19 Желтоқсан 2014, 12:38
Айгүл Мукей, «Астана ЭКСПО 2017» ҰК баспасөз хатшысы:
.... Кітап оқудың бала тәрбиесіндегі рөлі өте маңызды. Біз 4-5 жастан бастап оқысақ, бүгінгі балаларды одан да ерте, 2 жастан бастап оқуға баули беру керек.
Баланы ауыр дүниелерді оқуға итермелеген жөн, бірінші сыныптқа енді барған балаға «Соғыс және бейбітшілік» немесе «Абай жолын» оқы деп айту дұрыс емес. Оның сол кездегі образына сай келетін кітаптар қажет.
Кейде маған: Біз Сізді бала кезімізде көріп тұратынбыз, сіз секілді болғымыз келетін – деп айтып жатады. Ал мен болсам, олардың кітаптағы кейіпкерлерге еліктегенін қалаймын.
Саясат Нұрбек, «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры:
... Қазір кітап оқуға уақыт көп жете бермейді. Бұрын өзімді кітапсыз елестете алмайтынмын.
Кітап оқудың әртүрлі техникалары бар дейді. Тез оқу, сағатына осыншама сөз оқу деген секілді. Меніңше кітап оқығанда ең бастысы түсініп оқу керек. Кітап авторы сізден әлдеқайда тәжірибелі, ақылды адам болуы мүмкін. Сіз сол автордың кітабын оқу арқылы автормен бірге ой түйіп, бірге толғануыңыз керек. Кітап дегеніміз – тез оқып, жылдам ақпарат алатын құрал емес. Кітап деген – сіздің ойлануыңызға себепші болуы тиіс. Сіз сол кітапты оқып болған соң әсерге бөленіп, қиялдануыңызға болады. Мен бұл жерде көркем әдебиет туралы айтып отырмын, ал салалық кітаптарды тез оқып та түсінуге болады. Қажет жеріңізді парақтап, түсінбей қалған жеріңізді қайталап оқуға да болады. Ал, өзімнің кітап оқу әдісіме келсем, алдымен тез-тез оқып шығамын. Сосын өзіме ұнаған тұсын қайталап оқимын.
Тамақты тез жесеңіз, оның дәмін сезбеуіңіз де мүмкін. Сондықтан кітап оқуда асықпау қажет.
Бала кезімізде, жас кезімізде қолымызға түскен кітаптарды алып оқи бердік. Қазір «Сіз оқуға тиіс 100 кітап» деген сыңайда әртүрлі рейтингтер бар. Мен бала кезімнен көп кітап оқыған адамммын. Қазір қарап отырсам аталған кітаптардың барлығын дерлік оқып шыққан екем. Бірақ, сол кітаптарды қайта оқып жүрмін. Себебі, адам кейбір кітаптарды жас шамасына байланысты әртүрлі қабылдайды.
Қазіргі жастарды классикалық әдебиетті оқуға шақырамын. Өйткені, классикалық әдебиетті қарапайым дүниелермен барлығын қамтиды. Достық, адалдық, мейірім сияқты өзіміз үшін құнды дүниелер айтылады. Әрі оны оқыған адам да адаспайды. Сосын барып әртүрлі жанрдағы әдебиеттерді оқи беруге болады. Әдебиетке деген көзқарасыңыз қалыптасып үлгерген соң адам өз таңдауын жасайды.
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин:
...Аптасына міндетті түрде бір кітап оқып шығамын.
.Балаларды әдебиеттің құнарын пайдалана отырып тәрбие беру керек.
Әзірлеген: Досжан Мейірбек