30 Маусым 2014, 05:07
Кітап оқымаған, я оқығысы келмейтін өзінің арғы-бергі тарихынан мүлдем бейхабар жан. Ондай адамдар еліміздің еңселі болып қалыптасуында өз зиянын тигізуі әбден мүмкін. Өйткені кітап – біздің ұлттық құндылығымыз. Ұлттық құндылығымызды қасиетіне жетпеген әрбір жан ертең ұлтымыздың жанашыры болмақ түгілі, өз ұлтын ұмытатын болады. Кітаптан алар мәліметті интернеттен қарағанда әлдеқайда жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда, компьютердің кереметтері кітаптың орнын ешқашанда баса алмайды.
«Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деп Л.Н. Толстой айтқандай, кітап – үлкен әңгіме шебері. Кейбір қиындықтарда сізге үлкен кісінің айтар ақылы қажет болады. Ал кітап сізге сол ақылды шебер әңгімемен өнеге қылып ұсынады. Кітапты әңгіменің шебері ғана деп ойламаңыз, бар ғылым-білім кітапта тұнып жатыр. Сізге қызық әлемнің кереметтерін интернеттен қарағаннан гөрі, кітаптан оқысаңыз әлдеқайда есіңізде жақсы қалады. «Мәдениетті адам болып тәрбиеленуге екі құдіретті күш әсер етеді – көркем өнер мен ғылым. Бұл екеуіне де кітап бетінен дидарласасың» – деп ой түйеді М. Горкий. Өркениетті елдер қатарына қосылуда, еліміздің әрбір перзенті сауатты болуға міндетті. Ал сауатты болу үшін кітаппен дос болуымыз үлкен септігін тигізері хақ. Жоғарыда мәдениеттіліктің кілті кітапта екенін айтқан М. Горкий минутына төрт мың сөз оқыған екен деседі. Ал атақты жазушы, кітаптанушы Н.А. Рубакин өмірінде екі жүз елу мың кітап оқып шыққан, танымал француз жазушысы Бальзак жарты сағаттың ішінде екі жүз беттік романды оқып шығатын болған деген деректер бар. Кітап оқуды жылдамдыққа салып оқудан бұрын, оны түсініп, түйсініп оқығаныңыз абзал.
Кітап адамды ізгілік пен ізеттілікке, адамгершілікке баулиды, теріс ойдан, жан баласына жат қылықтардан ада қылады. Кітапты жаныңызға серік етсеңіз, бұл өмірде ұтылғаннан гөрі ұтатын жақтарыңыз көп боларына сенімім мол.