Қытайды мойындатқан қазақ емшілік өнері

7 Сәуір 2017, 14:23 15138

Шығыс медицинасының бір тармағы – қазақ емшілік өнері

Қазіргі таңда бүкіл әлемде  шығыс медицинасының даңқы аспандап тұр. Алайда көпшілік қауым оны негізінен Қытай медицинасымен байланыстырады. Біз осыған орай шығыс медицинасының бір тармағы саналатын қазақтың емшілік өнерінің Қытайдағы қазіргі жай-күйі туралы осы елде тұратын 2 миллионға жуық қазақтың арасынан шығыс медицинасының халықаралық докторы атағын иеленген екі емшінің бірі саналатын Мәулітшәріп Қапаұлын әңгімеге тартқан едік. Сұхбатымызды 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орайластырып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қытайда емшілік өнеріңізбен тек қазақтардың арасында ғана емес, ондағы түрлі ұлт пен ұлыстардың арасында да біршама танымал екенін естідік. Тіпті ат арытып алыс-жақын шет елдерден арнайы іздеп келетін адамдар да бар көрінеді. Егер рұқсат болса алдымен өзіңізді қазақстандық оқырман қауымға аз-кем таныстыра кетсеңіз?

– Осы емшілік өнерімнің арқасында Жунгоның мемлекет басшыларының әрқайсысымен кездесіп, жеке қабылдауларында болдым. Жунго (Қытай) Халық Республикасы деңгейінде де, аймақтық және облыстық деңгейде де түрлі марапат пен құрметтен кенде емеспін. Мәселен мынау 1-май мемлекеттік еңбек ері ордені, мынау медицина саласындағы ең жоғарғы мемлекеттік дәрежедегі орден. Мынау 1978-2008 жылдар аралығында медицина саласына қосқан 30 жылдық үлесім үшін берілген  орден. Оны  бүкіл Жунго елінен таңдап алынған 100 адамның ішінен қазақтан тек мен ғана алған едім. Бұдан бөлек тағы бірнеше медальдардың иегерімін. 

Қазіргі таңда Жунго Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялы  ауданының Алтай аумағы Бұрылтай аймағындағы Арда деген ауылдың шипаханасында жұмыс істеймін. Бұған дейін Шыңжаң медицина институтын  бітіріп, Шыңжаң ғылым академиясында ұзақ жыл қызмет жасадым. Кейін қазақ медицинасын зерттеуді туған жеріме барып, жалғастыру мақсатында академиядағы қызметімнен өз өтінішіммен босап, ауылыма сұрандым.

Емшілік өнерін 7 атадан бері жалғастырып келе жатқан әулеттің өкілі екенсіз.

–Иә. Емшілік өнері біздің әулетте 7 атадан бері үзілмей, жалғасып келе жатыр. Маған әкем 839 түрлі шөп дәріні көрсетіп, диагноз қоюдағы 42 түрлі тамыр райын үйретті. Одан кейін сынық салу, яғни оташылық пен мойыннан, белден, мұрынан, маңдайдан, тіл астынан деген сияқты адам ағзасының әртүрлі жерінен  қан алу жолдарын меңгердім. Жалпы  839 түрлі дәрі 41 түрлі тосапқа жатады. Соның ішінде 16 түрлі бұлау әдісі бар.

–  Қазір Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінің бәрінде дерлік әлі күнге дейін медициналық жоғары оқу орындарында халық  емшілік өнеріне мамандар әзірлеуде арнайы факультеттер жоқ көрінеді. Бұл мәселе  Қытайда  қалай шешілген?

 – Шыңжаң медицина институтында Қазақ медицина факультеті бар. Онда жылына 60-80 адам мамандық алып шығады. Олардың он шақтысы  ханзу, ұйғыр және басқа да өзге ұлт өкілдері. Қазақ медицинасына тәнті болып, арнайы жоғары білім алуға талаптанушылардың арасында ханзулардың үлесі басым. Олар әр курстағы  10 өзге ұлттар өкілдерінің  жеті-сегізін құрап жүр.

–  Халық  медицинасын дамытуда Қытайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау белгілі бір жүйеге қойылған ба?

Мемлекетіміз соңғы уақытта бізге ерекше мән беріп отыр. Мәселен  2008 жылы 1 айдың 3-і күні 20 млн. юань ақша түсіріп, Алтайда  Қазақ медицинасын зерттеу орталығын құрған. Бұдан бөлек  облыстық дәрежеде Іле Қазақ облысында  қазақ емшілік ғылыми қоғамы, ал Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданында да Қазақ медицинасы орталығы бар.

Жалпы  Жунгода ханзу, моңғол, тибет, ұйғыр, қазақ деген сияқты 7 ұлттың  медициналық орталықтары бар екен. Ханзулардан басқа ұлттардың медициналық орталықтары олар қалың шоғырланған белгілі бір аймақтарда ғана орналасқан.

Шыңжаң көлемінде қазақтың халық емшілерінің саны бұл күнде 800-900 адам  болып қалды. Жунгода қазақ емшілігіне үкіметтік деңгейде мән беру 1985 жылдардан басталды. Дегенмен емшілікті атадан балаға  жалғастырғандар аз. Көпшілігі медицинаны арнайы оқып, не оны біреуден үйренгендер. Мен қай ауруға қандай шөп дәріні істететінін  әкемнен 8 жасымнан бастап үйрендім. Мысалы тауда өсетін дәрілік шөптер суықтық райды, ал ойда өсетіндері ыстықтық райды дауалайды. Қазір біз оның қайсысы қайсысымен сәйкеседі деген мәселеде зерттеулер жүргізіп жатырмыз.

Естуімізше  қазақтың емшілік өнері туралы бірнеше кітап жазып, түрлі жаңалықтар ашқан екенсіз?

– «Қазақ медицинасындағы диагноз қою, дауалау жолдары», «Қазақ медицинасының ас қорыту жолдарын дауалау», «Қазақ медицинасында сынықты таңу, қан алу» деген тектес 4 кітап жаздым. Қазақ медицинасы саласында 7 тапқырлығым бар. Олар үлкен өндіріске әлі енбеді. Ондағы істер күрделі ғой. Соның бірі мынау. Сынықшы ретінде сүйек салғанда ол қате боп қалса оны жібітіп, қайта салу керек болады. Осыған жібіткіш май ойлап тауып, патент алдым. Оны әсері 7-сағаттан 7 күнге дейін созылады. Егер сүйектің салынғанына оншақты жыл боп кетсе, бұл майды жаққанда ол 7 күнге дейін жібиді.

Жалпы қазақтың оташылық өнері мен қан алу жолдары дүниежүзінде баламасы жоқ. Біз тілдің астынан, мұрынның үстінен, бастан және арқа, бел, сияқты өзге де жерлерден лоңқа салып, шабақтап қан аламыз.

Мен сынықшылық пен қан алуды кітап қылып жаздым. Бұрынғылар бізден көп білетін, қазіргілер онша біле бермейді. Үлгі-өнеге көрсететін үлкендердің барлығы бұл күнде өліп қалған. Әке өнегесін көргендерден қазір  санаулы адам қалдық.

Қазақтың оташылық өнерінің дамуы оның тұрмысы мен кәсібіне байланысты жоғары деңгейде болды. Ата-бабаларымыз алдымен малды емдеп жүріп, бірте-бірте оны адамға да қолдана бастаған. Ол сахара жүрген адамның өзін-өзі құтқару жолы ғой. Оташылықтың тарихына 4-5 мың жыл болғаны қазір ғылыми түрде дәлелденген.

–  Кейбір мамандар қазақ емшілерінің  көптеген әдіс-тәсілдері Қытай медицинасында кең қолданыс тауып, сол елдің жетістігі ретінде насихатталып жүр дегенді айтады. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

Жунгодо ханзу медицинасының дамуы ертерек болған. Оларда 5 мың жылдық тарих бар ғой. Біздің медицина да солармен бірге дамыған. Өкінішке орай олар оның бәрін хатқа түсіріп, бүгінгі күнге дейін жеткізіп отыр. Емшілік өнері туралы біздің бабалармыздың да көптеген кітаптары болған. Өкінішке орай олардың жазып қалдырған мұрасы бізге толық жетпеді. Жунгодағы мәдениет төңкерісі кезінде 1966 жылы белсенділер үйге келіп, әкемнің лоңқаларын, операция пышақтары мен  кітаптарын түгел өртеп тастаған. Қазір енді зерттеу орындарымыз ел ішінде сақталып қалғанын там-тұмдап қайта жинап кітап етіп шығарып жатыр. 4 томдық «Қазақ шипагерлігі» соның нақты  айғағы.

Енді қазақ емшілерінің емдеу әдістерін ханзулар өз медицинасына сіңіріп кетті дегенге айтарым, онымен келісуге де, келіспеуге де болады. Оны дәлелдеу үшін әрбір іске арнайы зерттеу жүргізу керек. Бұл ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс. Оның үстіне бір елде өмір сүріп отырған соң емдеу әдістеріміздің ұқсас болуы қалыпты нәрсе.  Бұл үрдіс бүгін, не кеше ғана емес, сонау есте жоқ ескі замандарда басталған. Мәселен қазір Жунгода дәрілік шөптер негізінен өндірістік жолмен өсіріліп, өңделеді. Бұл жұмыспен  арнайы үлкен өндіріс орындары айналысады. 

–  Қазақстандағы әріптестеріңізбен байланыстарыңыз бар ма?

Қазақ еліндегі емшілермен байланысымыз жақсы. Олардың кейбір тәжірибелерін біз, бізден олардың да үйренетін тұстары жеткілікті. Мәселен менің сынық салу, қан алу әдістерімді үйренуге тырысушылар мұнда да өте көп. Шәкен Шынтаев жетекшілік етіп отырған «ҚР Халық және рухани емшілер» мекемесінің ұсынысымен енді алдағы уақытта Қазақстанға арнайы келіп, бірнеше ай бойы  мамандар дайындаймын. Осы жолы бұл мәселені біржақты реттеп кетпекпін.

Маған жылына емделуге 4-5 мың адам келеді. Оның әрбір екіншісі шетелдік азаматтар. Жалпы Жунгода  емшілерге баратын халықтың үлесі көп. Үлкен адамдардың барлығы емшілерге көрінсе, жастар еуропаша емделеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір аллергияны әлемдік дерттің қатарына қосуда. Оны емдеудің халық медицинасында әдіс-тәсілдері бар ма?

Аллергия-сезгірлік ауруы халық арасында бұрын да болған. Бірақ науқастардың саны бұрын азырақ болған. Ол қазір көбінше мұрын, көз, жұтқыншақта көп. Бұл негізінен қоғамның дамуымен бірге  химиялық жолмен дайындалған бұйымдардың көбеюіне және ауаның ластануы, ішіп-жем мен  судың былғануына байланысты орын алып отыр.

Бұл ауруды емдеп жазуда таза ортамен бірге адамдардың рухи күйінің жақсы деңгейде болуы да маңызды.  Онда қанды салқындату, теңшеу, бүйрек, көкбауырды қуаттандыру арқылы шөп дәрімен сақайтуға болады. Мәселен мұрын мен жұтқыншақтағы ауруды күміс қандауырмен шабақтап, қан алып дауалап арқылы емдейміз. Аллаға шүкір менің алдыма келгендерден жазылмай қалғандары жоқ.

Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіз әрдайым  жемісті бола берсін.

Бөлісу: