Кітап қоры 6,3 млн асатын Ұлттық кітапханаға 1,6 млн виртуалды оқырман тапсырыс берген

22 Қазан 2018, 03:36 2370

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы әлемдегі ірілерінің бірі. Ол әлемнің көптеген кітапханаларымен мәдени байланыста.

ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің құрылуы «ақтаңдақ беттермен», яғни, 1938 жылмен сәйкес келеді. Бөлім ашылғанда қорда не бары екі мыңға жуық құжат болатын. Жыл өткен сайын сирек қор кітапхана ережесіне сәйкес әртүрлі жолдармен кітаптар, мерзімді басылымдар, микрофильмдер, микрофишалар, карталар және тағы басқа құнды құжаттармен толыға түсті. Жиналған қор хронология бойынша ХІІ-ХХ ғасырды қамтиды. Мазмұны жағынан білімнің барлық саласын қамтиды. Қордағы кітаптардың жазылу мәнері, әдістері де әр алуан: қисса, хамса, хикмет, шежіре, дастаннама, хат, диалог, естелік, рисала, аңыз-әңгіме, т.б. бар.

ҚР Ұлттық кітапханасы шетел кітапханаларымен қарым-қатынасты қолдап қана қоймай, дамытумен келеді. Ынтымақтастық шеңберінде кәсіби және ғылыми алмасулар, ресми сапарлар, конференциялар, семинарлар, халықаралық кітап алмасу, баспалық, көрме және өзге де жұмыстарға қатысты жобалар жүзеге асырылады. Дәл қазіргі таңда Ұлттық кітапхана Әзірбайжан, Беларусь, Иран, Қырғызстан, Қытай, Польша, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Украина, Чехия елдерімен байланыста. Тағы бір атап өтетіні, Ұлттық кітапхананың «Әлем әдебиеті» бөлімі жанынан бірнеше орталықтар да ашылған. Мәселен, бізде түрік, қытай, пәкістан сынды бірнеше ұлттардың мәдени орталықтары жұмыс істейді.

Тәуелсіздік алғалы кітапхананың ауқымы да артып, өрісі кеңіді. Киелі кітап ордасы бүгінде талай міндетті арқалап, небір келелі істің темірқазығына айналып отыр. Жай ғана сансыз кітаптар тізілген ғимарат емес, ағартушылық саласындағы бірегей орда деп ауыз толтырып айтуға болады.

Атап айтқанда, Ұлттық кітапхана республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылады; Қазақстан баспа басылымдарының міндетті данасының депозитарийі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің кандидаттық және докторлық диссертациялардың депозитариийі, ТМД елдері авторефераттарының депозитарийі, 2012 жылдан бастап Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы басылымдарының депозитарийі, тағы да басқа қызметтердің басын жинақтаған.

Бүгінде Ұлттық кітапхананың қоры 6,3 миллионнан асады. Жыл сайын кітапханамызға шамамен 1 миллионнан аса оқырман келеді екен. Сонымен қатар, жаһандану дәуірінің озық үлгісін қатар алып жүруді басшылықққа алған Ұлттық кітапхана веб-сайт ашып, оқырмандарға виртуалды кеңістікте де қызмет көрсетіп жүр. Соңғы көрсеткіштерге жүгінсек, бір жылда шамамен 1,6 миллион адам кітапқа виртуалды тапсырыс беріп оқыған.

Кітап — өмір шырағы. Тәуелсіз елдің өміріне шырағын жағып келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының жай-күйін білмекке арнайы ат басын бұрған едік. Қойны қазынаға толы киелі орда жайлы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі Құттықыз Қасымбековамен сұхбаттасқан едік.

ОЛ ТУРАЛЫ ТОЛЫҒЫРАҚ ОСЫНДА

 

Бөлісу: