5 Қыркүйек 2014, 11:29
Кіші орданың этногенезінің ізіне түсу тіпті де қиынға соғады. Бізге ең анығы – бұл орда тайпалық конфедерациядан гөрі рулық бас біріктіруге ұмтылған сияқты. Бұлар кейбір тұстарда Алшын рулары одағы ретінде де белгілі, өйткені Кіші орданың он сегіз руы өздерінің ортақ ата бабасының бастауын Алшыннан алады, ал қалған рулары «Жетіру» деген атпен белгілі, олардың бәрі де араға уақыт салып, өздерін алшындармыз деп кеткен деген де сөз бар. Дейтұрғанмен, алшындармыз деген Кіші орданың көбінің өздеріне ортақ бір тегі болғаны күмән тудырады» деп жазады.
«Ал, енді қазақтың ұлы хандарының бірі атанған, «Жеті Жарғы» секілді Атазаңның жазылуына себепші болған, ұлы Әз Тәуке хан XVІІІ ғасырдың басында Кіші жүз руларын басқаруды жеңілдету мақсатында, қиын күндерде басын қосып, қимылдауды оңтайландыру ойымен үш бірлестік құрған. Алты ата Әлім, он екі ата Байұлы, жеті ата Жетіру бірлестіктері осылайша дүниеге келген. Үш жүздің басын қосқан кеңесте Тама-Аташал Көкіұлы Есет батырды Жетіруға ру басы етіп сайлаған деген деректер де бар. Есет 1667 жылы дүниеге келіп, 1749 жылы өмірден өткен деп айтылады» деп жазады «Тама» кітабында.
Иә, Жетірудың басшысына айналған, қазақ тарихында алтынмен аты жазылған Есет Көкіұлы туралы аңыз да, сөз де, жыр да жеткілікті. «Аланың тасы қатты ма, Есеттің басы қатты ма?» дейтін мәтел осы Есеттің ерлігіне таң қалған жандардың тарапынан айтылған деседі.
Есеттің батырлығынан да әулиелігі зор болса керек. «Мәдинәда
– Мұқаммед, Түркістанда – Қожахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет, Ақтөбеде – Ер Есет» деп ел жағалаған диуаналардың берген батасында айтылатын. «Ердің соңы – Ер Есет, пірдің соңы – Ер Бекет» деген сөздер де осы Есетке арналған. Бекет – Есеттің жиеншары деседі. Есет батырдың бейіті Шалқар бекеті жанында. Оның басын құбылаға қаратып жерлемеген. Оны шығысқа қаратып жерлепті. «Ендігі жау шығыстан келеді. Табанымды тіреп жатайын» деген екен.
Есеттің де қара жерден шықпағандығын, әкесі Көкінің Бұхарадағы Көкілташ медресесін салуымен де танымал болғандығын айтсақ та жетеді. Осы мешіт-медресені салудан бұрын Бұқар ханына өзбектің бір уәзірі «Қазақтар мұсылман емес, оларда дін жоқ. Оларды кәпірге санап, жер бетінен жойып, ұлын құл, қызын күң ретінде саудаға салып сату қажет» дейді. Бұл әңгімеге хан таң қалып, зерттеп, зерделеу үшін қазақтарға сауал жолдайды. Мұсылман болмаса, еліне шабуыл жасайтынын ескертеді. Қиын да күрделі жағдайдан Аташал-Тама Көкі құтқарып шығады. Қазақ ханының атынан Бұқараға келіп, Бұқар ханына мұсылман екендігін дәлеледеу үшін үш жыл пұрсат сұрайды. Осы уақыт ішінде, Бұхараның ортасынан жалғыз өзінің ғана қалауымен үлкен, теңдессіз мешіт соғады. Құрылыс аяқталып, оны әрлеу мен сырлау жұмыстары қалғанда ғана шеберлерді араластырған көрінеді. Осы еңбегі ескеріліп, Көкі соққан мешітке Көкілташ аты беріліп, қазақтың басына төнген зауалды күн, өсек айтқан уәзірдің басын алумен аяқталады. Мінекей, Есет секілді ердің әкесі осындай ер болған дейді ел ішіндегі әңгіме. Ал, Есеттің қызы Ботагөздің де батыр болғанын тарих қайталап айтудан жалыққан емес.
Нұрлан Рахымжанов
Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма