Кітапхана – руханияттың орталығы. Абыз Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана» деген ұлық сөзінен кітапхананың маңызын түсінуге болады. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханаға арнайы бардық. Онда адамның қарасы қалың. Кітапханаға жан біткендей. Көбісі – жастар. Бүгінде жастар кітап оқымайды деген пікірді жиі естиміз ғой! Егер кітапханаға өздері барса, мұндай пікірді ұстанатындар қате ойдан арылатыны анық.
Әрине, кітапхана ісі ауыр әрі жауапкершілігі мол сала. Оқырман тарту, оларға жағдай жасау ісінде ұйымдастырушыға ерекше қабілет қажет. Біз кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызынан ілкімді істердің сырын сұрадық.
– Үкімет Жарлығымен 24 қазан кітапханашылар күні болып бекітілді? Мерекені қалай атап өттіңіздер?
– Иә, тұңғыш рет кітапханашылар күнін атап өттік. Бұл сала мамандарының жауапкершілігін арттырып, іске сергек қарауына септігін тигізеді. Әрі кітапханашылардың мәртебесін көтеру және қоғамдағы беделін арттыруда өз ықпалын тигізеді. Биылғы атаулы күнді жоғары деңгейде атап өтуге уақыт тығыз болды.
Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен облыстық және аудандық деңгейде бірқатар іс-шара атап өтілді. Ұзақ жылдық еңбек өтілі бар осы саланың қызметкерлері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттармен» марапатталды. Бұл – кітапханашыларға ерекше шабыт берді.
– Кітапхана қоры және оны толықтыру жайында әңгімелеп берсеңіз..
– Ұлттық академиялық кітапхана «электрондық кітапхана» ретінде ашылды. Кейін, қосымша қор пайда болды. Бүгінде 1,5 млн-ға жуық кітап бар, оның ішінде 13 мыңы сирек кездесетін кітаптар.
Кітапхана қорын байытуда ортақ ереже бар. Яғни, барлық баспада жарық көрген кітаптың бір данасы бізге берілуі тиіс. Бұл талап толық жүзеге аспай отыр. Қай баспа қандай кітап шығарып жатқанын біліп отырмыз. Арасында авторлар жаңа кітабын өздері әкеліп тапсырады.
Мемлекеттік жоспар бойынша әлеуметтік маңызы бар кітаптар қорымен толығуда. Оқырмандар сұранысына ие кітаптарды жарыққа шығарып жүрген «Меломен», «Мазмұндама», «Steppe World» сияқты белгілі баспалар бар. Осы тектес баспалармен тікелей жұмыс жасаймыз.
– Биыл ауқымды шаралар өтіп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аталып өтті. Бұл шараларға кітапхананың қосқан үлесі қандай?
– Ұлы ақын-жазушылардың мерейтойын барлық кітапхана атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында жүйелі іс-шаралардың жоспарын бекітіп, әсіресе ағартушының тұлғалық қабілет-қасиетін, адамдық болмыс-бітімін дәріптеуді қолға алып, кітапхана қабырғасында дөңгелек үстелдер, конференция ұйымдастырдық. Жыл аяғында ұлт зиялыларының басын қосып, ауқымды қорытынды жиын өткіземіз.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Юнеско бойынша тойланатын мерейлі күндерден кітапхана қалыс қалған емес.
– Халықаралық деңгейдегі байланыстарыңыз қандай?
– Бізде арнайы халықаралық байланыс бөлімі бар. Қазақстандағы әр елдің елшілігімен, мәдени байланыс бөлімімен өте тығыз байланыстамыз. Әрқайсымен үлкен мерекелік шаралар өтеді. Кеше ғана үнді елінің мәдени байланысымен кітапханада көрме ашылды. Шетел әдебиеті бөлімінде бүкіл елдің орталығы бар. Еуразия кітапханалық ассоциациясына мүшеміз. ТМД, Еуропа елдерімен халықаралық қарым-қатынас орнатқамыз. Екі елдің оқырманы әдебиет пен мәдениеттен сусындай отырып, білім көкжиегін дамытады.
– Кітапханада цифрландыру жүйесі қалай жүзеге асырылуда?
– Ұлттық академиялық кітапханаға арналған тиесілі «Kazneb» жобаcы бар. Қазір бізде цифрландыруға келген кезде авторлық құқық деген үлкен сұрақ туындайды. Жалпы облыс бойынша кітапхананың қоры бірдей. Қазір әр қаланың кітапханасы әртүрлі кітапханалық бағдарламада жұмыс жасайды. Яғни, алда барлық кітапханадағы қорды осы жүйеге енгізу және электрондық каталог құру. Қазір 64 мыңға жуық құжаттың электрондық нұсқасы бар. Ай сайын сегіз жүз, тіпті мыңға дейін құжат жүктеледі. Арасында техникалық қателіктер болуы мүмкін. Бүкіл кітапханалар бірігіп, цифрландыру жұмыстарын жүзеге асыруда. Мұнымен тоқтап қалмаймыз.
– Оқырмандардың сұранысындағы кітаптар қандай және оны қайдан аласыздар?
– Негізінен сұраланатыны – көркем әдебиет. Одан соң, салалық кітаптар сұранысқа ие. Диссертацияның арнайы қоры бар. Біздің кітапхана тарих, саясат, экология, технология сынды барлық саланы қамтиды.
– Қоғамда жастар кітап оқымайды деген пікір басым. Кітап оқу құндылығын жастар арасында дәріптеудің жолы қандай?
– Иә, ондай пікірдің бары рас. Электрондық нұсқада сатып алып оқитын жастардың дені көп. Жастар кітап оқымайды екен деп сылтауратып, қарап отырмау керек. Ол үшін мектеп, отбасы, кітапхана үш тараптан баланың кітапқа деген қызығушылығын ояту керек. Кітапханаға келетін жастардың қарасы қалың. Оқырман клубы және ағылшын тілінде оқитындар үшін арнайы үйірмелер бар. Өз еркімен келіп жатқан жастардың легі басым.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, дамыту ең маңызды міндеттің бірі. Өйткені, кітап құндылығы жастардың ой-өрісін кеңейтіп, пікір-пайымын кемелдендіріп, бәсекеге қабілетті етуде маңызды рөл атқарады. Егер осыны түсінетін болсақ, кітап оқуды мемлекеттік деңгейде насихаттауды түсінер едік.
– Ұлттық кітапхананың тұрақты оқырмандары қанша, кітап қоры қалай?
– Кітапхананың қоры – 1,5 миллион. Ашылғаннан бері тіркелген оқырмандар саны 130 мыңнан асады. Бүгінгі таңда тұрақты оқырман – 50 мыңнан жоғары.
– Кітапхананың қандай авторлық жобалары бар?
– «Бір ел – бір кітап» республикалық жоба жұмыс жасайды. 2007 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жақында «Алқа» деген клуб ашылды. Бұдан бөлек, «Интеллектуалдық клуб» бар. Клуб жобалармен жұмыс істеген ыңғайлы болып отыр. Соның аясында жаңа кітаптардың презентациясы жасалады. Қараша айында мамандық таңдау бойынша түрлі мамандық иелерімен жас оқырманды кездестіру ойда. Мақсат – бойындағы қабілетін ашу. Осылайша, жаңа жобаның тұсауын кесеміз.
– Сіз кітапханаға қандай жаңашылдық және жаңалық алып келдіңіз?
– Кітапханадағы жаңашылдыққа келетін болсақ, дәстүрлі кітапхананы, оқырмандардың келуін сақтауды жоғалтпауымыз керек. Цифрландыру, автоматтандыру кітапханың жұмысын жеңілдетуге жұмыс істеуі керек. Бірақ кітапхана қазір қоғамдық даму орталығы, әлеуметтік институт, шығармашылық алаң болғасын, бүкіл мәдени ортаның тоғысуынан тұрады. Яғни, шығармашылық жұмыстар, кездесулер өте көп. Қанша жерден жаһанданып кетсек те, айналып келген кезде кітапхананың басты жұмыс істейтін бағыты – оқырман. Оларға жағдай жасау, оқырманды жоғалтпау, санын көбейту маңызды міндет. Біздегі болып жатқан жаңашылдықтың бәрі осыған бағытталады.
Биыл «Кітап тайм» республикалық жобасын бастадық. Бұған сұраныс та баршылық. Бір мезетте, барлық облыс, аудан, ауылда 80-ге жуық кітапхана осы фетивальді өткізді. Әлі де жалғасын табады. Фестивальге қала жұртының, оқырмандардың сұранысы басым. Сол себепті, жылына екі рет өткіземіз деген ойдамыз. Алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жобалар бар. Ашық әдеби лекциялар YouTube, подкаст, TEDx мамандық таңдау жобалары мен тіл үйрену курстары және тағы басқалар қолға алынуда.
Көп оқырмандар кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейтіні белгілі. Оқырмандарға ыңғайлы болу үшін жұмыс уақытын 20.00-ге дейін ұзарттық. Бұл – шығармашылық ізденістегі мамандарға, мұғалімдерге, студенттерге қолайлы деп ойлаймыз.
– Алдағы жоспармен бөлісе кетсеңіз?
– Алда жоспар өте көп. «Бір қала – бір кітап» республикалық жобаны жаңа жылдан бастаймыз. «Бір ел – бір кітап» әріқарай жалғасын табады. Арнайы білім алатын студенттерге арналған интеллектуладық жоба, жас кітапханашы мамандарға арнайы шеберлік сағаттар өткізу, кітап клубтарын түрлі бағытта кеңейту ойда бар. «Отбасы» ұлттық жобасын қолға алмақпыз. «Жыл таңдауы» бойынша оқырмандардың таңдауымен авторларды жыл соңында қорытындылап, арнайы оқырмандармен жүздестіру. Осы сияқты түрлі бағыттағы жобалармен кітапхана қорын көбейтеміз. Әлі де халықаралық байланыс орнату, бұл бағытта көрмелер ұйымдастыру. Сирек қорды толықтыруды назарда ұстаймыз.
Шетелде елімізге жетпей жатқан құнды құжаттарды қайтару бойынша жұмыстар істелуде. Құжаттардың алғашқы легі де келу үстінде. Барлық елшіліктің мәдени бөлімімен байланысқан кезде, ең бірінші айтатыным, ол жақта да қазақ кітаптарының қорын көбейтіп, сирек қордағы елге, жерге қатысты дүниелердің электронды нұсқасын алдыру.
– Толымды сұхбатыңызға рақмет!