Клебановтың меншігіндегі ЖЭО-ға мемлекет неге қаржы бөледі?

30 Маусым 2023, 11:34 1245

Бұл сауалға Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басында Александр Клебановтың меншігіндегі Екібастұзда апатты жағдайда тұрған ЖЭО-ға мемлекет тарапынан қаржы бөлінген болатын.

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, өңірдегі апаттан кейін Клебанов ЖЭО-ның жөндеу жұмысына қаржы бөлді.

Өткендегі Екібастұздағы жағдайдан кейін Клебанов біршама қаражатын ЖЭО-ны жаңғыртуға жолдады. Нақты қанша қаржы екені жөнінде менде есеп жоқ. Дегенмен миллиардтаған ақшаны ЖЭО-ны жөндеуге құйды, - деді мәжілісмен.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ депутат Елнұр Бейсенбаевқа «егер ЖЭО Александр Клебановтың меншігінде болса, неліктен мемлекеттік бюджеттен ЖЭО-ға қаржы бөлініп отыр?» деп сұрақ қойды журналистер.

Бірінші ЖЭО-ны олар жөндеуі керек. Соншама жылда тапқан табысы қаншама. Біз білеміз ғой ЖЭО-дағы жағдайдың қалай болғанын. Олар ЖЭО-ны екіге бөледі. Біріншісі – электр желісін, элект қуатын алады да, осы күнге дейін майнинг компанияларға сатып отыру арқылы өздерінің қалталарын қомпитады. Барлық ЖЭО-дағы жағдай солай болды. Жуырда қабылданған шешім бойынша еліміздегі майнинг компаниялардың жұмысына тоқтау қойылды. Ал екінші бір бөлігі – жылыту маусымы. Басты назарын олар қаражат табуға бөлгендіктен, жылыту маусымында тұралап қалған тұстарымыз бар. Қазір біздегі моноқалалар қысқа дайын емес. Екібастұз, Риддер, Рудныйдағы ЖЭО-ның мәселесі шаш етектен. Арқалықтағы ЖЭО 2012 жылы тапсырылған, содан бері әлі жұмыс істемейді. Кентау мен Теміртаудағы ЖЭО-ның жағдайы да мүшкіл, - деді ол.

Депутат ЖЭО-ны мемлекеттің меншігіне қайтару тиімсіз екенін айтты.

ЖЭО-ны мемлекеттің меншігіне қайтарып, 100 пайыз оны мемлекеттің қаражатына жөндеу тиімсіз. Ең алдымен Клебанов өз қаражатына ЖЭО-ны жөндеуі керек, кейін қалғанын мемлекет қарастырады, - деді Бейсенбаев.

Миражан Махан
Бөлісу: