Астанада 7 шілде күні ауқымды бұқаралық шара KitapFest кітап фестивалі өтеді. Іс-шара несімен ерекшеленеді және елордалықтарға қандай кітаптар ұсынылатыны жайлы Kitap Fest кітап фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжановадан сұрап білдік, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
El.kz: Майра ханым, жалпы Kitap Fest кітап фестивалі жайында айтып берсеңіз?
Майра Әлжанова: Kitap Fest - 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан мәдени-бұқаралық іс-шара. Биыл Астанада 2 рет, ал Алматыда алдымыздағы күзде 9 рет өткізілмек. Осы уақыт аралығында Kitap Fest танымал қазақстандық авторлар мен баспагерлердің қатысуымен 300-ден астам кітаптың тұсаукесері өткен шығармашылық ортаның ауқымды әрі бірегей алаңға айналды. Жыл сайын кітап фестивалі мыңдаған кітапсүйер қауымды, жазушыларды, блогерлерді, қоғам қайраткерлерінің басын қосып келеді. Пандемия кезінде шараны өткізе алмағанымызды есепке алмағанда, жұмысымыз үзілген емес. Бастапқыда шараға мыңға жуық оқырман жинасақ, бүгінде 10 мыңнан аса оқырманның басын бір жерге тоғыстыра алатын деңгейге жеттік. Бүгінде фестивалімізді еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін біледі. Бұл тек кітапсүйер қауым үшін ғана емес, сондай-ақ әр адамның өзіне керегін алар отбасылық мерекеге айналды. Мұнда әр түрлі жас ерекшелікке байланысты түрлі іс-шаралар, ойындар ұйымдастырылады. Жалпы осы шараның мақсаты- кітап оқуға шақырып, қазақстандық авторлар мен баспаларға қолдау көрсету. Бұл жас және бұрыннан келе жатқан авторларлардың өз кітаптарын ұсынатын жалғыз алаң деуге болады.
El.kz: Астанада аталған іс-шара екінші мәрте ұйымдастырылайын деп отыр. Алғаш фестиваль 2019 жылы болған екен. Шара қоғамға қандай рухани азық бере алады?
Майра Әлжанова: Елордада кітап фестиваль алғаш 2019 жылы Жастар жылы аясында өткізілді. Биыл Астана қаласының туған күніне орайластырып отырмыз. Демалыс күндерінде қала тұрғындары өз уақыттарын пайдалы әрі қызықты өткізе алады. Айтып өткеніміздей, фестивалдің мақсаты – халық арасында кітап оқуды дәріптеу, қалалықтардың кітап мәдениеті деңгейін жоғарылату. Сондықтан біз бұл шараны тек Алматыда ғана емес еліміздің барлық ірі қалаларында өткізуді алға мақсат етіп қойдық. Бүгінде интернет пен түрлі гаджеттердің дамыған заманында бала түгіл үлкен буын арасында кітап оқитындар қатары азайып барады. Бірақ бұл мүлдем жоқ деген сөз емес. Біздің фестивальдің мақсаты кітап оқу үрдісін жалғастыру, әдебиетімізді тану, балаларды кітап оқуға ынталандыру, жас жазушылар мен олардың жарыққа шығып жатқан кітаптарын қолдау болып табылады.
El.kz: Биылғы кітап фестивалінің ерекшеліктері қандай болмақ?
Майра Әлжанова: Биыл астаналықтарды Елорда күніне арналған ауқымды бағдарлама күтеді. Мерекеде белгілі жазушылармен және блогерлермен кездесулер. Мысалы: Үнзилә Мыңбай, Ұларбек Нұрғалым, Мирас Асан, Перизат Мырзахмет және тағы басқалар. 30-дан астам дүкендер, баспалар мен интернет-дүкендер тұтынушыларға фестиваль аясында арнайы жеңілдіктер ұсынатын кітап жәрмеңкесі. Сонымен қатар, қонақтар оқыған кітаптарын әлі оқымаған кітаптарына айырбастай алады. Ең кішкентай келушілерді тегін ойын-сауық бағдарламасы күтеді. Жазушылар шатырында, отандық жазушылар өз кітаптарын таныстырып, пікір алмасады. «Офлайн кітаптар туралы» шатырда, танымал блогерлер кітап оқудың пайдасы туралы пікір айтып, сүйікті шығармаларымен бөліседі. «Қазақ қаламгерлері» шатырында қазақ тілді жазушылардың Қазақстан әдебиетінің дамуы туралы баяндамалары мен пікіралмасу болады.
Фестивальде алғаш «Оқырман ұлттың ұрпағымыз» атты көрме ұйымдастырылмақ. Ол жерде Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп сирек кездесетін кітаптарды, алғашқы басылымдарды көрсетеміз.
Тағы да кітап жәрмеңкесі, кітап алмасу, балаларға арналған тегін ойын-сауық бағдарламасы. Түрлі ойындар, квесттер, шеберлік сыныптары, аниматорлар, тегін бет бояуы ұйымдастырылып, «Алдар көсе» спектаклінің сахналық қойылымы көрсетіледі.
Фестивальде сондай-ақ, «Ауылға кітап» акциясы өтеді, онда кез келген оқырман өз кітабын Қазақстанның ауылдық кітапханаларына өткізе алады.
El.kz: Бұл жастардың кітапқұмар болуына септігін тигізе ме?
Майра Әлжанова: Әлемдік жазушылардың санымен салыстырсақ, жасыратыны жоқ бізде жазушылар өте аз. Ол тек балалар әдебиетінде ғана емес, бүкіл жанрға қатысты. Қазір жасөспірімдерге арналған әдебиетте өте аз. Мәселен, 10-16 жастағы балаларға арналған шығарма мүлдем жоқ десе болады. Бар болса да, шетелдік әдебиеттен аударылған кітаптар. Сондықтан біздер жас жазушылар мен баспаларды қолдауымыз керек. Мүмкін сол кезде тұшымды кітаптар қатары толығып, сапалы кітаптар қатары толығатын болар. Ал кітап оқуға деген құмарлық туралы айтатын болсақ, бұл қасиетті әр ата-ана өзі үлгі бола бала бойына дарыту керек. Бала кітап оқу үшін ата-анасы да кітап оқығандары дұрыс. Бала ата-анасына қарап өседі ғой. Сондықтан кітап оқуды әдетке айналдыру қажет. Күніне бір сағат уақытынды кітап оқуға үзбей арнасаң,ол әдетке, кейін жақсы қасиетке айналады.
El.kz: Көрмеге кімдер қатысады?
Майра Әлжанова: Танымал жазушылар, қаламгерлер, блогерлер қатысып, пікір алмасады. Жас жазушылар мен баспагерлерге авторлық құқық, кітап шығару, оның таралымын көбейтіп сату жолын қою сынды тақырыптарда семинар-дәрістер өтеді. 30-дан астам дүкендер, баспалар мен интернет-дүкендер тұтынушыларға фестиваль аясында арнайы жеңілдіктер ұсынатын кітап жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Балаларға арналған тегін ойын-сауық бағдарламасы болады: түрлі ойындар, квесттер, шеберлік сыныптары, аниматорлар, тегін бет бояуы ұйымдастырылып, «Алдар көсе» спектаклінің сахналық қойылымы көрсетіледі.
El.kz: Көрмеге қандай кітаптар қойылады?
Майра Әлжанова: «Кітап оқы және досыңмен алмас» кітап алмасу бөлімінде сөрені әртүрлі жанрдағы қызықты, қызықты кітаптармен толықтырамыз. Жас жазушылар мен блогерлер өздерінің жаңа кітаптарын таныстырады. Сонымен қатар, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бағдарламасында жаңа кітаптардың тұсаукесері қарастырылған. Кітап жәрмеңкесінде түрлі жанрдағы әр түрлі кітаптар болады. Қонақтар оқыған кітаптарын әлі оқымаған кітаптарына айырбастай алады.
El.kz: Тұшымды әңгімеңізге рақмет!