Kiosh көрмесіне шетелдік және отандық өнімдер қойылды

25 Мамыр 2023, 19:42 1520

Kiosh 2023-XI қазақстандық халықаралық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі көрмеге отандық және шетелдік компанияның өнімдері қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Солардың қатарында қытайлық компания да болды. Қытайдан арнайы осы көрмеге өз өнімін көрсету үшін келген Жэк Линді сөзге тарттық. Өнімдеріне төрт мемлекет Португалия, Италия, Франция, Германия қызығушылық білдіріп, тұрақты түрде тұтынатынын айтты. Ал Қазақстанға алғаш рет осы көрме арқылы келіп отырғанын жеткізді.

Көрмеге келгендер біздің өнімге қызығып, сұраныс білдіріп жатыр. Мәселен киімдерге 700 данадан тапсырыс келіп түсті. Біздің өнімді көтерме бағамен 1500 данадан бастап алуға болады. Зауытқа және төтенше жағдайларға, құрылысқа киетін киімдердің қыстық және жаздық нұсқалары да бар. Кеше бір адамдар түсін өзгертуге және жаздық нұсқаға тапсырыс берді, – дейді қытайлық компанияның өкілі.

Сондай-ақ, ол бұл киімдер өте қолжетімді екенін тілге тиек етті. Қазақстандық бағамен салыстырғанда үш есе арзан көрінеді. Зауыт бағасымен 3 мың теңгемен алсаңыз, мұнда 9 мың теңгемен сатуға болатынын жеткізді.

Ал еліміздегі «Қазлегпром-Алматы» ЖШС отандық өнім шығаратын кәсіпорынның бірі. «Қазлегпром-Алматы» ЖШС директоры Олжас Зияхановтің сөзінше, аталған серіктестік елімізде аяқ киім мен киімді бір орында шығаратын жалғыз фабрика.

Біз мемлекеттік тапсырыс арқылы және көптеген компанияға киім-кешектерді сатып жатырмыз. Өндірістік құрал-жабдықтың көбісі Германиядан әкелінген. Алматы облысында халық саны көп болғасын, бізге сырт жақтан да жұмысшылар көп келеді. Өндіріс ретінде еңбеккерлерді жұмыспен қамтып отырмыз, – деді ол.

Сондай-ақ, фабрика жұмысшыларын арнайы киім тігуге үйретеді. Тігін тігуге көбісінде мамандар жеткіліксіз екен.

Орташа жалақы 200-250 мың шамасында. Әркім өзінің қабілетіне байланысты жұмысқа орналасады. Сырт елге де экспорт бар. Мәселен ресейлік фирмалардан сұраныс түсті және басқа да мүмкіншіліктерді қарастырып жатырмыз, – дейді өнеркәсіп басшысы.

Бұдан бөлек, ол кемшін тұсын да атап өтті. Мәселен елімізде мата шығару әлі қолға алынбаған. Қажетті шикізаттың көбін шетелден алады екен.

Қытайдан, Ресейден аламыз. Алматының өзінде тері өндіретін зауыт бар. Бірақ оның өнімі толық жеткілікті деп айта алмаймын. Сырттан қосымша алуға тура келеді. Сондықтан бізде шикізат мәселесі шешімін тауып жатса, одан да көп өнім шығарып, технологияны өзгертетін едік. Әзірше, барға қанағат етудеміз, – деді «Қазлегпром-Алматы» ЖШС директоры.

Олжас Зияханов Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қорғалмағанын айтты. Мысалы, көрші Өзбекстан елі салықтан мүлдем босатылған. Яғни, олар сырттан шикізат алып келсе, салық көп төленбейді екен. Ал бізде дайын өнім мен шикізат алып келу бірдей.

Сол себепті, Қытайдан алып келетін өніммен бәсекеге түсе алмаймыз. Өйткені, бізде жұмыс күші кішкене қымбат. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай 300 долларға дейін айлыққа жұмыс істеп жатыр. Ал біздің елде жұмысшылар 200 мың теңгеге жұмыс істегісі келмейді. Оларды да түсінеміз, себебі қымбатшылық бар, – дейді өнеркәсіп директоры Зияханов.

Айта кетейік, аталған кәсіпорынның тігін-аяқ киім фабрикасының өндірістік қуаты жылына 1,5 миллионға дейін түрлі тігін бұйымдары мен 600 мың жұп аяқ киім шығарады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: