КIСI ЕСIМIНЕН БАСТАЛҒАН СОҒЫС

30 Маусым 2014, 11:42

Бiз – адамзат баласы, ондаған, жүздеген жыл бұрын болып өткен оқиғаларға, оларға тiкелей араласқан тiрi пенделердiң iс-қимылына, сол iс-қимылдарға себепшi болған арман-мақсаттарына адами әдiл бағасын берудi үйрене алдық па?

Бiз – адамзат баласы, ондаған, жүздеген жыл бұрын болып өткен оқиғаларға, оларға тiкелей араласқан тiрi пенделердiң iс-қимылына, сол iс-қимылдарға себепшi болған арман-мақсаттарына адами әдiл бағасын берудi үйрене алдық па?

Тырысатын шығармыз, бiрақ әлi үйрене алмағанымыз анық. Үйренбегенiмiзге адамзат баласының тарихы әзiрге тек ақ пен қара түстен ғана тұратындығы дәлел. Әйтпесе, бiр халықтар үшiн ар мен намыстың бейнесi iспеттi болған перзенттердiң келесi бiр халықтар үшiн қылмыс пен қарғыстың өлшемiндей болып шыға келетiндiгiн қалай түсiндiремiз? Арыға бармай-ақ қояйық, Еуропаның қасапшысы атанған Наполеон Францияның ұлы мақтанышы һәм көне әлемнiң дамуын сапалы жаңа бағытқа бұрушы болса, ноғай халқын бiр түнде қанжоса қылып қырған Суворов орыс өнерiнiң даңқты беттерiнiң бiр парағы болып саналады. Мұндай дауы бар даңқты тұлғалар Әмiр Темiр, Бабыр, Атилла-Едiл, Шыңғыс хан болып созылып кете барады. Сiз бiрiн ақтауға тырыссаңыз, екiншi бiреулер сол ақтамақ тұлғаңызды күстаналап қаралауға дайын. Адамзат баласының қолынан өткен тарихымызға, оны жасаған ұлы тұлғаларға не адвокат, не үкiм кесушi болу ғана келетiндей. Кейбiрiмiз, тiптi, жендеттiң жеккөрiнiштi рөлiн ойнаудан да қорықпайтын, қашпайтын секiлдiмiз. Өзге ғылымдар қанша дамыса да, тарих ғылымы әлi күнге бейнебiр ортағасырлық түнек құшағында қалып қойғандай. Тарихи тұлғаны оның жан дүниесiне, адами бейнесiне әр түрлi қырынан баға беруге мүмкiндiк жасайтын бастаухаттар мен деректер арқылы тани отырып, ол туралы салыстырмалы түрдегi болса да ақиқат түсiнiкке жақындай түсудiң орнына, «анау залым, мынау кемеңгер» деп топқа бөлiп, кежегемiздiң керi тарта беретiндiгi сол қараңғылығымыздан болар-ау.

Мысалы, тұла бойынан қатыгездiк пен қаталдықтың лебi есетiн мына бiр үзiк мәтiндi ұрпақтарына кiм жазып қалдыруы мүмкiн: «Ауғандықтар шайқаса алмайтын жағдайда аузына шөп қыстырып, «Мен – сенiң өгiзiңмiн» дегендей, құлшылық етiп, жауына бас иедi. Бұл әдеттi бiз сол жерде байқадық. Қарсылық етер дәрменi қалмаған ауғандықтар тiсiмен шөп тiстеп келiп қолға түстi. Мен тiрiдей алып келгендердiң де басын алуға бұйырдым, олардың бас сүйегiнен күмбез көтердiк».

Кiм мәтiннiң авторы?

ХIХ ғасырдағы ағылшын офицерi ме, әлде әлемдi тiтiреткен Шыңғыс хан ба? Бәлкiм, Әмiр Темiр болар? Яки «Галл соғысын» өзi хаттап қалдырған әйгiлi Юлий Цезарь шығар? Кiм болса, ол болсын, егер осы мәтiндi жазып қалдырған адамның артында оның басқа да жасаған жақсылы-жаманды iс-әрекеттерi туралы дерек қалмаса, мәтiн авторының адамзат тарихына ең қанқұйлы, ең қатыгез жандардың бiрi ретiнде кiретiндiгiне кәмiл сене беруiңiзге болады. Қанша тырыссаңыз да ақтап ала алмайсыз. Алиби жоқ.

«Олардың бас сүйегiнен күмбез тұрғыздық».

Арғы-бергi әдебиеттен, өнерден хабарыңыз бар жан болса, көз алдыңызға ылғи да соғыс баталияларын салатын Верещагиннiң «Соғыстың шырқау шыңы» деп аталатын бiр картинасы оралмақ. Осы картинадағы бас сүйектерден тұрғызылған мұнараның қорқынышты сұсы жүрегiңiздi тағы да бiр рет дiр еткiзетiнi рас.

Сонымен мәтiн авторы кiм болуы мүмкiн? Риторикалық сауалымызға жауап берместен бұрын, ендiгi тарихтың еншi­сi­не айналған тағы бiр үзiк мәтiнге көз тастайық. «Иә, жо­ға­рыда Бабырдың жай патша ғана емес, сонымен қатар әдебиет, музыка, заң салаларынан да мол мағлұматы бар ғалым екенiн айтқанбыз. Мiне, осыдан 5 ғасыр бұрын Бабыр айтқан ғибратты сөздер!» (Мұртаза Бұлұтай, «Зұлымдық фор­муласы» Шыңғыс ханды ақтап алуға асығудың астарын­да не сыр бар? «Егемен Қазақстан», 2001 ж. № 242, 248, 249, 250).

Алдыңғы мәтiн авторы басқа емес, Мұртаза Бұлұтай тамсана дәрiптеп отырған дәл осы өз заманының озық азаматтарының бiрi Бабыр Заһир ад-дин Мұхамед болатын (Бабыр Заһир ад-дин Мұхамед. «Бабырнама», «Ататек», 1993 ж. 172-бет).

«Олардың бас сүйегiнен күмбез тұрғыздық» деген жолдарды жазғанда ақын, музыкашы, заңгер Бабыр бабамыздың санасында қандай ой тұрды екен? Көз алдына қандай көрiнiстер елестедi? Желкеден қиылып жатқан бас, тұқыл мойыннан атқақтап жатқан қан болды ма? Әлде шарасыз мүмiннiң аяушылық тiлеп жалбарынған көз жанары ма? Бәлкiм, көңiлiнде жеңiмпаздың салтанатты сазы ойнаған болар? Жоқ, бәрiн қойып, жолын әрдайым оңғарып отыратын жаратқан Аллаға шүкiршiлiк еткен шығар?

Мұртаза Бұлұтай осы сауалдарға жауап беруге тырысса, «Зұлымдық формуласын» табуға, оның формуласы Шыңғыс ханның тағдыры, жасаған iс-әрекетi болып шығатындығын дәлелдеуге ұмтылмаған болар едi. Өйткенi тарих дегенiмiз нақпа-нақ формулаға салына салатын химия да, мыстан алтын алуға болады деп сендiргiсi келетiн алхимия да емес қой. Әруақтарға сiз бен бiз нақты бағасын бере алмаймыз, ондай құдiрет тек Тәңiрдiң еншiсiнде ғана.

Ендi ойланып көрейiкшi, өзi жазып қалдырған сөзiне сенсек, Бұлұтай аспанға көтере мақтап отырған ақын Бабыр Шыңғыс ханнан да өткен жауыз болып шықпай ма? Бiр жауыздың артыл ашамын деп екiншi бiр жауызды жалған көтермелеудiң не керегi болды екен? Егер ақын Бабырды осылай мақтауға болатын болса, онда қаған Шыңғысты да қалай болмасын ақтауға болатындығы ғой.

Мұртаза Бұлұтай рушыл, ырымшыл, таяқты әлiп деп танымайтын Шыңғыс хан өз шапқыншылығымен ислам өркениетiнiң құлдырап керi кетуiне себепшi болды деп дәлелдеуге тырысыпты. Ал дәлелдеудiң нақты дәйектi қажет ететiндiгi анық. Шыңғыс хан қоластындағы түркi-моңғол сарбаздарының алғаш қақтығысқан ислам мемлекетi Орта Азиялық Хорезм патшалығы болатын. Мемлекеттiң iшкi, сыртқы саясатының баянды, тұғырлы болуына мемлекет басшысының тiкелей жауап беретiндiгiн ескерсек, осы тұста Хорезм патшасы туралы өз замандасының пiкiрiне тоқтала кеткенiмiз де орынды-ау.

Бағдаттан шыққан әйгiлi дәрiгер Әбд әл-Латиф (1231-32 жылдары қайтыс болған) бұл билеушi туралы былай деп жазады: «Хорезм-шах Мұхаммед ибн Тукуш ұры және зорлықшы болатын, ал оның сарбаздары әумесерлер едi...

Көбiсi түркiлер – пұтшылдар немесе адамшылықтан кеткен мұсылмандар... Ол ру-тайпалардың бiр бөлiгiн қырып, қалғанын қызметке алушы едi... Ал олардың көкiрегiнде бұған деген ыза-кек қайнап жататын. Өз халқына келгенде де, жауларымен қарым-қатынаста да ол сауатты сақ саясат жүргiзбейтiн... Мiне, ендi оған бәрi бiр атаның балалары, тiлi бiр, жүрегi бiр, көсемi бiр моңғолдар төнiп келедi» (Г.Э.Фон Гюрнебаум. «Классический ислам», Москва, «Наука», 1988, стр 186).

Хорезм халқының басына қара бұлт үйiрiлген Шыңғыс ханның қанқұмар бiлiмсiздiгi емес, Орта Азиядағы исламның қорған қалқаны iспеттi саналатын осы билеушiнiң көрсоқыр саясаты мен жеке басының ақымақтығы едi.

«Ұйғыр және қытайлықтармен сауда жасайтын Хорезм саудагерлерiнен Хорезм-шах Шыңғыс ханның Солтүстiк Қытайды жаулап алғанын бiлдi (Цзинь империясымен түркi-моңғолдар ғана емес, Шыңғыс ханның да тiкелей өз жеке басының өштiгi бар болатын. Қытайлар Шыңғыс ханның атасы Амбағай ханды алдап қолға түсiрiп, кергiшке қағып өлтiрген-дi – Ә.Б.) Моңғол билеушiсiне құттықтау салтымен елшiлiк жiберудi дұрыс деп тапты. Шын мақсаты моңғолдардың әл-ауқатын бiлу болатын. Елшiлер мен саудагерлердi Шыңғыс хан зор құрметпен күтiп алды және жауап ретiнде өз өкiлдерi мен сауда керуенiн қоса аттандырды. Дипломаттар да, керуен де негiзiнен Қиыр Шығыспен сауда жасау кеңiстiгiн кеңейу үшiн Шыңғыс ханның агенттерi болуға келiскен хорезмдiктер мен бұхаралықтардан – Мұхаммед II-нiң бодандарынан тұратын. Керуен Хорезмнiң шекарасына жетiп, Сырдария өзенiнiң жағасындағы Отырар қаласына тоқтады. Бұл жерден Үргенiшке бет алмақ болатын. Шах олармен әңгiмелесуге келiсiм бердi. Бiрақ Отырар губернаторы (Иналшық Қайырхан – Ә.Б.) саудагерлердi өлтiрiп, дүние-мүлiктерiн тартып алуға бұйрық жасады (Шахтың құпия тапсырмасымен болса керек). Бұл хабар моңғол императорына жеткенде, ол өз өкiлiн Мұхаммедке жiберiп, одан Отырар губернаторын ұстатып беруiн өтiндi. Мұхаммед бұл өтiнiштi орындамақ түгiлi, елшiсiнiң өзiн өлтiрiп тастады. Елшiнiң жол сiлтеушiсi сақалы күзелгеннен кейiн ғана қайтуға мүмкiндiк алды. Бұл масқаралау болып табылатын. Ендiгi жерде Шыңғыс ханның соғысудан басқа амалы жоқ едi. Дереу құрылтай шақыртып, Түркiстан компаниясының (1218) жоспары жасалды» (Г.В.Вернадский. «Монголы и Русы», 1997, стр 45).

Шыңғыс хан ғұмырының осы тұсына қарасаңыз, қай бастаухаттан да жоғарыдағыдай әңгiменi көресiз. Бұдан кейiнгi оқиғалар «Қылыш көтерген адам қылыштан өлетiндiгiн» дәлелдеп бердi. Жекелеген билеушiлердiң осындай ел алдындағы жауапсыздығы себеп болмағанда, кiм бiледi, Шыңғыс ханның ұлы жорықтары да болмас па едi. Өйткенi бұл кездерi ұлы қағанның жасы 50-ден асқан болатын (Екiншi дерек бойынша 64-те, бұл жаста алыс шапқыншылық жорыққа шыға қоюы қисынсыздау, сондықтан сенiмсiз – Ә.Б.).

Иә, тарих ұлы тұлғаны зерттеушiден оның қарсыластары туралы деректердi де қоса зерттеудi талап етедi. Олай болса Шаханов та, Мұртаза Бұлұтай да қызғыштай қоритын, бiр сәттi әлсiздiгiмен Отырардың күйреуiне себепшi болған Иналшық Қайырхан туралы да әңгiмелей кеткенiмiз жөн болар.

Өткен мақаламызда (Ә.Балқыбек «Шыңғыс хан жайлы шындық неге бiржақты бейнеленуi тиiс?» «Қазақ әдебиетi», 2001, № 21) марқұм, тарихшы Сержан Мұсатайұлы Ақынжановтың «Қазақстанның ортағасырлық тарихындағы қыпшақтар» кiтабынан шежiрешi Жужаниден алынған мына мысалды келтiргенбiз: «615 (1216) жылы... Хорезм шахы Мұхаммед Иемектен шыққан Иакафтанның ұлы түркiстандық Қадырханның тайпасын ойрандауға аттанды» (С.М.Ахинжанов, «Кипчаки в истории средневекового Казахстана», Алматы, 1999, стр 224).

Отырарда Шыңғыс ханның керуенiн түгелiмен қырдыртқызып тастаған Иналшық Қайырхан осы Қадырхан болатын. Арада 2 жыл өткенде ол өзiнiң кешегi қарсыласы Мұхаммедшахқа нелiктен жағымпаздана қалды, осы жағы түсiнiксiздеу. Әлде бүлiк жасаған бұны бiр рет кешiрiп, қолына Отырардың билiгiн ұстатқан жиенiнiң алдында бiр рет көрiнiп қалғысы келдi ме екен? (Мұртаза Бұлұтайдың мақаласында нағашы мен жиен мәселесi көп көтерiледi – Ә.Б.).

Адам жанының құпия қалтарыстарынан хабар беретiн осы бiр көлеңкелi тұсқа Әбiлғазы Баһадүр-ханның «Түрiк шежiресiндегi» мына үзiк жарық түсiретiндей: «Отырардың билеушiсi Иналшық Мұхаммед сұлтанның анасының туысқаны едi. Қайырхан есiмiн оған сұлтан берген-дi. Саудагерлер оған өздерiн таныстырып өттi. Бiреуi оны Иналшық ретiнде бiлетiн болғандықтан, Қайырхан демей, бұрынғы есiмiмен атады. Бұл болса, бұған қатты ренжiп, саудагерлердi қамауға бұйрық бердi де, бiрнеше адамның Отырарға тыңшылық етуге келгендiгi туралы сұлтан Мұхаммедке хабар жiбердi» (Абуль-Гази-Багадур-хан, «Родословное древо тюрков. Москва-Ташкент-Бишкек, 1996, стр 61).

Не деген шыжбыңдық! Бiр ғана Қайырхан деген есiм ешқашан мұсылмандықтың немесе өзгеден биiктiктiң дәлелi бола алмаса керек. Басқа есiмдер де солай. Адам есiмiн саясатқа дәл осылай масқарашылықпен араластыру бұрын-соңды тарихта басқашалай қашан жүз бергенiн еске түсiре алмай дал боласың. Шамасы, бұл оқиға тарихта тiркелген жалғыз дерек болып қалатын болар. Дегенмен, Отырарды Иналшықтың жиенi берген жаңа есiмiнiң құрбаны болды деуге ауыз бармайды. Тым құнсыз баға. Қайырхан үшiн де, Отырар үшiн де.

Мұртаза Бұлұтай «Оның қолы оңтүстiк аймақ­та­рымыздағы гүлденген 26 қаланы жермен жексен еткен. Бұл шапқыншылар Мажарстаннан Кореяға, Солтүстiк Сiбiрден Арабстанға дейiнгi аумақтағы 900 қаланы, яғни 900 өркениет ошағын құртқан» деп жазады. Және бұл пiкiрiн бiр емес, екi рет қайталайды. Шамасы, Мұртаза Хорезм шахы Мұхаммед әскерлерiмен 1219 жылы болған соғыстың салдарын айтып отырған болар. Осы соғыстан кейiн тас-талқан болып жеңiлген Хорезм әскерлерiнiң қалдықтарын түре қуған моңғолдардың Үндiстан, Кавказ және орыс даласының оңтүстiк өңiрлерiне көктей өтiп кеткендiгi анық. Бiрақ, бұлар негiзiнен ашық далада жүргiзiлген шағын шайқастар ғана болатын. Моңғолдар Шыңғыс ханның көзi тiрiсiнде Орта Азияда ғана бiршама тұрақтап қала алды. Ал Ауған, Үндiстан, Әзiрбайжан мен Грузия, керiсiнше түркi-моңғолдардан емес, әкеден қалған билiктi қалпына келтiргiсi келген сұлтан Жәлеледдиннен, Хорезм шахының ұлынан көп теперiш көрдi.

 Тарихта Шыңғыс хан айтты деп саналатын «Атта отырып ел-жұрттарды жаулап алу оңай да, аттан түсiп оны басқару қиын» деген сөз бар. Жаулап алған жердi басқарып, өз билiгiнде бекем ұстап тұру үшiн қатқыл қол, жүйелi есеп керек. Ендiгi жерде осы қатқыл қол мен жүйелi есеп түркi-моңғолдарды Батыс пен Шығыстың арасындағы байланысшы қылып қойды. Иә, қарап отырсақ, түркi-моңғолдар үшiн жаулап алынған Орта Азияның ауқымы да тарлық етпейтiндей. Тарлық етпейтiнi рас та едi. Бiрақ олар ислам әлемi мен христиан әлемiнiң ортасына сынадай болып қағылған-ды. «Бұдан кейiнгi соғыстарға Моңғолия өз еркiмен емес, дүниежүзiлiк тарих пен саясат оқиғаларының қысымымен тартылды. Бұл ел ендi ол соғыстарға қатыспай бейтарап қала алмайтын едi» (Л.Гумилев. «Қиял патшалығын iздеу». Алматы, 1992, 200 бет).

Мұртаза Бұлұтай Шыңғыс хан бабамыздан қалған Жасаға, яки заңдар жинағына да оң қабақ танытпапты. Жасаның М.Бұлұтай ойлағандай емес, ислам әлемiне бiршама ықпал жасағандығын мына сөздер дәлелдей түссе керек. «Араб жазушысы Ибн Тахрибердидiң жазуы бойынша Египет әмiрi Арташ Жасаны толық зерттеп оқыған. Эссюути сұлтан Бейбарыстың Жасаның заңдары мен қағидаларын Египетте қолдануға ниет еткенiн мәлiмдейдi. Расында да мәмлүктердiң Ас-Сияса деп аталатын зайырлылық (светское) заңы Шыңғыс хан кодекстерiнiң негiзiнде жасалған. Әрине, бұл ерекше жағдай. Мәмлүк билеушiлерiнiң шыққан тегi түркi екендiгi, олардың бiршама уақыт Алтын Ордаға бағынышты (вассал) болып тұрғаны әсер еткен болса керек» (Г.В.Вернадский. «Монголы и Русь», 1997, стр 115-116). Шыңғыс хан Жасасы туралы бiлгiсi келетiндер ол туралы жаңағы үзiндi алынған кiтап пен Эренжен Хара-Даванның «Чингис-хан как полководец и его наследие» кiтабынан толығырақ оқып таныса алады. Және Мұртаза Бұлұтай тұжырымынан басқа тұжырымға келетiндiгiне де сенiмдiмiз.

Абылайдың ақ бурасын, Жамбылдың қызыл жолбарысын бiлмейтiндей, (олардың мұсылман екендiгiне кiм күдiктене алады – Ә.Б.). Мұртаза Бұлұтайдың түркi-моңғолдарға ырымшыл, пұтшыл деп бет алды тиiсе беруiнiң де жөнi жоқ. Мұртаза айтты екен деп қазақ халқы бүкiл халық ауыз әдебиетiн жоққа шығарып тастай алмаса керек. Тарихын да керексiз қылып тастамасы анық. Ал сол Шыңғыс ханның империясын құрғандар негiзiнен қазақ ру-тайпалары болатын. Шыңғыс ханның өзiнiң де түбi түркi екендiгiн Лев Гумилевтiң «Көне түрiктерiнiң» бiрiншi бөлiмi «Ұлы түркi қағанатын» зерделей оқыған жай айқын аңғармақ. Бұл бағытта тереңiрек бiлгiсi келетiн жандарға Өмiрбек Панзарбеков пен Болаттемiр Алтаевтардың «ТУ-ГЮ-Түркүл» атты еңбегiн оқуға кеңес етемiз.

Иә, Шыңғыс ханның психикалық ауру емес, керiсiнше сындарлы, сабырлы, досына адал, жауына мәрт кiсi болғандығын ол жүрiп өткен жол, ол кешкен ғұмыр айқын аңғартып жатыр. Басып өткен жорық жолында өзiне деген құрметке ол iлтипатпен жауап берген қалалар сирек болмаған. Шыңғыс хан жайлы кiтаптарды зерделей оқысақ, мұндай деректердiң аз емес екендiгiне сан рет көз жеткiземiз. Ұлы адамның сұңғыла кемеңгерлiгiне тәнтi боламыз. Сөз соңында бiр мақалада Ұлы Адам – кемеңгер бабамыздың ғұмырына жарық түсiретiн деректердi жан-жақты баяндап беру мүмкiн емес екендiгiн айта отырып, ол туралы кемел туынды ендi дүниеге келетiндiгiне сенетiндiгiмiздi айтқымыз келедi.

2001 жыл.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу: