның белсенділігінің арта түскенін қалайтынын айтты сарапшы.

Көк паспорт пен көк байрағымыз бірліктің белгісі

Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Абайдуллам Жаппапов бұл сыни пікірлермен келіспейді. Қазақстан халқы ассамблеясы ың-шыңсыз қыруар шаруа атқарып жатыр. Келтірер мысалы да жеткілікті.

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев пен ұйғыр ақыны Илья Бахтия көзі тірісінде жақын жолдас болған. Екі мықты ақын бірін-бірі бағалап, бірінің үйінен бірі шықпайтын еді. Осы екі ақынды жастарымызға өнеге етіп келеміз. Мұқағалидің өлеңдерін ұйғыр тіліне, Илья Бахтияның өлеңдерін қазақ тіліне аударып жатырмыз. Ұйғыр театрында қос ақынның достығын дәріптейтін спектакль қойылды. Шөмішбай Сариевтің шығармаларын Тохтияров деген ақынымыз ұйғыр тіліне аударып шықты. Бұдан басқа да атқарып жатқан жұмыстарымыз өте көп. Мұның бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында атқарылып жатыр, - дейді Абайдуллам Жаппапов.

Оның пікірінше, Ассамблеяның мақсаты – бірлігімізді сақтап қалу. Сонда ғана еліміз өркендеп, дамудың сара жолына түседі.

Жақында Қазақстан халқы ассамблеясының 32 сессиясы өтті. Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маңызды баяндама жасады. Қазақстан жерінде тұрып жатқан 130 ұлттардың отаны – Қазақстан екенін баса айтты. Көк төлқұжат пен көк байрағымыз баршамыздың басымызды біріктіруі тиіс екенін мәлімдеді. Қазақ халқында «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген мақал бар, - дейді алматылық ұйғыр мәдениеті орталығының басшысы.

«Мемлекеттік тіл бәріне ортақ»

Абайдуллам Жаппаповтың айтуынша, Қазақстанда әр ұлт өзінің мәдениетін сақтап, көрсете алады. Ешқандай шектеу жоқ. Ең маңызды нәрсе – Қазақстанда тұрып жатқан азаматтардың бәрі қазақ тілін білуі керек.

Өйткені, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл бәріне ортақ. Кеңес Одағы тұсында бәріміз орыс тілін үйрендік. Үш адам өз тілінде сөйлеп тұрса: «Өз тілдеріңде сөйлеме, орысша сөйле» деп айтатын еді. Қазір ешкім олай демейді. Бірақ қазақ тілі барша ұлттың басын қосуы тиіс деп ойлаймын, – дейді ол.

Абайдуллам Жаппаповтың пікірінше, Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыстың бірлігін сақтап қалу үшін бір-біріміздің мәдениетімізді, әдет-ғұрыптарымызды бес саусағымыздай білуіміз керек. Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар қазақ дәстүрін, мәдениетін, тілін міндетті түрде білуі тиіс. Сонда ғана біз бір мемлекет, бір ұлт боламыз.

Қазақтың жері қаншама адамдарға отан болып қалды. Соғыс кезінде немістер, шешендер және басқа да ұлттар жер ауып келді. Отызыншы жылдары КАРЛАГ пен АЛЖИР елімізде салынды. Қиын-қыстау замандарда құшақ жайып қарсы алған елді құрметтеу қажет. Өзім Алматы қаласындағы Ұйғыр мәдениеті орталығының төрағасымын. Ұйғыр халқы мен қазақ халқы – жақын халық. Дініміз бір, тіліміз ұқсас. Ешқашан бір-бірімен жауласпаған, қыз берісіп, қыз алысып, тамырласып жатқан халықпыз. Ұйғырларға: «Қазақ тілін біліңдер, сонда өз тіліңді де сақтап қаласың» деп ұдайы айтып жүремін. Түптеп келгенде ұйғырларға қазақ тілін үйрену ешқандай қиындық тудырмайды. Десе де, қазақ халқының мәдениетін –ұйғырларға, ұйғыр халқының мәдениетін қазақ халқына таныстырып, бірлігімізді одан сайын бекіте түсуіміз қажет, - деп ой қорытады Абайдуллам Жаппапов.

Сәкен Арыс
Бөлісу: