Кісе белдік

22 Қазан 2015, 04:53

Кісе белдік – ер адамның әртүрлі қаруларды, қаруға қажетті жабдықтарды және басқа да қажетті заттарды іліп алып жүруге арналған белдігі.

Кісе белдік – ер адамның әртүрлі қаруларды, қаруға қажетті жабдықтарды және басқа да қажетті заттарды іліп алып жүруге арналған белдігі.

Кісе белдік қазақ белдіктерінің ең көне түрі. Көшпелі түркі халықтарында кісе белдік б.з. дейінгі I мыңжылдықтың ортасынан қолданылып келеді. Кісе белдік көне заманнан жауынгердің негізгі атрибуттарының бірі саналды. Қару жарақты іліп алып жүретіндіктен жауынгердің маңызды жабдығы болған бұл белдік түрі ерлер костюмының да маңызды элементіне айналып, иесінің әлеуметтік статусын, әлеуметтік жағдайын көрсетіп, әртүрлі дәрежені белгілеген. Адамның өмір жасының бір кезеңінен келесісіне өтуін, адамның қоғамдық статусының ауысуын, биік лауазымға ие болуын белгілейтін ғұрыптық салттарда белдік буыну осы өзгерісті тұспалдады. Сол себепті өте ерте замандардан барлық көшпелі халықтарда да, кейінгі заманда қазақтарда да кісе белдікті әшекейлеуге әдетте көп көңіл бөлініп отырды. Белдіктің бетіне әртүрлі қызметі бар және әшекейлік мақсаттағы түрлі металл шытыралар бекітіліп, шытыралардың саны, оның көркемделуі жауынгердің қоғамдық дәрежесіне сәйкес болды.

Жауынгерлік белдік болған кісе белдіктің басты ерекшелігі – жан-жағынан салбырап түсіп тұратын, жауынгерлік қаруларды ілуге арналған әртүрлі салпыншақ қайысбаулары мен ілгектерінің болуы. Бұл ілгектер мен салпыншақтардың пішінінің өзгеруінде көшпелі жауынгердің жауынгерлік қаруы кешенінің даму тарихы да көрініс тапты десек болады. Сақ-скиф дәуірінде, ғұн-сармат кезеңінде кісе белдікке жақ пен оқтар салынған горит, семсер мен акинак ілінсе, түркі–қыпшақ замандарында кісеге жауынгерлік қарудың негізгі түрлері – жақ салынған садақ пен оқтар салынған қылшан, семсер, қылыш, қанжар, жауынгерлік балта ілінетін. Әр кезеңнің қаруларының белдікке іліну әдісі өзгеше болғандықтан сол кездегі кісе белдіктердің салпыншақтары мен ілгектерінің пішіні де өзгеріп отырды. Жақ пен оқтарды сақтайтын жабдықтардың – қорамсақ пен садақтың формасының өзгеруі, қылыш, семсерлердің іліну әдісінің өзгеруі олар ілінетін қайысбаулардың да өзіндік пішінін қалыптастырды.

Кісе белдік қазақтарда осы заманға дейін қолданылып келді. Қазақтарда да кісе белдік - ерлер костюмінің басты элементі. Әсіресе батырлар, жауынгерлер мен аңшылар қолданған негізгі белдік түрі болды. Кісе белдік қайыс белбеуден және оған қайысбаулармен ілінген әртүрлі жабдықтардан тұрды. Қайыс белбеу екі қабат тері таспалардан немесе екі бүктелген бір таспадан тарамыс жіптермен тігіліп жасалды. Белдіктің қайыс белбеуінің ұзындығы 1,5-2 м болып, жалпақтығы 2,5-3 см болып келеді. Әдетте қайыс белбеудің бастарына темір ұштықтар бекітілді. Белбеуді тағу үшін оның оң жақ басының ұштығы ілгек түрінде жасалып, сол жақ басында осы ілгек ілінетін бірнеше тесіктері болады. Берік болу үшін тесіктердің шеттері дөңгелек түріндегі металл шытыралармен жиектелді. Қазақтарда кісе белдіктің тағылу әдісі негізгі түрі осы ілгек арқылы тағылу болды. Одан басқа тоғабас арқылы тағылу, қапсырма түріндегі тағылу және баумен байлану әдістері де қолданылды. Белдіктің ілгекпен тағылу және баумен байлану әдістері - көшпелі халықтарда б.з. дейінгі V ғасырдан, сақ-скиф заманынан бері қолданылып келе жатқан көне әдістер.


Әзірлеген: Досжан Мейірім


Бөлісу: