«Көгере бастаған»: Маңғыстауда 11 айлық сәби есік қырындағы ағашты жұтып қойған

21 Қаңтар, 09:37 2252

Маңғыстау облысы Қарақия ауданында 11 айлық бала есіктің қырындағы ағашты жұтып қойған. Ақ халаттылар сәбиге дер кезінде көмек көрсетіп, аман алып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Белгісіз затты жұтып қойған балада алдымен дем жетпеу белгілері байқалып, денесі көгере бастаған. Ата-анасы дереу ауылдың жалғыз медбикесін көмекке шақырған.

11 айлық сәбидің ата-анасы телефон шалып, жағдайын айтып, жедел түрде үйге келуімді сұрады. Жұмыстан шығып кеткеніме қарамастан жолдасым тезірек барып, баланың жағдайын тексер деп жіберді. Бірден алғашқы көмекті көрсеттім. Бұрын қызмет етіп жүрген уақытымда бөгде зат жұтып қою жағдайы орын алса, дәрігерлеріміз май ішкізу керек дейтін. Сол айтқаны есіме түсіп, қызыл май ішкіздім. Сәлден соң балада аздап демалу, жөтелу белгілері байқала бастады. Дегенмен тамағында тұрған бөгде зат бері қарай шықпады. Ары қарай ауылдағы жедел жәрдем маманы, ата-ана және баласымен бірге 3 сағатты артқа тастап, Жаңаөзен қаласына жол тарттық,-деді Қарақия ауданына қарасты Болашақ ауылының медбикесі Аннуза Қадырова.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшылығы жолдың қолайсыздығына байланысты "Өзенмұнайгаз" мекемесінің бас директоры Нұрдәулет Қилыбайға өтініш тастап, мұнай мекемесінің авокөлігімен жедел жәрдем қызметкерлерін жолдан күтіп алуға жіберген. Құланды ауылына жеткеннен соң Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының бригадасы баланы шұғыл түрде қалалық ауруханаға әкелген. 

Оқи отырыңыз: 

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына 11 айлық сәби кешкі сағат 18:30 шамасында жеткізілген. Оны қарау барысында мазасыздық, су ішпеу, ана сүтін ембеу, лоқсу белгілері болған. Анасының айтуынша жолда келе жатқанда 2-3 рет көгеріп, демала алмай қалған екен.

Рентгенге түсіру барысында ешқандай бөгде зат анықталмады. Сол себепті лор дәрігермен бірге қарау ұйғарылды. "Фолея" атты катетер арқылы медициналық талаптарға сәйкес бала өңешінің жоғарғы үштен бір бөлігіне катетер жіберіліп, бөгде затты алдық,-деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігері Мақсат Унайбаев.

Осылайша ақ халаттылар Жаңаөзен қаласынан 160 километр жерде орналасқан Болашақ станциясынан жеткізілген 11 айлық баланың аман қалуына септігін тигізген.

Ата-анасының айтуынша, сәби есіктің қырындағы ағашты тістеп, байқаусызда жұтып қойған. Мамандар баланы тәуліктік динамикада хирургиялық бақылауда ұстап, жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне жіберілгенін жеткізді. Бүгінде баланың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Жансая Әділбек
Бөлісу: