Кит аулап, итке шана жеккен

16 Қыркүйек 2014, 04:17

Иә, жиырма бірінші ғасырда ізім-ғайым жоғалған керектердің тарихы енді адамзатқа ертегі тәрізді.

Керек тілі

Бөбегім, кез келген халықтың ертегісі арқылы  тарихын, танымын, тұтас болмысын  тануға болады. Бұл халық та ертегішіл. Әңгіме – керектер хақында. Бір өзгешелігі, олардың ертегілерінде баяндау, суреттеу мүлдем жоқ. Есесіне, ертегінің өне бойы кейіпкерлердің өзара әңгімесінен тұрады. Диалогқа құрылған бұл ертегілердің оқиғасы да тез өрбиді. Құрылымы ерекше мұндай ертегілер басқа халықтарда кездесе бермейді. Ал біздің қазақтың  ертегілері, керісінше, «ерте, ерте, ертеде...» деп басталады.

Иә, жиырма бірінші ғасырда ізім-ғайым жоғалған керектердің тарихы енді адамзатқа ертегі тәрізді. Ерте, ерте, ертеде алып киттерді аулайтын керек дейтін батыр халық болыпты. Керектер итті көлік ретінде пайдалану дәстүрінің иесі. Ең алғаш иттерге  шана жегіп, алысты жақындатқан осы жұрт. Олар Тынық және Солтүстік мұзды мұхиты жағалауларының байырғы тұрғындары.  Бүгінде керек жері Ресей Федерациясының еншісінде.

Керек тілі де, керек халқы да жер бетінен мүлдем жойылды. Бұған себеп, өткен ғасырдың 30-40 жылдары олардың туған жерінен басқа аймаққа қоныстандырылуы. Кеңестік билік керек қоныстарын «келешегі жоқ елдімекен» деп танып, тұрғылықты халқын чукча ауылдарына көшірді. Оларлың ата кәсібі – кит аулау ісі ресейліктер тарапынан әбден коммерцияланды. Бұған қоса, түрлі эпидемиялардан, жұқпалы індеттерден онсыз да аз халық қынадай қырылды.  Уақыт өте келе, керектер чукчалармен сіңісіп, ассимиляцияға ұшырады.  Бүгінгі күні чукчалар да аз ұлттардың қатарына жатады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін керектердің  небәрі 100 өкілі қалғаны расталды. Ресми мәртебесі жоқ керек тілі чукот тілі мен орыс тілінің қыспағынан шыға алмады.  Ал  1991 жылы керек тілін білетін үш адам ғана тіркелді.  Олар Екатерина Хаткана, Николай Етынкэу, Иван Уваргынгын еді. 2002 жылғы санақ нәтижелері керек тілінің 15-ке жуық сөйлеушісі бар екенін алға тартты. Бірақ, бұл дерек шынайы шындыққа сай емес сынды. Себебі, 2005 жылы Екатерина Хаткана көз жұмғанда, халықаралық қауымдастық керек тілінің де, керек халқының да жер бетінен мүлдем жоғалғанын күрсініспен мойындады.

Теңіз морждары мен кит сүйектерінен жерге үңгіп үй тұрғызып, бет-жүздеріне бедерлеп сурет салған керек халқының соңғы өкілі Екатерина өмірінің соңында қызының туған тілін білмейтініне өкініп, «Туған тілмен ғана түсіндіріліп, көкейге түйілетін дүниелер болады екен»,- депті. Екатерина чукот жігітімен отасқанымен, балалары чукот тілін де білмейді. Олар орысша сөйлейді...    

Бөбегім, бабаларымыз қыз баласының тағдырын бір ауыз сөзге сыйдырып,  «қыз – жатжұрттық» дейді. Бұл сөздің астарында, туған ұясынан ұшып шығып, басқа шаңыраққа қонып, ғұмыр бойы табалдырығына табынып өтетін әйел затының болмысы жатса керек. Қазіргі кезде басқа ұлттың азаматына тұрмысқа шығып, шетел асып жатқан қаракөздеріміз көп.  Көкейіме өксік тығылып, қазақтың сол қыздарынының тағдыр талайына алаңдаймын. Кінәлаймын. Сөгемін. Ақыры, санама сол қыздар ұрпағына қазақтығының дәнін егіп, ана тілінің сәулесін төгіп жүрген болар деген үміт келеді.  Иә,  қазақтың қызы Хаткана кейуана сынды өкінбеуге тиісті. 

Бөлісу: