Кітап – материалдық және рухани асыл қазына

30 Маусым 2020, 22:10 17756

Еліміздегі кітаптарды жарнамалау және тарату ісі

Республиканың кітап ісі ұлттық мәдени мұраның сақталуы мен дамуына үлес қосуы, ұлттық интеллектуальды деңгейін дамытуға ықпал етуі тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан меемлекеттің жаңа саяси бағытында» қойылған мақсаттардың бірі болып табылады.

Баспа өнімдерін жарнамалау және таратумен айналысу – қазіргі замандағы ең өзекті проблемалардың бірі. Баспа өнімдерін жарнамалау – кез-келген баспаның өнімін өткізуде тұтынушыларға кітап дүкендеріне кітаптардың қажетті мөлшері жеткізілгендігі жөнінде мағлұмат беру. Осы тұрғыдан келгенде әр баспа өз өнімін тауар ретінде сатып алушыларға өткізу үшін алдымен кітапты оқитын ортаны, олардың жынысын, жасын, талғамын, олардың білім дәрежесін зерттеуі керек. Бұл тәсіл – қазіргі уақыттағы баспалардың нарықта өз орнын табуда маңызды қағидалардың бірі болып есептеледі. Демек, әр баспа кітапты шығарар алдында нарықты, кітаптың оқырмандарын, аудиториясын жан-жақты зертеп, анықтап алуы керек.


Негізі, жарнама мен тарату жұмыстарын көп адамдар дұрыс түсіне бермейтін салалардың бірі болып табылады. Дегенмен де, бүгінгі нарық уақытында сатылымға негізделген әрбір дүниенің маркетингпен яғни алдымен жарнамалаумен кейін таратумен тікелей байланысты болуы заңды құбылысқа айналып кетті. Жалпы, «Жарнама – жарнама берушілердің бәсекелесінде жалпылама коммуникацияның ерекше оймағы. Жарнама берушінің маркетингтік сұрақтарын шешуде елеулі орын алады. Ол нарықта ерекшеленіп, маркетингтік коммуникацияның бөлігі болып табылады». Расында да, жарнамалайтын өнімнің тауарлық ерекшеліктерін де білу қажет. Баспа өнімдерін саудалаудың жаңа тәсілдерінің көп болуы және сатып алушыларға ақпараттың объективтілігі аса үлкен мән берудің маңыздылығын да атап өту қажет.

Ал, баспа өнімдерін тарату дегеніміз не? Кітап өнімдерін сатып алушыларға дейін жеткізу болып табылады. Мұнымен баспагерлермен қоса кітап саудасының ұйымдары, кітапханалар да айналысады. Еліміздегі кітап таратудың басты ерекшелігі деп кітап бизнесінде Ресейдің кітап өнімдерінің аса көп болуын айтуға болады.

Негізінен алғанда тарату – баспа өнімін дайындак мен шығару процесінің ең ақырғы кезеңі болып табылады. Қызықты да сапалы, әсем де мазмұнды кітап шығаруға болады. Алайда, ол жан-жаққа таралмай қалса, оны дайындау мен баспаға басуға кеткен күш босқа кетеді. Бұл орайда тарату стратегиясына көңіл бөлу маңызды. Тарату стратегиясы кез-келген баспаның мақсаттары мен оның жолдарын анықтайды. Мақсаты – басылымның таралымын толық өткізу және нәтижесінде үлкен табыс алу. Таратудың жемісті стратегиясын жасау басылым өнімін толық өткізу жоспарына байланысты. Ең алдымен, дұрыс жүргізілген маркетингтік зерттеу өнімнің таралымы мен өткізу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Тарату стратегиясы сондай-ақ, баға саясатына да байланысты болады.

Тарату стратегиясы анықталғаннан кейін оның тактикасы жасалады. Бұл өнімді тарату әдістерін таңдау және соған байланысты тиімді өткізу деген сөз. Дәл қазіргі уақытта баспа өнімдері тұтынушыға әртүрлі жолдармен жетеді. Егер баспа кітап дүкендерімен тікелей байланысты болса, онда кітапты сатып алушыға жету жолы да қысқа болады. Алайда, көп жағдайда кітаптардың үлкен бөлігі дүкендерге көтерме сатумен айналысатын кәсіпорындар арқылы жеткізіледі.

Танымал ағылшын ақыны Уильям Шекспирдің «Кітап мен үшін тақтан да қымбат» атты керемет нақыл сөзі бар. Шыныменде, қазіргі нанотехнология дәуірінде ақпараттық технологиялар бір орында тұрмай, күн сайын, жыл сайын жаңартылып, дамуының нәтижесінде адам жанының қорғаны тек қана асыл кітап болып қалмақ. Алайда бүгінгі күнде электронды кітаптардың көз ілеспес қарқынмен дамуының кесірінен баспа кітаптарының хал-ахуалы біраз әлсіреп қалғаны бәрімізге аян. Өйткені, тұрғындардың сұранысы заман ағынымен бірге өзгеріп отыратыны анық. Дегенмен, адам денсаулығына еш зиянын тигізбей, адам жанын рухани тұрғыда азықтандыратын, қоректендіретін баспа кітабынан әлемдік технологияның отаны саналатын Жапон елінің дамытып жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды.

Бүгінде елімізде бас-аяғы 282 баспа үйі мен баспахана жұмыс істейді. Олардың ішінде 142 әмбебап баспа, 60-қа жуығы университеттердің баспалары, 20 ғылыми-зерттеу мекемелері мен 14 қоғамдық ұйымдар баспалары жұмыс істеуде. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыспен басылып шыққан баспа өнімінің жалпы саны – 432   кітап болса, оның 10,8 пайызы – саяси әдебиеттер болып табылады.

Елімізде кітап шығару ісі қазірде өндірістік сала ретінде жаңадан қалыптасып келеді. Соған сәйкес кез-келген баспа нарықта өзінің орнын тауып қана қоймай, өнімін ұтымды және жоғары бағаға сата білуі қажет. Рухани құндылығымыз кітапты барынша пайдалы сату, тек материалдық тұрғыдан ғана ел игілігіне пайда тигізіп қана қоймай, қоғамның кітап оқуға деген талпынысына дәнекер болады. Олай деп отырғанымыз, қызмет жасап жатқан баспалар тұтынушы талғамына жауап беріп, көңілінен шығатын ұсыныс жасай білетін болса, сұраныс міндетті түрде артады. Қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығы да оянбақ.

Кітап басып шығару ісі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа нарықтық заманға бейімделе алмай тоқырауды басынан кешірді. Ең ауыр кезең – 90 жылдардың ортасы мен екінші жартысы саналды. Өйткені, бұл кезде халықтың әл-ауқаты төмендеп кетті. Нарыққа өткен соң қарны ашқан жұрт ең әуелі кітаптан үнемдеді, руханият мәселесі екінші орында тұрды. Өтпелі кезең өтіп, әлеуметтік мәселелер шешіле бастағанда қайтадан кітапқа, мәдениетке бетбұрыс жасала бастады. Дегенмен, кітаптан үнемдеп үйреніп қалған халық сол әдетін әлі де қойған жоқ.

Нарық заманында қазақ баспасы маркетингтік саламен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Себебі, көш кетеді, заман өзгереді. Қазірдің өзінде жүз жылдық тарихы бар құрметті баспа үйлерімен қоса тәуелсіздікпен бірге гүлденген жас баспа үйлері де кітап бизнесінің бәсекелестігіне білек сыбана кірісіп кеткен.

Кітап дүкендеріндегі кез-келген кітап, ең алдымен сыртқы көркімен көз тартады. Әсем безендірілген кітап оқырманын шақырып тұрса, ал талғамсыз әсемденген баспа өнімі оқырманды өзінен бездіреді. Алайда сөрелердегі кітаптың барлығы дер кезінде өз оқырманын табу үшін баспа қызметкерлері атқаратын басты әрі маңызды іс бар. Бұл – маркетинг мәселесі. Осы жөнінде кейбір мамандар «Жақсы тауар жарнамасыз-ақ өтеді» деген тұжырымға келеді. Алайда тауардың қанша жерден сапалы болғанымен жұртқа жарнамаланбаса одан ешқандай пайда болмайды. Яғни қандай да болсын затты сатпас бұрын ол жайында халыққа дұрыс әрі нақты ақпарат беру қажет. Бұл қызметті жарнама атқарады.

Жарнама латынның сөзі. Қазақша баламасы "айқайлау". Ерте замандар-да Римде, Грецияда сатушылар базарларда тауарларды қатты айғайлап, мақта-ған. Жарнама жұртқа белгілі бір тауар жөнінде ақпарат беру құралы деуге болады. Қазіргі кезде жарнама өміріміздің бір бейнесіне айналды десек қателеспегеніміз. Ал кітап жарнамасына келер болсақ, оған ерекше ынтамен, мақсатпен қараған жөн. Яғни жарнама мәтініне, оның суреті мен жазуының түсіне аса үлкен жауапкершілікпен қарау қажет.

Жарнама саласындағы тәжірибелі маман Дейвид Огилви егер кімде-кім көшелерден өзіне ұнаған жарнама туралы баяндаса, ондай жарнамадан ешқандай пайда болмайды деген қортындыға келген. Себебі жарнаманы көрген кез-келген адам жарнама жайында емес, жарнамаланған зат туралы білуі керек деп ой түйген.

Ал жұртқа жарнамалайтын тауардың сапасы, дизайны талапқа сай болуы шарт. Бұл сондай-ақ кітап жарнамасына да қатысты. Сондықтан басылымды жарнамаламас бұрын оның әсемдігіне баса назар аударуымыз керек.

Баспадан басылып шыққан кез-келген басылымды жарнамалаудан бұрын оның сыртқы және ішкі безендірілуіне баса назар аударған жөн. Егерде кітаптын мазмұны сапалы әрі қызықты, сөзі көркем әрі қарапайым болғанымен безендірілуі нашар кітап ешқашан да өтімді болмайды. Болашақ кітаптың жұмысына баспадағы әдеби, көркем және техникалық редактор үш жақтан тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегенде ғана, кітап өз оқырманын табады.

«Қандай кітап болсын, ол алдымен сыртқы көркімен көз тартады. Әсем безендірілген кітап «мен мұндалап», оқырманын шақырып тұрса, талғамсыз көркемделген басылым бір көргенде-ақ көңілге олқы соғып, оқырманды, өзінен бездіреді. Бірақ айшықты сәннің де өз шегі, мағыналық сапасын ескермесе болмайды. Ұлт келешегі ертеңгі ұрпақтың мәдениеті ұлттық тұрғыдағы сапалы да көркем, әдемі де әсерлі кітаптармен байланысты. Сондықтан да Қазақстан мемлекетінің жан-жақты дамуы мен қалыптасуы, кітап мәдениетінің, оның безендірілу мәнісінің одан әрі қанат жайып өркендеуіне жол ашты. Баспагерлік әдеп, авторлық және басқа құқықтардың сақталуын қадағалау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлттық мәдени көркемдігі нашар мазмұны әлжуаз шығармаларды талқылап, кәсіби маман тұрғысынан жіліктеп сынап жазылса, кітап шығарғыш кісілердің санасына сәуле түсер еді». «Сын түзелмей мін түзелмес» демекші, болашақ кітаптың шығарылу процесін жіті тексеріп, дұрыс-бұрыстығын рет-ретімен жазып, көрсетіп қана қоймай, қателігімізбен жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана өскелең ұрпақты сырты сапалы, ойы жүйеленген, идеясы мазмұнына сай оқулықтармен сусындатамыз. Келешек ұрпаққа әсем безендірілген, дизайны дес бермес шетелдік кітаптардан гөрі төл әдебиеттерімізбен сусындатсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Кез келген баспа кітап басылымдарын полиграфиялық типке де бөлетінін ескерте кетейік. Яғни брошюра, жұқа және сырты иллюстрацияланбаған қатты мұқабадағы кітаптар, ортасынан тігілген қара-ақ кітап дәптерлер немесе иллюстрацияланған, фронтисписте кітап авторының суреті орналастырылған және т.б.

Полиграфиялық өңдеу кезінде алдымен қандай жағдайларға назар аударған жөн? Көбінесе материалдың жанрымен мәтіннің көлеміне, шығарма мен автордың танымалдылығына, иллюстрацияның жоғары деңгейде әрі сапалы безендірілуіне сонымен қоса ең бастысы – адрестқа яғни жарыққа шығатын аудиторияның қай түріне арналғанын көрсету керек.

Оқырмандардың әр түрлі категориясында (нақтырақ айтсақ сатып алушылар) кітапты сатып алуда әр түрлі критерийлері болуы мүмкін. Мәселен, кітап авторы, тақырыптың көкейкестілігі, полиграфиялық өңделудің сапалылығы, тираж саны, бағасы және кітаптың форматы, салмағы және шрифтілердің анық болуы және т.б. Әр түрлі жанрларға сатып алушылардың түрлі талаптары болады. Сұраныстардың әртүрлілігіне қарай нарықта полиграфиялық өңделудің негізгі базалық типтері қалыптасады. Ең көп сұранысқа ие көркем әдебиеттер орташа форматтармен төмен сортты газеттің қағаздармен жарыққа шығады. Бұл басылымдардың оқырмандарына маңыздысы автордың аты-жөні, бағасы, мұқаба безендірілуінің сапалылығы.

«Қарапайым бір парағының өзі адамды қанағаттандыра алмаған кітап өнер туындысы болып табылмайды». Қазіргі бәсеке заманында кез-келген кәсіпкер кітап шығара алады, бірақ олардың ішінде сапалы әрі оқырманға қажет дүниені басып шығаратын баспалардың саны саусақпен санарлық екені бәрімізге аян.

Коммерциялық кітап басылымдарының полиграфиялық өнделуі тікелей жобаның бюджетіне байланысты болып келеді. Ірі баспалар кітап шығаруда көптеген қосымша қаржы шығындауларына әбден болады.Бірақ та ол кейін жұмсалған шығынды ақтай ма? Нарыққа кітаптың бағасын неше есеге қымбаттады? Сатып алушы кітаптың «қосымша артықшылықтарын» бағалайды ма? Мұндай кезде тіпті кітапты жарнамалаумен айналысатын пияр-менеджерлердің өздері де мойындарына үлкен жауапкершілікті алудан бастартады.

Айта кететін бір жәйт, мазмұнның сапалылығы мен полиграфиялық өңдеудің арасында ешқандай да байланыс болмаған әрі қазірде жоқ. Алдағы уақытта да болмайды. Әлемдік классиктердің керемет туындылары әрқашан арнайы «халық үшін» арзан басылымдармен шығарылған.

Ал тапсырыс қабылдаушылар кітаптың танымал болуына ең бастысы ақшаның ғана рөл ойнамайтынын білуі шарт. Оқырманды бірден жаулап алатын ерекше тауар жасау үшін көп қаражат қана емес, бұған қоса қажырлы еңбек, көп уақыт, шығармашылық потенциал және тәжірибелі маман ең бастысы шабыт қажет.

Қолжазбаның баспа шығармасына айналып, көп тиражбен шығуы нәтижесінде кітап басылымы дүниеге келеді.

Баспадан шыққан кітап енді авторға ғана емес, сонымен қоса барлық жұртқа танымал болады. Сөйтіп кітап жеке санадан қоғамдық санаға айналатын құрал дәрежесіне ие болады.

Кітап басылым дегеніміз бұл кітаптың дәл өзі. Бұл жөнінде мынандай анықтама беріп кетсек, артық болмас.

«Кітап – араб тілінде жазба, түрік тілінде дәптер деген сөз. Әр дәптер бір баспа табақтан (16 бет) деп есептегенде, ЮНЕСКО белгілеген норматив бойынша кітап көлемі үш баспа табақтан көп болмаса, кем болмауға тиіс» .

Болашақ кітаптың негізгі параметрлері яғни формат, полиграфиялық өңдеу, басылымның тиражын басып шығаратын полиграфиялық базасын анықтап алған соң көркемдік редактор немесе дизайнер макеттің ішкі безендірілуіне кіріседі. Бұл кезеңде оған жұмыс мазмұнынына сүйене отырып, макеттің версткасының маңызды структуралық элементтерін құрастырып шығуы қажет. Кітаптын ішкі безендірілуіне мыналар жатады: мұқаба, авантитул, форзац, фронтиспис, титульды бет, шмуцтитул, шрифт, иллюстрация, мәтін, кітап аппараты, қосымша анықтамалық элементтер және т.б.

«Мұқабадағы безендірілу атынан көрініп тұрғандай, кітаптың сыртында, шығарманы толық мазмұндауы үшін қолданылады. Мұнда кітаптан мағыналы эпизод, кейіпкердің портреті немесе оқиға болған жер көрсетіледі. Кітаптың мұқабасын жасау бұл кітапты бұзылудан сақтау және оның мазмұнын, негізгі идеясын, басып шығарған баспаның тегін білдіру, тіпті кітапты шығарған ұйым туралы мәлімет беру болып табылады. Кітаптың мұқабасын дайындағанда суретші алдымен жалпы композицияға безендірілудің тигізетін әсерін ашып алуы тиіс». Басты назарда ұстайтын екі принцип бар. Оның біреуі кітаптың тақырыбы, автордың аты-жөні және баспаның маркасы және екіншісі қаріптік элементтер басым болады ал сурет керісінше оған тәуелді болып келеді.

Қазіргі кезде баспадағы мамандар кітаптың сыртқы мұқабасын безендіруге көп көңіл бөледі. Өйткені бұған себеп кітап сатып алушылар алдымен сыртқы бет-пішініне, безендірілу деңгейіне үлкен мән береді.

Қағазорам (обложка) мұқабаны (переплет) кірлеуден сақтайды. Бұл мұқабаға жабыстырылады. Заман талабына сай көркемдік жағынан безендірілген мұқаба кітаптың сұранысын арттырып, танымал етеді. Сондай-ақ қағазорам кітап жарнамасына да көптеп қолданылады.

Мұқаба мен қағазорам кітапты сақтап қана қоймай, сонымен қоса сыртқы бейнесін безендіруде маңызды рөл ойнайды. Олар оқырмандға ақпараттық функция жөнінен хабардар етеді. Мұқаба мен қағазорамды безендірудің 3 түрі бар. Олар: 1)қаріптік, 2)декоративтік, 3)сюжетті-тақырыптық.

1)Қаріптік безендіру типі – ең көп таралған түр. Бұл барлық басылымдарда қолданылады және мұқабада кітап авторы және тақырыбы жазылады.

2)Декоративтік безендіру көбінесе ою-өрнектермен және ұлттық нақыштағы өнермен етене жақын. Мұндай қазақи нақыштағы стильмен көркемдік редакторлар әсіресе төл әдебиетімізді (антология, ертегі, эпостық жырлар) безендіруде көп пайдаланады.

3)Сюжетті-тақырыптық безендіру кітап мазмұнымен ұқсас сюжетті иллюстрациялар немесе кітаптағы арнайы мәтіндердің астына орналастырылатын иллюстрацияларды жатқызамыз. Мұндай безендіруді көп уақытта көркем және балалар әдебиеттерінен жиі кездестіреміз.

Мәтін автордың айтар ойының мазмұнын жеткізетін кітаптың маңызды бір бөлігі болып есептеледі. Баспаға теруге байланысты кітап мәтіні екі категорияға бөлінеді: қарапайым және күрделі.

Көп жағдайда кітаптың алғашқы беті титульды беттен басталмағаны дұрыс. Авантитул – бұл өз кезегінде кітаптың беташары десек те болады, мұнда оқырман кітаптың қысқаша мазмұнымен жақынырақ танысады. Авантитулде ақпараттын ықшамдалған түрі беріледі. Мәселен, қысқа тақырыпшалар, кітап сериясының атауы, логотип не болмаса баспаның суреті.

Кітап мұқабасын ашқан кезде оған бір жақ беті жабыстырылған, ал екіншісі бос қалыңдау бетті кезіктіретініміз анық. Мұны форзац дейді. Оқырман форзацты алғашқы бетте жолықтырады. Бұл өз кезегінде көркемдік алғысөз. Форзац бояусыз тек ақ болуы мүмкін. Сондай-ақ форзацта орнаменттік композициялар, түрлі иллюстрациялар мен анықтамалық мәтіндер де безендіріледі. Мұның форматы баспадан басып шығарылатын кітаптың көлеміне байланысты болып келеді.

Кез келген кітап басылымы заман талабына сай безендірілуі үшін алдымен мұқаба, қағазорам және форзац үшеуінде үйлесімділік болу керек. Әрине түсіне, безендірілу типіне, әр түрлі элементтердің композициясына байланысты мұқабаны да безендіруге болады.

Фронтиспис титульды бетке жапсарлас келесі парағында орналасады. Дәстүр бойынша мұнда кітап авторының суреті қойылады ал егерде ол болмаса қолжазбаға сәйкестендіріп иллюстрациялық үзінділер беріледі. Француз тілінен енген сөз. Қазақша «маңдайша» деп аталады. Сондай-ақ дизайнердің өзі салған графикалық суреттер де жатады. Қолжазбада фронтиспис титульды парақтан кейін екінші бетте тұрады. Кейде ерекше үлгідегі қағазға басылып, кітаптын бірінші бетіне жабыстырылуы бек мүмкін.

Көбінесе титульды бет басылымның үшінші бағанасында болады. Алайда кей-кезде екінші және ішінші беттерге де орналастырады.

«Титулдық бет – кітап туралы мәліметтердің негізгі жинақталған жері. Титулдық бет арқылы нақты кітап туралы түсінік қалыптасады. Халықаралық және мемлекеттік библиография жүргізу ережелеріне сәйкес, мәліметтер осы титулдық беттен алынып, мемлекеттік библиографиялық жүйесі және кітап тарату мекемелері мен кітапханаларда басылым туралы ақпарат береді». Оқырман кітапты қолына алған кезде алдымен осы титулдық бетімен танысады. Яғни кітап мазмұны жайында қысқаша аннотацияға көз жүгіртеді.

Титульды бетте немесе титулда басылымның библиографиялық анықтамалықтарын көруге болады. Яғни кітаптың тақырыбы, автордың тегі, баспаның атауы, мекен-жайы және басылып шыққан жылы, сериялық басылымдардың халықаралық стандартты нөмірі (ISSN) жазылады. Бұл мағлұматтарды беруіне қарай қысқа немесе көлемі ұзақ болуы мүмкін.

Титульды бетті заман талабына сай безендіру кітапты әрлеуде үлкен рөл ойнайды. Негізгі талап – кітап жайында оқырманға қысқа да нұсқа ақпар беру болып табылады. Көп жағдайда кітаптың болашақ оқырманы алдымен кітаптың тақырыбына ал кейін басқа да детальдарына назар аударады.

Сондай-ақ титульды бетке басылымның соңғы бетіндегі кітап аппараты да жатады. Мұнда кітапқа қатысты мынандай ақпараттар жазылуы керек: автордың толық аты-жөні, кітап атауы, басылып шыққан мекен-жай, баспаның аты, басылым жылы,бет саны, әдеби, көркемдік, техникалыө редакторлардың және түзетушінің аты-жөні, теруге, басуға жіберілген уақыт, формат, көлем, баға, баспаның сериялық және тапсырыс нөмірі, индекс,баспахананың мекен-жайы. Мұндай анықтамалықтар библиографтарға, кітапханашыларға, баспа мен кітап саудалайтын адамдарға өте қажет. Олар мұны тіркеп, баспаның жұмысын бақылау үшін пайдаланбақ.

Кітапты безендіруде тіпті кішкентай детальдардың да өз орнымен қолданатын орындары болады. Басылымның структурасы қиын болған сайын оның жоспарлық көркемдік безендірілуі де өте көп еңбекті қажет етеді. Жеке бөлімдердің алма-кезек бірізділігін сақтау, материалдың авторлары жайында қысқаша мағлұмат, басылымның аппарат композициясы – бұның барлығы мазмұнда анық көрсетілуі абзал.

Кітап аппаратын безендіруде – кітап авторы және тақырыбы жөнінде жалпы ақпараттар, қолжазбаны дайындауға атсалысқан құрастырушылар, басылымның техникалық параметрлері және жүздеген данамен шыққан баспа туралы ақпараттар беріледі.

Шмуцтитул – кітап аппаратын безендіруде ерекше бет болып саналады. Кейде шмуцтитулмен басылымның үлкен бөлімдері ашылады. Көп жағдайда шмуцтитулге бөлімдердің тақырыпшалары мен эпиграфтар да жазылады. Шмуцтитулдың композияциясына суреттер мен декорациялық рамкалар да орналастыру кіреді.

Кітап дүкеніне кітап алу үшін келген оқырманның көзі алдымен кітаптың тақырыбына көзі түсетіні айқын. Сондықтан оқулықтардың жанрына қарай, оқырманның жас ерекшелігіне қарай қаріп түрін таңдауды қажет етеді. Мәселен, ересектерге арналған мәтінді кішілеу, ал балаларға арналған мәтінді үлкендеу қаріппен жазған дұрыс.

«Әр кітаптың өзіне лайық оқырманы болады. Егер жарыққа шыққан жаңа кітап оқырманның жүрегіне жол тапса – мақсаттың жүзеге асқаны». Шығарманың жазу тілі, жанры, стилі, мазмұны мен безендіру сапасы өз оқырманының білім дәрежесіне лайық болғаны тиіс. Мәселен, көпшілікке арналған оқулықтар шамадан тыс кесте, цифр материалдарының көптеп беруілуі оқырманның қызығушылығын төмендетпесе, арттырмайды. Сонлықтан баспа қызметкерлері болашақ кітаптын ұсақ детальдарына дейін ойластыруымен де жұмыс істеуі керек. Сонда ғана баспадан шыққан кітаптарды шаң басқан архивтерден емес, оқырманның кітап сөрелерінен кездестіретініміз анық.

Қаріптер (шрифтер) – кітаптың басты фундаменті болып есептеледі. Оның түр-түрі бар – ірі, ұсақ, жалпақ, жіңішке.

Баспада қолжазбаны теруге келген уақытта қаріп түріне (шрифт) қатысты түрлі пікірлер туындайды. Көптеген авторлар кітапта мәтінді үлкен қаріппен, ал ендібіреулер ұсақ қаріппен жазғанды қалайды. Осындай дау-дамай кезінде мамандар қандай кеңес айтады?

Мәселен, белгілі зерттеуші-ғалым Тұрлыбек Мәмесейіт, кітап мәтінің терерде жас ерекшелігіне және саласына қарай бөлген жөн деген тоқтамға келген. «Ересектер үшін ең қолайлысы 10-11 пункттік қаріп болса, мамандарға қолайлысы 9-пункттік қаріп, Күрделі, көп оқуға арналмаған кітаптардың (энциклопедия, сөздік, кейбір анықтамалық) мәтінін теруге ұнамдысы – 8 пункттік қаріп. Ал балаларға арналған кітаптардың қаріптік өлшемдеріне айрықша жауапты қарау керек. Жаңа оқи бастаған балаларға қолайлы кегльдер – 24, 20, 16, 14 пунктік қаріптер. Бірінші сыныпқа арналған оқулықтардың қаріп өлшемінің ең кемі 16, ал 2-5 сыныптар үшін 12-14 пункттер». Негізі кітапты неғұрлым сапалы әрі заман талабына сай ету үшін кейбір баспагерлер шамадан тыс кітаптың сыртынан бастап соңғы кітап аппаратына дейін безендіріп тастайды. Ал бұл өз кезегінде көзге салмақ түсіріп қана қоймай және оқырманның қызығушылығын төмендетеді. Бастысы негізгі жәйттерді курсивпен, қалың қаріппен, не сирету әдісін қолданса да жетіп жатыр.

Барлық қаріптерге қойылатын басты талап бұл оқуға ыңғайлы болу. Бұған қоса кітап парағының түсімен үйлесуі шарт.

Бүкіл мемлекетте қаріптердің жаңа түрін ойластыру мәселесі ұдайы жатқаны бәрімізге белгілі. Суретші Г.А.Банникова «Банниковский» қаріпін ойлап тапты. Мұны қазіргі күні көркем әдебиеттерді басып шығару кезінде қолданады. Ал арнайы газеттің типіне арналған қаріпті суретші И.Н.Кудряшев, газетпен қоса журналға А.Н.Коробков, «Огонек» иллюстрациялық журналына А.В.Щукин мен В.П.Сидельниковтер жасап шығарған.

Суреттік қаріптер әрқашан тек арнайы басылымдар үшін ғана жасалынады. Өзгеше мұндай қаріптерді жасауға танымал совет кітап дизайнерлері В.А.Фаворский, И.Ф.Рерберг, Б.Б.Титов, Л.С.Хижинский, В.Ильин және т.б. атсалысқан.

Осы иллюстрация жөнінде айта кетсек, негізінен «иллюстрация» сөзі латынның «illustratio» сөзінен шыққан. Латынша хабарландыру, баяндау, көрнекі бейнелеу деген мағынаны білдіреді». Баспаханаларда иллюстрация дегенді диаграмма, сызба, схема, портрет, заттың суреті, пейзаж деп түсінеді.

Көркемдік безендіруге иллюстрациялар мен кітапқа қолмен салынған суреттемелердің (бұған әр түрлі орнаменттер, қолмен салынған әріптер) барлық типін жатқызуға болады.

Иллюстрацияның басты міндеті оқырманға кітаптын мазмұнын, көркемдік образын, танымдық материалын дәлме-дәл жеткізу.

Ғылыми иллюстрацияларда зерттелетін заттың суреттері орналастырылады. Яғни бұлар кітаптың ғылымилығын оңай әрі тез түсіну үшін керек. Сондай-ақ ғылыми иллюстрацияларға сызба, схема, диаграмма, географиялық карталар және т.б. жатады. Бұл топқа жататын иллюстрациялар мәтінді толықтыру қызметін атқарады. Ғылыми иллюстрациялар заттай яғни фотосурет және схемалық бұған машиналардың сызбасы, схемалық суреттер, диаграммал түрінде болуы мүмкін.

Сондай-ақ ғылыми иллюстрациялар ғылыми және ғылыми-танымдықтарда қолданумен қатар оқулықтарда да көрініс табады.

Иллюстрацияның ерекше түрін құжаттық деп атаймыз. Олардың түрлері де өзгеше. Бұларға келесілерді: портреттік, суреттер, тарихи құжаттар, картиналар, сызбалар, автографтар, жоспарлар, карталар, мәдени материалдың заттай суреттерін жатқызуға болады. Құжаттық иллюстрациялар көбінесе ғылыми, ғылыми-танымдық, қоғамдық-саяси кітап беттерінде және әдебиеттердің басқа жанрларында жиі қолданылады.

Көркемдік иллюстрациялар автор шығармаларының көркемдік образдарын беруде таптырмас қажет құрал. Олар безендірілген түрі суреттемелер арқылы шығарманың мазмұнын ашуға, көркемдік әсерін оқырманға жеткізу рөлін атқарады.

Кітап графикасының саласына өшпес із қалдырған дизайн-иллюстраторларына В.А.Фаворский, Д.А.Шмаринов, Е.А.Кибрик, Кукрыниксы (М.В.Купрянов, П.Н.Крылов, Н.А.Соколов), Б.А.Дехтерев, А.Ф.Пахомов, В.В.Лебедев, Д.А.Дубинский, В.Н.Горяев және басқалар. Бұл майталмандардың иллюстрацияларымен орыс классикаларының, совет және шетел әдебиеттерінің шығармалары жарыққа шықты.

Әдеби мәтінмен байланысына қарай барлық иллюстрациялар екі топқа бөлінеді. Біріншісі шығарма мәтінінің мазмұнына жақын болады, ал екіншісі мәтінге жақын болмаса да, шығарма авторының ойын өткір сөзбен жеткізуші дәнекер қызметін атқарады.

Сонымен, бұларға жекелей тоқталған, бірінші топқа қандай иллюстрацияларды жатқызамыз? Бұған кейіпкерлердің қозғалысы, фигуралардың түрлі ракурстары кітап мазмұнының өткір оқиғасын білдіреді. Бұлар қозғалыстың иллюстрациясы деп аталады.

Иллюстрацияның екінші түріне портреттік иллюстрациялар жатады. Бұл бірінші топқа қарама-қарсы беріледі. Суретшінің басты мақсаты әрі міндеті – кейіпкердің мінезін жа-жақты ашу.

Баспада кітаптың мазмұнына қарай сыртқы және ішкі бөліктеріне қояр талап та белгіленеді. Болашақ кітаптың мазмұнына қарай кестелер, суреттер, фотолар, сызбалар берілетін болса, көркемдеуші редактормен бірлесе қоян-қолтық жұмыс атқарады. Осы кезеңде кітап мұқабасының қандай қағазға басылатыны, оған қандай суреттін салынатыны да анықталады.

Дүкен сөрелеріне жол тартатын кітаптың сапалы болып шығуы оның баспаханалық орындалу әдісі мен теру жұмыстарының деңгейіне байланысты болып келеді. Сол себепті де баспа қызметкерлері баспаханаға кітап жайлы барынша жан-жақты толық мағдұматтарды, қосымша құжаттарды бергені жөн.

Жер бетінде қанша адам тіршілік етсе, сонша талғам да бар. Әркімнің талғамы әртүрлі. Онымен таласпайсың. Алайда жақсы талғам әркез өзіне назар аудартады. Баспаханада да жақсы талғам үлкен мәнге ие. Себебі мәтіннің жазылуы бар да, оны оқырманға жеткізу үшін қолданылатын безендеуші құралдар барын айта кету керек. Егерде жақсы безендірілген кітап бір жылдық емес, жүз ғасырлық өнер туындысына айналуы мүмкін. Баспадағы баспагердің де мақсаты осы болуы керек. Баспада баспа редакторлары өз жұмыстарына ат үсті қарамауы керек. Әр нәрсені ойластырып, жоспарлап қана әрекет етуі керек. Кітаптың құндылылығы, жоғары сапалылығы тек мазмұнында ғана емес, оның сыртқы мұқабасы мен ішкі иллюстациялардың дұрыс өз орнымен орналасуына да тікелей тәуелді екенін айта кету қажет.

Әр оқулық мазмұнына сай безендіріледі. Мәселен, кішкентай балаларға арналған үлкен форматты кітаптарды әсемдеуде әртүрлі суреттерді қолдансақ, ал мектеп оқулықтарына басқаша принципке жүгінеміз. Кез-келген кітапты көріктендіру оның табиғатына байланысты. Мұқаба бетіндегі сурет пен мазмұн бірін-бірі толықтырып тұру керек. Сондай-ақ қандай да бір жаңалық енгіземін деп, полиграфиялық безендірулерді шектен тыс қолданбаған жөн.

Басылымды көріктендіретін иллюстрациялар бірінші кезекте кітаптын мазмұнына тікелей байланысты болып келеді. Дәстүрлі ерекше орынды көркем әдебиеттерде қолданылатын иллюстрациялар иеленеді. Олар кітапты оқу барысында оқырманды өзіндік атмосферасымен еліктіреді.Шығарманың шырайын шығарады. Қазіргі кезде де кітаптарға пайдаланылатын иллюстрациялар өзіндік қасиетін жойған емес. Әлі де сұранысқа ие десек, қате айтпағанымыз. Ал минусы – біраз уақыт пен ерік-жігерді қажет етеді.

Кітап мұқабасындағы иллюстрацияның мазмұнына сай, тартымды әрі үйлесімді болып шығуы дизайнермен қоса кітап авторының үздіксіз ізденісі мен қажырлы еңбегінің жемісі болып табылмақ. Өйткені иллюстрациялық суреттердің көбісін жеке үй кітапханаларынан емес, музейлерден, қоғамдық кітапханалардан табылып жататыны белгілі.

Кітапқа иллюстрациялық суреттерді орналастыруға бірнеше факторлар әсер етеді. Атап айтқанда, қандай аудиторияға арналған, тираж саны, бұған жұмсалған шығын сомасы, материалдың полиграфиялық сапасы, полиграфиялық базаның (баспахана) техникалық мүмкіндіктері және т.б. Ең бастысы егерде оқырманға жақсы дүние сыйлағымыз келсе, оған әлбетте қосымша еңбекпен уақыт және қаржы қажет.

Кітап басылымдарында иллюстрациялар былай орналасуы мүмкін: 1)мәтінннің ішінде, 2)жеке беттерде – фронтисписте, жеке дәптерлерде.. 3)әр түрлі комбинацияда яғни жеке дәптерлерде түрлі-түсті тондық иллюстрацияда, және мәтіндерде ақ-қара тонмен де болады.

Қарапайым мәтін қаріптердің жеңіл түрімен ғана шектеледі. Бұл түрде мәтіннің барлығы не қарамен (жирный) боялуы не болмаса бірдей болуы керек.

Ал күрделі мәтінге келер болсақ, бұл қарапайым қаріпке қарағанда қосымша жұмысты қажет етеді. Мұнда әртүрлі қаріптің түрлерін пайдалану керек.

Мәтін беттерде немесе кітап бағандарында орналасады. Кітап бағаналары өлшем бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Мәтін немесе иллюстрациялармен безендірілген беттің көлемі формат немесе бағанның көлемі деп аталады.

Иллюстрациялар альбом түрінде не болмаса кітаптың соңында қосымша ретінде орналасуы мүмкін. Мұндай вариант көбінесе өнер жайындағы басылымдарда кездеседі.

Шығарманың негізгі мазмұнынан бөлек қосымша ақпараттар, алғы сөз, библиографиялық көрсеткіштер, өзге де кітап форматы, басылып шыққан қағазы жөнінде мағлұматтар беріледі. Мұны кітап аппараты дейміз.

Кітапты безендіруде иллюстрация маңызды бірақ кітапты көркемдік жағынан безендіруде жалғыз компонент емес. Ереже бойынша кітапты суретші-иллюстратор ғана әсемдемейді. Бұған қоса «суретші-әрлеуші» де өз үлесін қосады. Соңғысының жүгі біршама ауыр десек те болады.Өйткені олар мұқабаның безендірілуіне, титульды бетке, авантитул, шмуцтитул қысұаша кітап аппаратының барлыұ ұсақ детальдарына дейін дұрыс шығуына баспадағы жауапты бірден-бір тұлға. Иллюстрациялық және декоративтік безендірілу бір-бірімен үйлесімділікте болуы шарт. Қоян-қолтық бірге атқарылған жұмыстың арқасында жемісті өнім шықпақ.

Безендірудің негізгі элементтерімен қоса (мәтін, иллюстрация және т.б.) кітаптың қосымша анықтамалық элементтері жайында айта кету қажет. Бұған колонтитул, колонцифр, сигнатура, норма жатады.

Колонтитул – кейбір басылымдарда әр мәтіннің бағанасына жазылатын анықтама. Нақтырақ айтсақ, бұған автордың тегі мен кітап тақырыбын жазу ғана сыяды. Сондай-ақ бұл басылымның әр рубрикасынан хабардар етеді. Колонтитулдың арқасында оқырман өзіне қажет тарауын жылдам тауып алатынын айта кеткен жөн.

Көбінесе колонтитул мәтіндері саны жағынан бірнеше есеге көп бөлімдерге бөлінетін көлемі едәуір үлкен басылымдарда жиі қолданылады. Өйткені бұлардың мазмұнында ғылыми, техникалық, оқулықтарда, сөздіктерде деп бөлінбейді. Колонтитулдар басқа мәтіндерден колонсызықшалармен ерекшеленеді.

Колонтитулдарда мынандай элементтер орналасады:

1)      басылымның халықаралық стандартты нөмірі (ISSN);

2)      басылымның басты тақырыбы;

3)      басылымның басылып шыққан жылы;

4)      басылымның кезекті нөмірі.

Колонтитулды беттің жоғарғы немесе төменгі бөлігіне орналастыруға болады.

Колонцифр – кітаптың ортасында, шетінде,жоғарығы не болмаса төменгі бөлігінде орналасатын беттің реттік нөмірі. Ал бұлардың жиынтығын «пагинация» дейді.

Кітап өнерінің қорытындысы барлық элементтер көркемдік жағынан болсын, полиграфиялық безендірілу жағынан болсын бірін-бірі толықтырып тұруы міндет. Сонда ғана барлық компоненттері бір-бірімен үйлесімділік тапқан кітап оқырманның жүрегіне жол табады.

«Жақсы кітап шығару – үлкен өнер». Жұртқа заман талабына сай кітап шығару үшін баспа және полиграфия өндірісінің қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесі жоғары, жан-жақты, қоғамдағы барлық болып жатқан оқиғалардан хабардар ең бастысы өз ісін сүйетін маман болуы керек.

Қолжазба және баспа кітабының тарихын зерттей отырып, келесідей қорытындылар жасауға болады. Бұрынғы кезде кітаптың иллюстрациялық және көркемдік безендірілген суреттерінен салт-дәстүрдің лебі көрініс табатын. Мұндай тәртіппен әсемденген қолжазбалардан әр елдің өзіне тән ерекшеліктері бірден көзге түседі. Кітап басылымдарын көркемдеу арқылы оқырманды шығарма мазмұны, идеясымен таныстырамыз.

Тарихқа көз жүгіртсек, иллюстрацияланған кітаптар аз болған. Ал он саусағынан бал тамған шеберлер басылымдарды әрлеуге живописьтерді қолданған.

«Суретші – кітап» деп айта келе біз тек көркем шығарма мен суретшімен ғана шектелмейміз. Сондай-ақ бұның үшінші қатысушысы баспаны да естен шығармауымыз қажет. Соңғы бірнеше жылдары баспаның полиграфиялық базалық сапасы едәіуір алға ілгеріледі. Заман талабына сай техникалармен жабдықталды, көркемдеу форматтарының түрлісі енгізілді, кітапты безендіруге арналған құралдардың саны көбейді. Бұл әрине өз кезегінде дизайнерлердің шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.

Кітапты әсемдейтін инструменттері өз орнында тұру керек. Қалай болса солай қоюға, бірінің орын біріне ауыстыруға болмайды. Кітапта алгебра есептерін формулаға салып, рет-ретімен шешкендей дәлме-дәлдікті сүйеді. Бетінің нөмірлері ауысқан, иллюстрациялық суреттері әр түрлі өлшеммен орналастырылған, сөздері қате басылған кітапты оқу былай тұрсын, кітап дүкендері де сатып алмайды.

Сондықтан басылымның сыртқы мұқабасынан бастап соңғы кітап аппратына дейін баспа мамандары әр детальды белгілі бір принципке сүйене отырып, орайластыруы керек. Мәселен, кітап тарауларының аттары, иллюстрациялары, бет нөмірлерін алдын-ала өлшеп жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Тілі тартымды, ойға қонымды, сапалы болғанда ғана оқырманның мәдениетіне дұрыс қызмет ете алады». Иә, расыменде егерде кітаптың сырты әсем безендірілген, жақсы мұқабамен қаптаған кітап сөреде көп жатпайтыны анық. Оның сырты әсемдігімен қоса, ішкі көркі де адамды бей-жай қалдырмайды. Өйткені жақсы кітап – жанға дауа. Кітаптың рухани күші - әр адамның санасына, ойлау қабілетіне, ғылымды ұғынуына, өнерді түсінуіне, өмірдегі жақсы мен жаманды айыра білуіне көмектесетін ұлы күш. Адамның ой-санасы, мәдениеттілігі жоғары болған сайын, оның таланты мен қабілеті де соғұрлым биік болмақ. өмірде шын мәдениетті адам болу үшін кітап арқылы өзіңнен бұрынғы адамдардан өмірлік үлгі-өнеге, тәрбие алу.

Қазіргі уақытта кітап нарығынан оқырман кез-келген оқулығын таба алады. Нарықта шығармалардың әр түрлі жанрлардағы оқулықтары жетерлік. Оқырман қажеттісін таңдап жүріп, сатып ала алады.

«Жақсы кітап – жақсы қоғам тәрізді. Сен қай кітаптарды оқығанынды айтшы, мен сенің кім екенінді айтып берейін»   деп орыс ғалымы Н.И.Пирогов айтпақшы, кітап адамдардың сана сезімін жоғары етеді. Көкірегін оятып, сәуле нұрын себеді. Кітап оқыған сайын ақылды адамдармен сырласқандай күй кешеді. Қай заманда болмасын көзі ашық, мәдениетті адамдардың барлығы кітапқа құмар болған және болашақта да солай болмақ.

Иә, расыменде қазір бәсеке заманы. Сондықтан нарықта кіл жүйріктің ішінде ең мықты болу үшін үздіксіз еңбек пен ізденіс қажет. Бұл өз кезегінде баспа өнімдерін безендіруге де байланысты екені сөзсіз. Баспа мамандары күн сайын білімдерің толықтырып, шет елдің тәжірибелеріне көз жүгіртіп, қажеттісін бойға сіңіріп тұрғаны ләзім. Өйткені оқырмандардың талабы да күн өткен сайын жоғарылай бермек. Егерде төл әдебиетіміздің аудиториясын шеңберін кеңейтеміз деп жүргенде азайтып алмас үшін, баспадан шығатын кез-келген өнімге мұқият қарауымыз жөн.

Баспа өнімдерінің көркемдік сапасын арттыру үшін ең алдымен баспа редакторы білікті, өте сауатты, өз ісінің маманы болуы керек. Редактор болашақ кітаптың идеялық мазмұнына, сапасына, көркемдік безендірілуіне жауапты бірден бір тұлға. Тіпті бұл критерийлер оқырман мен кітап саудасының қызметкерлері үшін де аса маңызды болып келеді. Себебі бұл кітаптың өз оқырманын табуға әсер етеді. Мінеки, баспада болашақ кітаптың жарыққа шығуына осындай аса күрделі әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететінін байқауға болады.

Кітап барлық кезде материалдық және рухани асыл қазына болған және алдағы уақытта да солай болмақ. Кітап – жұртты мәдениеттілікке тәрбиелейтін өнер ғана емес, сондай-ақ шығармашылық өнер екенін жадымыздан шығармауымыз жөн. Мұндай шығармашылық өнерге суретшілердің тигізер орасан зор еңбегі барын да айту мақсат.

Таңғажайып ашулармен әр оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алатын «Жазушы-Суретші-Баспа» үштік союзының қосындысынан туатын асыл қазынамыз кітап жасай берсін!

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынған)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: