Қызғалдақ – табиғи құндылық

26 Сәуір 2017, 09:33 20228

Алматыда қызғалдақтар фестивалі өтіп жатқанын білесіз бе?

Қазақстан қызғалдақтың отаны екендігін көпшілік біле бермейді. Апорт алмасы сияқты қызғалдақ гүлі де Алматының даңқын бүкіл әлемге асқақтатып тұруы тиіс еді. Алғаш қазақ жерінде пайда болғанымен, кейінірек шетел асқан көктем гүлін әлем Голландияның бренді деп біледі. Бұл жалған стереотипті бұзу өз қолымызда. Өскелең ұрпаққа гүлдің тарихын танытып, оны жаңғырту мақсатында Алматы қаласының Орталық Саябағында «Көктем көркі – қызғалдақ» атты фестиваль өтті.

Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтары бірнеше кезеңнен тұратын мерекелік бағдарламаның куәгері болды. Алматы қаласының табиғи ресурстарды реттеу басқармасы мен Білім басқармасы, Медеу ауданының әкімшілігі, Ботаника және фитоинтродукция институтының қолдауымен өткен ауқымды шараны Медеу ауданындағы №5 оқушылар үйі мен «Жас натуралистер станциясы», сондай-ақ «Грин Ланд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесе отырып ұйымдастырды. «Грин Ланд» компаниясы – Алматы қаласын көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан ұйым. Оның директоры Гүлзада Қалдыбаеваның айтуы бойынша, мұндай іс-шаралар адамды табиғатпен етене жақындастырып, қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауға үйретеді.

–Біз бұл фестивальді екінші мәрте өткізіп отырмыз. Былтыр аудан көлемінде ұйымдастырсақ, биыл міне қала деңгейінде өткіздік. Аталмыш шараға тек алматылықтар ғана емес, еліміздің өзге аймағынан да келіп, қатысып, қызығушылық танытып жатқан жандар көп. Жобаның негізгі мақсаты мен міндеті – тұрғындардың табиғатқа деген құрметін қалыптастыру, қызғалдақ гүлі осы өлкеде пайда болғаны жайлы мағлұмат беру. Жалпы тауда өсетін, қырда өсетін қызғалдақтың біздің елімізде 30 түрі бар. Оның ішінде 18-і Қазақстанның Қызыл кітабына еніп отыр. Демек, гүлдің бұл түрі ақырындап жойылып барады. Қызғалдақ – қазақ халқының асыл мұрасы, біздің табиғи құндылығымыз. Барды бағалап, қорғай білейік деген оймен бұл фестивальді ұйымдастырып отырмыз.

Бағдарлама аясында Орталық Саябаққа жиналған қауым ең әуелі, отырғызылған сан түрлі қызғалдақтардың композициясымен танысты. Одан кейін халықтың бір бөлігі «Қызғалдақ шеруі» атты плэнерді тамашаласа, қолөнер шеберлерінің шығармашылығына қызыққан жұрт «Мың бір қызғалдақ»  шеберлік сағатында гүлден жасалған сан түрлі бұйымдармен танысты. Ал мектеп оқушылары асфальтқа қызғалдақтың суретін салып өзара жарысқа түсті. Гүлдің болашағына алаңдаулы сала мамандары, ғалымдар, ландшафтық дизайнерлер «Қазақ даласындағы қызғалдақ» деген тақырыппен келелі мәселелерді ортаға салып, ой толғады. Бүгінге дейін Орталық Саябаққа жүз мыңнан аса түп отырғызылған екен. Сондай-ақ, көктем гүлінің жаңа түрі өткен жылы Тұңғыш Президент Саябағынан орын тапты.

–Президент саябағына 25 мың гүл отырғыздық. Былтыр егемендігіміздің 25 жылдығына орай Нидерланды елшілігі 16 желтоқсан күні Елбасымызға 25 мың қызғалдақ алып келді. Оның ішінде «Қазақстан Республикасы» және «Президент Н.Назарбаев» деп аталатын жаңа екі сұрып болды. Олар алғаш Астанаға әкелінген болатын. Содан осы Алматыға келгенде мен барып, өзім сұрап алып, Тұңғыш Президент Саябағына отырғыздық. Аманшылық болса, келесі аптада ол қызғалдақтар гүлдейді, - деп Гүлзада ханым, алқызыл гүлдер мерекесі алдағы уақытта да жалғасын табатынына сендірді.

Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған фестиваль мерекелік концертке ұласып, қазақ эстрадасының әншілері, өнердің өрінде жүрген кәсіби ұжымдар, «Отырар сазы» ұлттық аспаптар оркестрі және бірнеше би ансамблі сахна төрінде өнер көрсетті. Фестивальге арнайы шақырылған шетелдік қонақтар мен қала тұрғындары мерекелік шарадан ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл күйде тарады.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: