Кіндік шешенің міндеті не?

29 Қыркүйек 2015, 08:59

Әрбір адамның кіндік шешесі болады. Кіндік шеше деген кім? Оның міндеті қандай?

Әрбір адамның кіндік шешесі болады. Кіндік шеше деген кім? Оның міндеті қандай?

Кіндік шеше – дүниеге келген сәбидің анасымен байланысқан кіндік бауын қиған адам. Бұл міндетті ертеде қазақ арасында «аққол аналар» деп аталатын әйел босандыруға икемі бар машықтанған әйелдер атқарған. Ол адам баланың кіндік шешесі болып саналады. Дегенмен, көп жағдайда «аққол» босандырушы арнайы таңдалған әйелдердің біріне «жол» беріледі. Кіндік шешеге ата-ананың сыйлас, таныс, аралас-құралас өмір кешкен, мінезі жайсаң, іскер әйел таңдалады. Аяғы ауыр әйелдің ай-күні жетіп, толғағы келгенде таңдалған кіндік шеше бірге болып, әйелдің босануына көмек береді. Себебі, халық ұғымында өмірге келген баланың мінезі кіндік шешеге ұқсап кетеді деген түсінік бар. Таңдалған кіндік шеше ай-күні жетіп толғатқан әйелдің жанында оны босандырушы аққол аналармен бірге болады (Аққол ана; Босандыру). Ол жүкті әйелдің ішін, белін сипап, қолынан ұстап толғақтың жеңіл болу қамын ойластырады. Дүние есігін ашқан сәбиді көтеріп алып, анасына ұл немесе қыз екенін айтып «сүйінші» сұрайды (Кіндік кесу; Сүйінші). Кіндік шешенің орындайтын келесі міндеттерінің бірі – баланың жолдасын ешкімге көрсетпей, адам баспайтын жерге көму. Оны кейбір өңірлерде ұрпағы «жемістей көп болсын» деп, жеміс ағашының түбіне көметін де болған (Нәрестенің жолдасы). Кіндік шеше босанған әйел аяқ-қолын бауырына алып, денсаулығы қалпына келгенше 4-5 күн нәрестесінің күтіміне, үй шаруасына жәрдем беріп, қолғабыс етеді. Кіндік шешенің балаға деген қамқорлығы бала өсіп, ержеткенде де жалғаса береді. Мұнысына орай баланың ата-анасынан қалаған затын ала алады. Сонымен қатар, кіндік шешенің «кіндік кесер» деп аталатын кәде берілуі мүмкін. Оған қымбат бұйым, мал сыйға тартылады.

Екі жас үйленіп, отау көтеріп жатқан кезден кіндік шеше болуды қалап алатын әйелдер де болады.

Жоғарыда аталған нәресте дүниеге келе салысымен оның кіндігін кесу көне наным-сенімге негізделген аса жауапты іс болып саналады. Ырым бойынша, оған арнайы адам таңдалады. Қазақстанның оңтүстік аудандарында (Жамбыл облысы) үйленгелі жүрген екі жасқа да кіндік шеше, кіндік әке тағайындалып, үйлену тойын өткізуге атсалысып, үйленгеннен кейін де ақыл айтып, қамқор болып жүретін салт бар. Кейінгі кездегі дәрігерлер атқаруына байланысты кіндік шешенің күйеуіне қаратыла кіндік әке деген ұғым қолданысқа енген.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу: