«Кофеден, ботқадан бас тарту керек»: дәрігер Аида Мұхтарқызы зиянды тағамдардың көбейгенін айтып, дабыл қақты

30 Қаңтар, 21:26 1174

Дәлелді медицина маманы Аида Мұхтарқызы халықтың дұрыс тамақтанбауы салдарынан қандай қауіп төнетінін айтты. Сондай-ақ ол фаст-фуд пен кофені көп пайдаланып, таңғы асқа сұлы ботқасын жеудің де қандай зияны барын талдап берді, деп жазады El.kz тілшісі.

Превентивті медицина саласын елімізде кеңінен насихаттап, дұрыс тамақтану мен қауіпті аурулардың алдын алуға шақырып жүрген дәрігер-нутрициолог соңғы кезде өзін ерекше алаңдататын мәселелерге тоқталды.

Дәрігер ретінде мені болашақ ұлт қалай өмір сүреді, олардың денсаулығы қалай болады деген сұрақ қатты алаңдатады. Өйткені қазіргі уақытта фаст-фуд, қатты газдалған су және энергетикалық сусындар шамадан тыс сатылып жатыр. Шылым мен есірткілік заттарға деген әуестік те жоғарылап кеткен. Бұл стресстің немесе әлеуметтік желіде аталған заттар жарнамасының көптігінен болуы мүмкін. Бұл - қоғам болып жұмыс істейтін процесс. Дәрігердің ғана дабыл қаққаны бұл жерде әсте жеткіліксіз.

Кофені, газдалған сусынды көп ішу, фаст-фудты көп жеу асқазан, ішек жолдарының бұзылуына, өт жолдарының қоюлануына, қалқанша безіндегі проблемаларға, дисбактериозға әкеліп жатыр. Қазіргі уақытта еш энергиясы жоқ, үнемі шаршап жүретін әлсіз адамдар көп. Бұл – біздің дұрыс тамақтанбауымыздың, режимді ұстанбай, салауатты өмір салтына қырын қарағанымыздың салдары. Қазір қарапайым қағидалар сақталмай жатыр. Жастар түнімен жүріп, келесі күні түске дейін ұйықтайды. Мұның арты денсаулықтың нашарлауына әкелетінін түсінбейді. Осы – өкінішті, - дейді ол.

Сондай-ақ Аида Мұхтарқызы халықтың дұрыс тамақтануға өтуіне не себеп болатынын жеткізді.

Адам дұрыс тамақтануға саналы түрде өту керек. Яғни, біз біреуге қызығып немесе басқа да себеппен емес, дұрыс тамақтануды санамызбен қабылдаған соң ғана осыған бет бұрғанымыз дұрыс. Мұның бәрін мен «Сенің саулығың – сенің миллиондарың» атты кітабымда бастан-аяқ жаздым. Ағзамызды қабындыратын өнімдерді қабылдаған сайын біздің қордағы ферменттеріміз азаяды да, созылмалы аурулар асқына бастайды. Сосын өмірімізді осы аурулардың емін іздеумен-ақ өткіземіз. Әр ата-ана өз баласының дені сау, жаны таза болғанын қалайды ғой?! Ендеше, баласының болашағына алаңдаған жандар ең бірінші инвестицияны оның тамағына салу керек. Баланың ағзасына пайдалы тамақ беріп жатыр ма, әлде оны қабындыратын нәрселердің үлесі көп пе? Осыны анықтап алу қажет. Қазірден бастап қант, глютен және сүт өнімдерін көп тұтынатын бала өскенде осының салдарымен күреседі. Соны ұмытпасақ екен, - дейді дәрігер.

Осы орайда таңғы асқа жармадан жасалған ботқаларды жеудің зияндығы туралы да сөз қозғалды. Дәрігердің айтуынша, қарапайым халық таңға асқа дайындайтын ботқалардан да бас тартатын уақыт келген.

Таңғы асқа ботқа жеуге болмайтынын мен 2016 жылдан бері айтып жүрмін. Өйткені сұлы жармасы, ұнтақ жарма дегеннің барлығы да сол өнімдердің қалдығынан жасалады. Яғни, бидай немесе сұлының өзінен емес, қалдығынан жасалатындықтан ағзадағы бос көмірсуларды көбейтеді. Жеті дән, бес дән деп сатылып жатқан ботқалардың барлығы – қалдықтар. Себебі таза өнім 3-5 минуттың ішінде піспейді. Дәнді-дақылдарды қайнату үшін 50 минуттай уақыт керек. Сондықтан бұлардың құрамында біздің ағзаға керекті табиғи өнімдер өте аз. Ағзамызға бос көмірсу боп кіргендіктен, инсулинді көтеріп жібереді. Яғни, қатерлі ауруларға жол ашады. Ал таңғы асқа біз ақуыз, май, күрделі көмірсу мен клечаткасы бір деңгейде қамтылған тағамдарға көңіл бөлгеніміз дұрыс. Таңғы асымыз дұрысталғанда ғана біз күнімізді жақсы өткіземіз, энергиямыз сарқылмайды, асқазан жақсы жұмыс істейді. Ал ботқа жеген соң қарнымыз тез ашып, метаболикалық қызметті бұзады,  - деді Аида Мұхтарқызы.

Оқи отырыңыз: 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: