Кітапханашы жігіт

22 Қазан 2018, 15:43 11804

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының бірі, кітапханашы Нұржан Жолдыбалиновпен сұхбат

Бүгін тілімізге тиек еткелі отырған кітапханашы мамандығы көне замандардан бастау алады. Алғашқы кітапханашылар сонау Шумерлер заманында, осыдан төрт жарым мың жыл бұрын пайда болған деседі. Бастапқыда олардың жазған жазбасы тек заңды күштерге ие болғандықтан сол кездегі кітапханашыларды қазіргі заңгерлердің арғы аталарына да жатқызуға болады. Папирусқа жазу кезеңі басталған тұста бұл мамандық иелерінің саны да арта бастаған еді. Атақты перғауын Рамзес екіншінің кезінде папирусқа жазылған 20 мыңдай ақпарат жинақталған екен.

Кітапханашы сөзінің түп төркіні грек тіліндегі «Кітап жинаушы» сөзінен шыққан. Әуеліде кітапханалар Платон, Аристотель, Евклид, Еврипид секілді жеке адамдарға тиесілі болған екен. Ал, кітапханашы қызметін құлдар атқарған. Ал, көпшілікке арналған алғашқы кітапхана Афиныда Писистрат билік құрған кезеңде ашылған. Осы сәттен бастап  кітапханашы болу аса құрметті мәртебеге ие бола бастаған.

Біздің қазақ қоғамында ер адамның кітапханашы болуы соңғы уақытта сирек құбылысқа айналған. Кітапханашылық қыз-келіншектерге тиесілі қызмет секілді болып көрінуі мүмкін. Осы орайда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының бірі, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхананы әзірлеуге қатысқан ең жас IT мамандардың бірі - Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалиновпен сұхбаттасқан едік.

- Нұреке, оқырманымызға өзіңіз жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз. Қай жақтың тумасысыз? Бұл кәсіпке қалай келдіңіз

- Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Шар деген шағын қала бар. Мен сол Шар қаласында дүниеге келгенмін. Шар қаласының орта мектептебінен соң Семейдегі электротехникалық колледжінің теміржол саласы мамандығын дайындайтын бөліміне оқуға түстім.  Ол кезде «Кім боламын?» дегендей сұрақтарға қатты мән бермейтін едік қой. Әкеміз теміржолшы болғандықтан осы мамандықты таңдай салған болатынмын.  Бұл колледжді аяқтаған соң ЖОО түскім келді. Алматыдағы Жүргенов атындағы оқу орнына түсе алмай қалдым. «Оқуға түсе алмадым» деп мойныма су кетіп отыра бергенім жоқ. Семейге қайтып келіп, өзім оқыған колледждегі енді  ашылып жатқан «Бағдарламашы» мамандығына оқуға түстім. Негізі осы бағдармашылыққа мектеп жасымнан қызығушылығым болған еді. Мектепте оқып жүрген кезімізде бір ойын ойнап отырып қай тетікті басқанымды білмеймін монитордың бетіне әлдебір жазуларды шығарып алғаным бар еді. Ондайды көрмеген басым «компьютерді құртып алдым-ау» деп ойладым. Мұғалімді шақырып едім ол да басын ұстап, «құрттың әнекей» деп маған ұрса жөнелді. Содан не керек, Шардан 100 шақырым жердегі Семейден арнайы маман шақырды. Ол келді де, «Мінекей, мына клавишті баса салсаңыздар болғаны» деп бар-жоғы бір-екі секундта мәселемізді шешіп берді. Мен ол кісіден жазудың мәнін сұрадым. «Бұл осы ойынның коды. Жалпы, компьтердегі әр ойын, әр бағдарламаның коды болады. Сайттарды да осы кодтар арқылы жасайды» деп түсіндірді. Сол кезде менің миыма «Бағдарламашы болсам» деген бір команда жазылып қалған секілді. БІздің кезімізде «Денди», «Сега» сынды ойындар бар болатын. Сол құрылғыларымыз құртылып қалса, пайкілеп, өзімше жөндеп алатынмын. Ол да болса өз әсерін тигізген шығар.

Неліктен мен колледжге қайта түстім? Мәселен, мектепте оқушыға тапсырма беріліп, оның орындалуы қадағаланады. Колледждерде де тап сондай жүйе. Саған үй жұмысын береді. Оның орындалған-орындалмағандығын тексереді. Ал, ЖОО ондай талап некен-саяқ. Студент ілініп-салынып жүре береді.

- Оқуыңызды бітірдіңіз. Жалпы, сол кезде кітапханашы боламын деп ойладыңыз ба?

- Жоқ, бұл менің үш ұйықтасам түсіме кірмеген дүнием. Мен таныстарыма жалпылама «Мәдениет және спорт министрлігінде істеймін» деп айта салатынмын. Кейін «Ұлттық Академиялық кітапханада істеймін» деп айта бастадым. Кітапханада екі жыл істегеннен кейін ғана бұл комплекстен арыла бастадым. Себебі, жұрттың көбі  кітапханада кітаптардың шаңын сүрту мен келген оқырманға кітап таратудан басқа іс жоқ деп ойлайды. Кейін достарым мен таныстарымды жұмыс орныма әкеле бастадым. «Мінекей, менің жұмыс орным. Бұл біздің кітапхана» деп көрсетемін ғой. Сонда баяғы маған күлген кей таныстарым «Бізге де жұмыс қарастыра жүрсейші. Мына жер керемет екен» деп таңданып кеткен болатын. Әрине, айлық жағына келер болсақ бұл мамандық арқылы шылқыған ақшаның астында қала алмайсыз. Әйтеуір, жеке   тапсырыстар арқылы  ол кетіктің орнын жауып жатырмын. Мәселен, түрлі бағдарламалардың мобильді қосымшаларын, сайт жасау секілді және әлеуметтік видеоролик жасау. Видео түсіруге арналған квадрокоптер, басқа да құрылғыларым бар.

- Ол кіріс көзіңіздің табысы  мына жұмысыңызға қарағанда көптеу болып жатса түпкілікті кетіп қалуыңыз мүмкін бе?

- Әзірге ондай ойым жоқ. Бұл дүниелерді мен хобби есебінде жасаймын. Дәл қазір мен үшін кітапхана ісін алға тарту мен кітапханашылар имиджін көтеру бірінші орында тұр.

- Кітапханаға қалай тап болғаныңыз жайлы айтып өтсеңіз...

- Оқуымды бітіріп, алғаш жұмыс іздеп, осы кітапхананың табалдырығын аттаған сәтімде мен небәрі 20 жастағы тәжірибесіз жас маман едім. Ол кезде басшының орынбасары қызметінде Әлия Сәрсенбинова деген кісі отырған болатын. Сол кісіге кіріп, IT маманы болғым келетіндігін айттым. Ол кісі «Дәл қазір бос орын жоқ, ынтаңыз болса, кейін келіңіз» деп шығарып салды. Мен мұны әйтеуір жылы шығарып салудың жолы деп ойлағаным рас. Арада он күн өткен жоқ. Апай өзі хабарласып, жұмысқа шақырды. Осылайша мен ойламаған жерден кітапхана ісіне «топ» ете қалдым. Дәп осы жылы Ұлттық электронды кітапхананың жобасы басталды. БАҚ өкілдері сұхбат алғанда не болмаса кейін жариялаған сәттерінде  «Ұлттық электронды кітапхананың авторы» деп менің есімімді көрсетіп жүр. Кітаптарды алғаш сканерлегенім алғаш рас. Алайда мұның артында талай адамның еңбегі, бастамасы жатыр, мен авторлардың бірімін. Осы апайыма шексіз ризамын. Қазіргі жеткен жетістіктерімнің бастауында осындай кісілердің кеңесі мен көмегі жатыр. Марқұм өте жақсы адам еді.

- Бір кітапты сканерлеуге қанша уақыт кетеді?

- Қазір технология дамыды ғой. Осыдан аз ғана уақыт бұрын бір кітапты бір апта сканерлейтінбіз. Қазір 300-400 беттік кітаптарды 40-45 минут ішінде сканерлеп шығуға болады. Сканерлеп болған соң іс бітпейді. Оны жарық әсерінен қалған дақтардан тазартып барып, электронды оқулыққа айналдырамыз.

- Ал, осындай заманауи құрылғылармен еліміздің басқа өңірлері қамтамасыз етілген бе?

- Еліміздегі 17 аймақтың он шақтысында мұндай жабдықтар бар. Мәселен, Алматының 2-3 кітапханасында бар.

- Базаларыңыздағы электронды кітаптарыңыз жайлы айта кетсеңіз?

- Қазіргі таңда бізде тек қана кітаптар ғана емес түрлі ғылыми зерттеулер, оқулықтар, аудио материалдар, видео материалдар, суреттер бар. Бұның барлығын контент деп атаймыз. 25 мыңға жуық электронды кітабымыз бар. Бұл толық мәтінді кітаптар. Ал қордың жалпы сыйымдылығы – 2,5 млн контент.

- Сіздердің порталдарыңыздағы электронды кітаптарды жүктеп ала аламыз ба?

- Бұл жерде мынадай мәселе бар. Біз әлдебір кітапты электронды нұсқаға айналдырар кезде автормен келісімшарт  жасасамыз. Келісімшарт негізінде «Біз кітабыңыздың электронды нұсқасын жасаймыз. Оқырмандарға жүктеп алуға рұқсат етесіз бе?» деп сұраймыз. Рұқсатын берсе ол кітаптарды жүктеп алу мүмкіндігін қосамыз. Рұқсат бермеген жағдайда біздің порталдан оқи аласыздар. Авторлардың көбі рұқсатын береді. Мемлекеттің қаржыландыруымен шыққан дүниелердің барлығын жүктеп алуға болады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген шаруалар атқарылды ғой. Мәселен, «Бабалар сөзі» жинағының 100 томдығын жүктеп ала аласыз.

- Кітапхана ісінде қандай өзгерістер жасағыңыз келеді?

- Бүкіл Қазақстанның кітапханалары бір бағдарламаға көшсек деген арманым бар. Мысалы әр кітапхананың автоматтандырылған бағдарламасы бар. Өз стандарты, өз форматы болады. УДК, ББК деген ұғымдар бар.  УДКамыз қазіргі, ББКамыз Кеңес заманынан қалған бағдарлама. Сол стандарттарды бір ізділікке түсіргім келеді. Мәселен, сіз бір кітапты іздейсіз. Ортақ жүйе сізге іздеген кітабыңыздың қай қалада, қай кітапханада бар екенін көрсетіп береді. Сіз сол кітапханаға хабарласып, ол кітаптың электронды нұсқасы бар-жоғын анықтап аласыз. Бірақ, бұл бір жылдың жұмысы емес. Егер, біз бұл жүйені іске асырар болсақ кітапхана саласындағы «Бум» болар еді. Мен Ресейде өткен кітапханашылардың бір конференцияда осы ойымды айтқан болатынмын. Сонда ол жақтағылар қызығушылық танытып, «Егер, ойлағандарыңызды іске асыра алсаңыздар ТМД көлеміде бұл жүйеге көшкен ел сіздер болар едіңіздер» деген болатын.

- Бір оқырман карточкасымен еліміздің барлық кітапханасына кіре беру жүйесін іске қосуға болады ма?

- Бұл негізі жоғарыда айтып өткен жобамнан кейін қолға алатын дүниелердің бірі болуы тиіс еді. Бірақ, біз бұл шаруаның негізін бастап та кеттік. Алла сәтін салса 2019-2020 жылы бұл жүйе еніп те қалар. Бірақ, бұл жүйе оқу орындарының кітапханаларында қолданылмайды.

- Порталдарыңызға кіріп көрдім. «Сұрақ-жауап» бөлімінде сұрақтарға жауапты жылдам береді екенсіздер. Жауап берудің белгілі бір уақыт аралығы көрсетілген бе?

-  Сұрақтарға авоматты түрде робот жауап бермейді. Бізде «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімі бар. Сұраққа жауап берген қызметшінің аты-жөні жауаптың астында көрсетіліп отырады. Сіздің сұраған кітабыңыздан бөлек. Сіз қызықтаған сұраққа жауап табылады-ау деген бір-екі кітапты да ұсынулары мүмкін. Біздің база өте үлкен. Сондықтан да қанша тырыссақ та  үнемі жылдам жауап береалмаймыз. Осыны ескеріп жауап беру уақытын бес күнге дейін деп көрсеткен болатынбыз.

- Кейбір кітапханашылар «Білім және Ғылым министрлігіне қарауымыз керек еді» деп айтып қалады. Сіздің ойыңыз?

- Бір қарағанда солай секілді көрінуі мүмкін. Мәселен, елімізде 12 мыңға жуық кітапхана бар болса соның 4 мыңға жуығы Мәдениет және Спорт министрлігіне қарайды. Біз мәдени орын болып есептелінеміз. Себебі, біз ағартушылықпен айналыспаймыз ғой. Біз – дайын өнімді ұсынушымыз. Одан бөлек кітапханаларда түрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. Түрлі кітаптардың таныстырылымдары да бізде өтеді. Ал, оқу орындарының кітапханалары Білім және Ғылым министрлігіне қарайды.

- «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатарына ендіңіз? Бұл сізге не берді?  Өміріңізге қандай өзгеріс енгізді?

- Бұрын еленбей жүрген қарапайым қызметкер едік. Осы жобаның арқасында бізді түрлі телеарналар бағдарламаларына шақырып, газет-журналдар сұхбаттар алуда. Еліміздің әр қаласында суреттеріміз ілініп тұр. Бұрын танымайтын адамдар танып жатады. Көзге ұрып тұрған өзгерістер осы. Ең бастысы, өз ісіңе үлкен жауаптылықпен қарай бастайсың. Бастаған жобаларыңды аяғына дейін тындыруға ұмтыласың. Себебі, әр сұхбат сайын «Біз осылай істегелі жатырмыз» деп жаһанға жар саласың» кейін соның нәтижесін елге көрсетуің керек қой. Оның үстіне біз осы жобаның ең алғашқы қарлығаштарымыз. Сондықтан да бізге артылған жүктің салмағы өте ауыр. Бәлкім, қызығатындар мен қызғанатындар да бар шығар. Адам қызғанғанын білдіре қоймайды ғой.

Бәрінен бұрын әке-шешем қатты қуанып жүр. Әкем «Сен менің атымды жақсы қырыңнан танытып жүрсің» деп ризашылығын білдіріп отырады. Жоба жеңімпаздарының қатарына кіргенімде, ең алғаш сұхбат алушылар «Отбасыңызда кітапханашылар бар ма?» деп сұрайтын. Әкемнің туған әпкесі Фариза Әділханқызы қырық жыл кітапханашы болған адам. Сол кісі «Менің жолымды қуған бауырым» деп үнемі айтып отырады. Анам – дәрігер, әкем – теміржолшы.

- Әке-шешеңіз қазіргі уақытта Семей өңірінде тұра ма? Отбасыңыз, бала-шағаңыз бар болар?

- Сәтін салса шамалы уақыттан соң менің қолыма келмекші. Қазақы дәстүр бойынша ата-ана кіші ұлдың қолында болады ғой. Біз өзіміз екі ұл, бір қызбыз. Алдымда ағам, артымда қарындасым бар.  Әрине, отбасын құрған адаммын. Бір ұл, бір қыздың әкесімін. Бақытты жанұяның біріміз десем артықтық айтпаспын.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Отбасыңызға амандық тілеймін. Қолға алған шаруаларыңыз берекелі болсын!  

Бөлісу: