Кипрде қылмыс жасаған Қазақстан азаматтары жазаны өз елімізде өтей алады

26 Наурыз, 00:02 561

Астанада Кипр Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Енді Кипрде қылмыс жасап, бас бостандығынан айырылған Қазақстан азаматтарына жазаны өз елімізде өтеуге мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Келісімге Қазақстанның Бас Прокуроры Берік Асылов пен Кипрдің Сыртқы істер министрі Константинос Комбос қол қойды.

Халықаралық бұл құжат қазақстандық азаматтарға Кипрде жасаған қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда тағайындалған жазаларын өз елімізде өтеуге мүмкіндік береді.

Бұл өз кезегінде сотталғандарды олардың азаматтық қатыстылығы қоғамында оңалту және ықпалдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Кипрдің азаматтары да Қазақстанда сотталған жағдайда осындай мүмкіндікке ие болады.

Мұндай түрдегі халықаралық келісімдерді жасасу Қазақстан Конституциясының 11-бабының талаптарымен көзделген, оған сәйкес мемлекет өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді.

Еске салсақ, 2022 жылдың қазан айында Қазақстан Кипр тарапымен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы және адамдарды ұстап беру туралы шарттар жасасқан болатын.

Кипр Қазақстанда қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық үшін барлық қажетті халықаралық-құқықтық негіз қалыптасқан кезекті еуропалық елі болғанын атап өткен жөн. 

Перизат Саденова
Бөлісу: