20 Қаңтар 2015, 11:00
Өткен жылдың соңында, нақтырақ айтқанда, 2014 жылдың 22-желтоқсаны күні жезқазғандық филолог, көркем әдебиет аудармашысы Кенжебай Ахметовпен болған мазмұнды сұхбаттың 1-бөлімін жариялаған болатынбыз. Сол жолы шыққан мақаламызда сұхбаттың ірі көлемде екенін ескертіп, 2-бөлімнің кейіннен жарияланатынын хабарлаған едік, міне сол сәт енді туып отыр.
2-бөлім
Алғашқы бөлім көркем әдебиетке, олардың қазақ тіліне аударылуына арналса, екінші бөлімде қоғамдық маңызы жоғары әралуан тақырыптар жөнінде әңгіме қозғадық. Атап айтқанда, еліміздегі патриотизм, бай мен кедей арасындағы алшақтық, қолына қалам ұстаған журналист қауымның қазақ тілінде жіберетін қателіктері, кітап оқу мәдениеті және т.б.
Сұхбат
– Үлкен кісілер тарапынан «Патриот болыңдар» деген сөзді жиі естиміз. Сіздің ойыңызша, осы патриот болу деген не?
– Ең бірінші, қазақ болғаныңа мақтану керек қой. Қазақ болғаныңа, қазақ жерінде өмір сүріп жатқаныңа мақтану керек. Бұл үйреншікті сөз емес. Шын мәнінде мақтана білу үшін қазақтың кім екенін сезінуің керек. Жаттанды сөздерді айтумен патриот болып кетпейміз.
«Қазіргі кезде кейбір ата-ана өз парызынан қашқақтап, бала тәрбиесін мектепке артып қоюды жөн санайтындай»
– Патриоттық сезімді қалай қалыптастыру керек?
– Телеарнада кейде бір мектепте ұйымдастырылған, не болмаса облыстық деңгейде өткен әлдебір іс-шараны көрсетіп жатады да, соған қатысушы біреуді микрофонға алып келіп, сұрақ қояды: «Осы іс-шарадан Сіз қандай әсер алдыңыз?» – деп. Жауап та әзір. Оның бір үлгісі «Керемет әсер алдым, жүрегіме патриоттық сезім ұялады» деген сыңайда болып шығады. Менің күлкім келеді. Айналайын-ау, патриоттық сезім базарда тұрған қауын-қарбыз, бәдірен емес қой. Патриоттық сезімнің әсері, бойыңа сіңгені, санаңа дарығаны уақыт өте келе көрінеді. Өзіңнің патриот екеніңді шынымен сезіне білсең, онда соның өзі де жақсы. Ал жаңағыдай, жарты сағаттық бір шараға қатысып, шыққан бойда «Патриоттық сезім кеудемді кернеп барады!» дегенге, кешіріңіз, мен сене алмаймын. Ол зат емес қой?! Жалпы, рухани өзгерістер еш уақытта бірден көзге көрінбейді, біртіндеп байқалады. Тақылдатып тақпақ жаттатумен, сахнада саңқылдап сөйлеумен патриот тәрбиелеп шығара алмайсың. Тіпті мұндай әрекеттердің кері әсері тиюі де мүмкін. Өйткені кез келген рухани сезім бойға дару керек, санаға сіңу керек және патриоттық сезімді жеке-дара қалыптастырам деп ойлаудың өзі өрескелдеу түсінік. Кез келген тәрбие жұмыстары кешенді түрде ойластырылып, жан-жақты тармақтала жүргізілуі керек.
– Мысалы?
– Патриоттық деген ол ата-анаңды сүю, өзіңді құрметтей білу, еліңді құрметтей білу. «Еліңді, ата-анаңды құрметте» деп уағыз айтумен және бітпейді. Тәрбие беру әр адамның әрекетінен шығып жатуы керек. Мәселен, жасы үлкен кісі қасына немересін яки баласын ертіп, көшеде келе жатыр делік. Жолдың үстінде бірдеңелер шашылып жатыр екен. Еңкейіп, көтеріп ала салды, баласы көрді. «Қолыңызды былғап, лас нәрсені неге ұстадыңыз?» деп сұрай қалса, «Қарағым-ау, бұл біздің қаламызды былғап жатыр ғой. Бұл қалада біз тұрамыз ғой» дей салсын. Бала ойланады. Ойланған екен, демек санасында бір түсінік қалды дей беріңіз. Міне, ең қарапайым тәрбиеңіз осы. Тәрбиенің негізгі кілті – әсер ету, ойландыру. Адамның сезімін қозғамайтын, ойын түртпектемейтін әрекеттің бәрі – әурешілік. Не болмаса, әлдебір қағазды толтырып қою үшін жасалған «іс-шара».
Демек, патриотизмге тәрбиелеу – отан туралы мақал-мәтел, өлең жаттатқызып қою ғана емес, кішкентай-кішкентай нәрселерден-ақ басталып жататын саналы әрекеттер. Бұл тұста үлкендерге жүктелер жауапкершілік көп. Әсіресе, ата-аналар өз жауапкершілігін терең сезінуі керек. Баланың қандай болғаны – ата-ана тәрбиесінің нәтижесі. Өкінішке орай, қазіргі кезде кейбір ата-ана өз парызынан қашқақтап, бала тәрбиесін мектепке артып қоюды жөн санайтындай. Бұл қылығын ақтап алу үшін таусылмайтын сылтауларды қиюластыра жөнелуге де шеберленіп алған. Кеңірек ойлансақ, баланы дұрыс тәрбиелеу – елге, Отанға қызмет ету деген сөз. Бүгінгі бала ертең саналы, білімді, қабілетті азамат болып шықса, ол өз отбасына ғана емес, бүкіл елге пайдасын тигізеді. Осыны ұмытпауымыз керек.
– Бүгінгі біздің қоғам қандай?
– Қазіргі қоғам руханият, мәдениет, сана мәселесінде өзіне өзі жол таба алмай, тығырыққа тіреліп тұрған алапат күш сияқты көрінеді. Мәселе соның қай бағытта кетуіне байланысты.
– Бізде оқыған, көрген, ойы терең адамдар баршылық, мейлі ол бай болсын, мейлі ол ғалым болсын, мейлі, жаңа заман кәсіпкері болсын. Әйтеуір орта тап не одан жоғары тап өкілдері. Сондай-ақ, бар ойы күйбең тіршілікпен өтіп жатқан қатардағы қарапайым азаматтарымыз да бар. Бұл екі топ екі түрлі дүниені ойлайды, екі түрлі тақырыпта толғанады. Біз осы уақытқа дейін осы екеуінің ортасына көпір болатын ортақ тапты қалыптастыра алдық па?
– Экономикалық жағынан келсеңіз де, рухани жағынан келсеңіз де, аралық ажырап қалған, хаос, байланыс жоқ. «Элита» деп отырған адамдарымыз өзінше іс тындырып жатырмыз деп ойлайды. Халықтың ортасына барып келдім, елдің жайын білемін деп ойлайды. Ал осы элиталық тұлғамыз ел ішіне қандай жағдайларда барады? Біреудің мерейтойына немесе жоспарлы іс-шаралардың біріне барады. Мерейтойдың жайы түсінікті. Ал екінші жағдайда арнайы дайындалған адамдар қарсы алады, арнайы дайындалған көрермендер жиналады. Әлдебір бастықтың қуалауымен келген көрерменге кімнің келгені, оның не айтып тұрғаны бәрібір, мойнына ілінген уақытты өтеп қайтса болды. Сонда не тынды? Кімді кім алдады?
«Біреуге ұнауға тырыспай, елді рухани маужыраудан оятуға әсер ететін жолдарды іздеу керек»
Бұл мәселеде науқаншылдықпен, не болмаса әлгіндей жиындармен ештеңе бітпейді. Өз елінің руханиятына, мәдениетіне жаны ашитын әр азамат әрекет етуі керек. Ешкімнен ештеңе дәметпей, бірін-бірі іздеуі керек. Біреуге ұнауға тырыспай, елді рухани маужыраудан оятуға әсер ететін жолдарды іздеу керек. Жұрт неге рухани мәселеге құлықсыз? Материалдық жағдаймен байланыстырсаңыз, онда жұрт мәдени-рухани шараларда сапырылысып жатуға тиіс еді ғой. Қазіргі жұрттың жағдайы кеңестік жылдардағы немесе тоқсаныншы жылдардағы жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді ғой. Тура осы тұста менің сөзімді теріске шығарғысы келген адам өз жағдайына қарап көрсінші. Тоқсаныншы жылдары не жеп, не киді? Қазір не ішіп, не киіп жүр екен? Бес жүз адам шақырып, хан сарайындай мейрамханада дүркіретіп той жасауға қазір екінің бірінің шамасы келеді. Сенбесеңіз, «той жасай алмадым» деген кісіні тауып беріңізші.
Демек, мәселе жағдайда емес, қоғамның рухани енжарлығында, сананың самарқаулығында жатқан болар. Ал рухани енжарлық – ең қауіпті нәрсе. Оның ар жағынан рухани азып-тозудың төбесі қылтыңдайды.
– Рухани байлық та, мәдениет те айналып келіп кішкентайына берілген тәрбиеге байланысты. Ата-ана баланы қалай тәрбиелеуі керек?
– Осы Жезқазғанда ең алғаш компьютер ұстағандардың бірімін десем, артық кеткенім емес. Алғашқы компьютерімді әкелген кезде қызым үш жаста болатын. Өзімнің де компьютерді жіліктеп тұрғаным шамалы онда. Қызметіме барып, қайтып келсем, үш жасар бала компьютердің ішіндегінің бәрін біліп алыпты. Қай жерінде не бар, қалай істеу керек, бәрін сартылдатып отыр. Көпшіліктің айтуына сенсек, әлгі балам компьютерге жабысып қалуға тиіс еді ғой. Бір қызығы, олай болмай шықты. Қажет кезінде пайдаланады, басқа уақытта басқа шаруаларымен айналысады. Неге? Бұл жердегі мәселе баланың бала кезден қалыптасуына байланысты. Қажетті-қажетсізді айыра білуге үйренуіне байланысты. Баланың қандай болып шығуы ата-ананың тәрбиесіне байланысты. Баланың қалыптасуында әлдебір кінәрат болса, кінә балада емес, мектепте де емес, тек қана ата-анада.
– Қазіргі жас журналистер мақала жазуда, сценарий жазуда кейде сөздерді дұрыс қолданбай, оған журналистиканың аға буын өкілдері реніш білдіріп жатады. Мәселен, «болып табылатын», «орын алатын» деген сияқты. Сіз бұл мәселеге қалай қарайсыз? Сөздердің дұрыс қолданылмауын жиі байқайсыз ба?
– Иә, телевизияда, газетте, сөздің мағынасын түсінбей қолдану кездесіп тұрады. Жас журналистер бұрын өзі естімеген әлдебір сөзді естіп қалса, соны жаңалық көріп, қолдана беретін сияқты. Сөз түсінетін адамға орнын таппай тұрған сөз басқаша әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, «жаңалықшыл» журналистің сөздік қорының тапшылығын біліп қоясың.
Осыдан сәл ғана уақыт бұрын жиі қолданған бір сөзге тоқталайын. «Қаймана қазақ» деген сөз. Арналардың бәрі жарыса қолданды. Қолданыстың түрі «Қаймана қазаққа арнап сөз айтты» деген сыңайда келеді. Айналайын-ау, «қаймана қазақ» деген тіркес қандай мағына береді? «Қаймана қазақ» – «сіз бен бізге қатысы жоқ, өзімен-өзі жүрген қазақ» дегенді білдіреді. Сонда әлгі қолданыстағы «сөз арнап тұрған» адамыңыз өзін қажетсінбейтін біреулерге неге сөйлеп тұр? Ол сөзі бәрібір зая кетеді ғой. Ал осы тіркесті қолданған журналист «қаймана қазақ» дегенді «қалың қазақ» деп жаңсақ түсінген. Не болмаса, дыбыс үндестігіне елігіп, соған мәз болып тұр.
Сондай-ақ, біздің тіліміздің сөйлеу ерекшелігіне үйлеспейтін қолданыстар да бар. «Жарайды ма», «келеді ме» деген сияқты. Қазір жиі кездеседі. Қажетті тұстарда осылай жазу керек шығар, бірақ тілі дұрыс шыққан қазақ баласы сөйлеу кезінде «жарай ма», «келе ме» деп айтатыны анық. Мұндай кемшіліктер телесериалдардың аудармасында да ұшырасады. Мәселен, әлдебір кейіпкер: «Сізбен кездесуге болады ма?» деп, тілін қинап жатады. Дұрысы – «Сізбен кездесуге бола ма?» ғой. Кім біледі, бұл да аудармашы мен редактордың «заманауи жаңалығы» шығар. Қазір «жаңалықшылдар» көп қой... Негізі, мұндай жағдайда бұл аудармашының да, редактордың да кәсіби біліктілігіне шүбәлануға болады.
– Жас ақын-жазушыларды аға буын қаншалықты жиі оқиды, жалпы оқи ма?
– Мысал айтайын. Асқар Жұмаділдаев деген ғалым азаматты білесің ғой. Осыдан он шақты жылдай бұрын сол азамат қатысқан бір бағдарлама есімде қалыпты. Түрлі тақырыпта сұрақ-жауап болып, бір кезде жүргізуші-журналист жастар поэзиясына ауысты. «Жас ақындардан кімдерді оқисыз?» деген мағынадағы сұрақ қойылды. Асекең: «Ешқайсын оқымаймын», – деді. Журналист: «Сонда сіз жастарды оқымайсыз ба?!» – деп шүйліге сұрады. «Мен оны қайтем, мен Абайды оқимын, ұдайы қалтамда жүреді», – деді Асекең. Журналист жігітті қайдам, өз басым Асекеңнің кесіп айтқан жауабына риза болдым. Неге?
Өйткені жас журналист үшін, оның қатарлары үшін жастар поэзиясында жазылып жүрген ой, сезімдер жаңалық шығар, бірақ 18-30 арасындағы жастың көзқарасы мен өмір көрген үлкен адамның көзқарасы, қызығушылықтары сәйкес келмейтіні де шындық қой. 50-ден асқан азамат жас жігіттің сөзін сөйлеп отырса, жарасымсыз көрінбей ме? Бұл тұста Мұқағали ақын айтқан «поэзияның махаббаттан парасатқа ұласу» жолын еске алу абзал болар.
«Кітапты әртүрлі оқуға болады. Қатып қалған рецепті жоқ. Мәселе – оның пайда тигізуінде»
Жалпы, әр буынның өз ақыны болады. Тура осы Асекеңнен махаббат туралы өлең оқуды өтініп көріңізші, Тұманбай ақынның, Мұқағали ақынның өлеңдерін оқып беруге шамасы жетері анық. Себебі бұл ақындар – оның жастық шағының жыршылары. Жастық шақтың рухын, сезімін ол осы ақындардан әлдеқашан алып қойған. Сондықтан әдебиеттен тысқары адамдарға «Жас ақындарды неге білмейсің!?» деп ренжудің өзі әбестік. Ал әдебиет өкілдерінің жөні басқа.
Жалпы, кітапты әртүрлі оқуға болады. Қатып қалған рецепті жоқ. Мәселе – оның пайда тигізуінде. Кітаптың пайдасы да әртүрлі. Біреуге өмірді ұғынуға көмектеседі, біреуді ойландырады, біреуді әсер-сезімге бөлейді деген сияқты. Ал енді бір адамдар үйрену үшін де оқуы мүмкін.
– Бүгінгі үлкен ақсақалдар, баяғыда біз көп оқитын едік, қазіргі жастар кітап бетін ашпайды деп көп айтады. Оған қарсы жастар тарапынан, «ол кезде ақпарат көзі аз еді, кітаптар санаулы болды, бос уақыт көптеу болды, бүгінгідей асығыстық жоқ, сол себепті оқыдыңыздар» деп жауап қатып жатады. Қазір болса, шынымен де ақпарат тым көп. Тіпті білім саласында «көңіл көтеру арқылы білім алу» деген концепциялар дамып жатыр. Осындай жағдайда балалаларды оңайшылықпен кітап оқуға үйрете алмайсың. Және оны жаңағы мен айтқанмен жолмен талап ету де дұрыс емес сияқты, яғни біз кезінде мұндай едік, сендер мұндайсыңдар дегендей. Неліктен, біз, жастар, көркем әдеби шығармаларды оқуымыз қажет?
– «Кітап оқымайды» деп балаларды, жастарды кінәлау дұрыс емес. Мәселе – оларды кінәлап тұрған үлкендердің өзінде. Өз ұрпағын кітапты пайдалана білуге үйрете алмаса, ол үшін кім кінәлі?
Әдебиеттің мектепте, жоғары оқу орындарында оқытылу жайы да оңып тұрған жоқ. Сол баяғы кеңестік жылдардағы үлгі. Мәселен, былай: «Балалар, бүгінгі өтетін сабағымыздың тақырыбы – Абай Құнанбаевтың «Жаз» деген өлеңі. Ал Абай кім?» Сосын көсілеміз. «Абай» деп аламыз да, өмірбаянын тіземіз, қандай өлеңдері бар екенін айтамыз, тамсанамыз, таңданамыз, не керек, көп сөз айтамыз, сабақ аяқталар тұста: «Ертең осы өлеңді оқып келіңдер» – деп айта саламыз. Бала оқып келеді, «жаттап кел» десең, жаттап келеді. Оның бәрін баға алу үшін ғана істейді. Сонда Абайдың өзі де, өлеңі де мұғалім мен балаға баға үшін ғана керек нәрсе боп шығады ғой. Бұлай істеудің не керегі бар?
Әсілі, әдебиет сабағында ақын-жазушының өмірбаянын емес, оның шығармасын оқытқанымыз дұрыс қой. Өзің айтқандай, қазір ақпарат алу мүмкіндігі көп. Ендеше сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Яғни ақын-жазушыға қатысты мәліметтерді оқушының өзі іздеп тауып, өздігінен оқып, дайындалсын. Ал сабақ үстінде шығарма талдануы қажет. Талдау дегенде, шығармадағы теңеу, эпитет, гиперболалардың нешеу екенін санап кетпеу керек. Шығарма оқылу керек, әр оқушының нені түсінгені, нені аңғарғаны, оларды автордың қалай бергені ортаға салынуы қажет. Оқушылар даулассын, пікір алыссын. Қалай болғанда да, сол шығарманы түсініп, одан өз өміріне пайдасы тиер түсінік алып шықсын. Әдеби шығарманың оқушыға берер білімі – өмірдің бейнесін көрсетуі. Оқушы сол өмір бейнесін өзінше танып, бағалауға үйрену арқылы шынайы өмірді тануға қажетті тәжірибе жинайды. Көрдіңіз бе, бұл жағдайда әдеби шығарма – адамды өмірге баулу құралы. Әртүрлі шығармаларды оқыған сайын оқушы біріне-бірі ұқсамайтын өмір сырларын түсіне берсе, біртіндеп тұтас өмір туралы білімі де толыса түспек. Әдебиеттің ең негізгі пайдасы да – осы.
«Әдебиет сабағында ақын-жазушының өмірбаянын емес, оның шығармасын оқытқанымыз дұрыс»
Әдеби шығармалардағы әр алуан өмір бейнесін талдау арқылы жас баладан шынайы өмірді тани алатын, түрлі жағдайларды талдай алатын, өзінше жол іздей алатын азамат тәрбиелеп шығара алсақ, сөйтіп, әдебиеттің пайдасын сезіндіре алсақ, ол аз олжа болмас еді. Ал түсінбей оқу, түсінбей жаттап алудың ешқандай пайдасы болмайтыны анық.
– Кейде осы шығармалардың киноға ұласып жатқанын көреміз және мұндай туындылар өзге фильмдерге қарағанда әлдеқайда жоғары шығады. Шығармадағы ой мен мазмұнды кинодан алуға бола ма? Жалпы, кино сол кітапты алмастыра ала ма?
– Әлгінде айтып кеттік қой, кино мен әдеби шығарма – екі бөлек дүние. Әдеби шығарманың өзін оқығанда алатын әсер басқа, кинодан алатын әсер басқа болады. Кино – көрнекі өнер. Нақты нәрсені көресің, солай қабылдайсың. Ал әдеби шығарманы оқыған кезде әр оқырман ондағы бейнені өзінше таниды, өзінше бағалайды, соған байланысты өзінше ой қорытады. Бұл жағдайда оқырманның өзі шығармашылық адамы сияқты ой әрекеттерін жасайды. Былайша айтқанда, шығарманы оқи отырып, жақсы оқырман өз қиялындағы «киноны» жасайды. Кітаптың артықшылығы да осында, яғни оқырманның шығармашылық қабілетін оятады. Демек, ешқандай фильм әдеби шығарманы алмастыра алмайды. Әдеби шығармада қатпар-қатпар ойлар жатуы мүмкін, ал оның бәрін кино «тілімен» жеткізуге мүмкіндік келе бермейді. Мысалы, бір ғана драманы әр режиссер өзінше көріп, өзінше сахналайды ғой. Өйткені олардың әрқайсысы сол шығармадан әртүрлі ой, әртүрлі мағына көреді.
– Кейбір адамдар жылына 2-3 қана кітап оқыса, өзге біреулер бұл мөлшерде бір-ақ аптаның ішінде оқиды. Кітапты оқу жиілігі туралы не ойлайсыз? Кітапты жиі, тоқтамай оқу қажет пе, әлде арасына уақыт салған жөн бе?
Кітап сенің санаңды дамытуға әсер етуі керек. Мәселе қанша кітап оқығаныңда емес, кітаптан не ала білгеніңде. Әлдеқашан санаңда қалыптасып үлгерген түсініктің «басқа көйлек киген» тағы бір үлгісі әлдебір кітапта қайтадан алдыңнан шығатын болса, оны оқудың не қажеті бар?
– Кітап оқуға келген кезде, әркім өз талғамына, қызығушылығына қарай таңдайтыны белгілі. Мына кітапты оқысаң да оқы, оқымасаң оқы дей алмаймыз. Дегенмен, көптеген кітаптарды, шығармаларды оқыған адам ретінде, кәсіби аудармашы және жазушы ретінде, сіз жастарға қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз? Бесеуін атасаңыз жеткілікті. Біріншісі «Абай жолы» болар?!
– «Абай жолы» – өзін өзі құрметтейтін әрбір қазақ баласы біреудің айтуынсыз-ақ оқуға тиісті шығарма. Менің ойымша, бірінші кезекте, әр қазақ Абайдың өмір жайындағы өлеңдеріне жиі оралып отыруы керек. Гетенің «Фаустын», Дантенің «Құдіретті комедиясын», Боккаччоның «Декамеронын», ХІХ ғасырдағы орыс классиктерін оқу керек. Бұл дүниелерді оқу арқылы әр адам мынау өмірге әртүрлі баға беруге болатынын таныр еді. Бір ғажабы, осылардың бәрінің алтын қазық – идеясы ортақ. Мәселе – осы ортақ идеяны осынау ұлылардың әрқайсының қалай жеткізгенінде.
– Кітаптың мықтылығын айқындайтын критерийлеріңіз қандай?
– Жақсы жазушының алғашқы абзацтан-ақ стилі анықтала бастайды. Стиль дегеніміз автордың болмысы. Шығарма – сол болмыстың көрінісі. Жақсы оқырман автордың қарым-қабілетін, шама-шарқын бірден байқайды. Күшену арқылы «мықты автор» бола алмайсың. Бірдеңе түсінетін болсам, өз ойымша, жақсы шығарма көркем бейнелер арқылы ойландыруы керек. Ондай дүниелер жазу – хас шебердің ғана несібесі. Ал шеберлік кілтін де, жолын да әр автор өзі табуы қажет. Сайып келгенде, бәрі автордың өз болмысынан шығады.
– Болашақта жазушы боламын деген жастар үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Кеңес беру, ақыл айту дегеннің өзі қиындау нәрсе. Әйткенмен, аннан-мұннан аңғарып, көңілге түйгенімізбен бөлісіп көрейік. Шығармашылықтан үмітті адам, ең бірінші, өзінің кім екенін өзі анықтап алу керек. Жазушылық деген көркем шығарма арқылы өзіңді ұсыну ғой. Өзіңді ұсыну деген «мені танып ал» деген сөз емес. Шығармаңның өне бойынан танылып жататын көзқарасың, танымың, ойың т.с.с. Қысқасы, өз болмысы қалыптаспаған адам әркімге еліктеп-солықтау арқылы қаламгер бола алмайды.
Біздің қазіргі жастарда бір жақсы қасиет бар, ол – тілді тереңірек білсем екен деген ниет. Осы тұстан шығатын кемшілік те бар, ол – кейбір сөздің мағынасын толық түсінбестен қолданып жіберу. Әр сөздің өзіне ғана тән мағынасы бар. Ал сөз бен сөз байланысқа түскен кезде, әйтеуір, бір бейне туа бастайды. Мәселен, «Арман күлді» дейік. Жалпылама бейне шығады, әйтеуір, біреу күліп отыр. Ал «Арман жымия күлді», «Арман жымсиып күлді», «Арман миығынан күлді», «Арман сықсия күлді» деген қолданыстардың әрқайсында әртүрлі бейне пайда болады. Көрдің бе, әрбір сөз образ жасауға қызмет етіп жатыр. Ал көркем шығарманың басты мақсаты образ арқылы ойландыру. Өйткені көркем шығарма – тұтас бір сәттің бейнесі. Демек, жазушымыз – өмірдің образын жасап, сол арқылы оқырманды ойландыра білетін адам. Ең озық үлгісі – қазақтың Абайы.
– Осындай позитивті нотада сұхбатымызды аяқтасақ. Рахмет.
Сұхбаттасқан - Дархан Өмірбек