Кітап оқудың маңызы туралы — Асхат Аймағамбетов

2 Қаңтар 2023, 16:05 3189

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Facebook-тегі парақшасында жазды

Кітап оқудың маңызы туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Балалық шағымнан қалған естеліктердің бірі - үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер мен алуан түрлі әдебиеттер. Үйде кітаптардың белгілі бір сериясына жазылу немесе кезекті рет оқылған кітаптар туралы сондай мақтанышпен, қызығушылықпен айтылғаны әлі есімде.  Осыдан болар менің де үйдегі кітаптарды қайта оқып шыққаным таңқаларлық емес. Ал кейінірек аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы атандым, - деп жазды Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов. 

Балабақшаға барып жүрген кенже баласының ертегілерді, әсіресе, «Еркетай» мен «Жәнібек» туралы заманауи қазақ комикстерін тыңдағанды ұнататынын жазды. 

Мен өз тәжірибемнен балаларды оқуға мәжбүрлеуге болмайтынын айта аламын. Балаларға қысым көрсетпей, керісінше жеке мысалмен оқуға деген сүйіспеншілікті ояту қажет. Бала ата-анасының кітап оқып отырғанын көруі керек. Сонда ғана қызығушылық пайда болады. Кітаптар баланың мінезіне және құндылықтарының қалыптасуына әсер ететінін де ескерген жөн. Оң сюжеттік желісі бар кітаптар жақсы әдеттерге баулып, дұрыс тәрбие береді. Сол себепті балаларды қолдау, кітап оқуға баулу, оларға кітап сатып алып беру, кітап көрмелеріне бірге бару өте маңызды, - деді министр.

Бұған дейін PISA, TIMSS халықаралық зерттеулерінің нәтижелерін жариялаған болатын. Олар ата-аналардың балалармен бірге оқуы және олардың болашақта мектептегі академиялық үлгерімі арасындағы нақты және оң байланысты көрсетті. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, үйде кітаптары бар балалар жоғары нәтиже көрсеткен.

Сондықтан 2020 жылы оқушыларды көркем әдебиет оқуға баулу үшін ауқымды республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қосты.

Бұл жоба туралы келесі жазбамда кеңірек тарқатып айтамын. Мереке қарсаңында осы жазбаны оқитын ата-аналарға балаларға қызықты кітап оқуға кеңес беруді ұсынар едім. Олардың кітап әлеміне жасаған саяхаты қызықты болсын! Барлық оқушыны кітап оқуға көбірек уақыт бөлуге шақырамын. Өйткені, білім – ең құнды байлық, - деп жазды министр.

EL.KZ
Бөлісу: