Киік мәселесі, су және егістік. Брекешев БҚО халқына қандай уәде берді?

1 Қазан 2022, 05:05 2369

Мәселен, 2026 жылға дейін БҚО-да жалпы ұзындығы 630 км болатын 28,0 млрд теңге сомасындағы 9 канал қайта жаңартылатын болады.

Елімізде, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында экология, геология, су ресурстары, орман және балық шаруашылығы салаларының дамуы туралы Экология министрі Серікқали Брекешев Орал қаласында халықпен кездесуі барысында айтып берді, деп хабарлайды EL.KZ.

Министрдің айтуынша, ел бойынша ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі биылғы жылдың 6 айында 998 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 14%-ға төмен (1,1 млн тонна), ал БҚО-да 12,1 мың тонна, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 43%-ға төмен (27,7 мың тонна). Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Жалпы, экожүйені жақсарту үшін жүйелі шаралар ретінде өткен жылы жаңа экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап өңірлер бөлінісінде экожүйені жақсарту бойынша Жол карталары бекітіліп, іске асырылуда, - деп атап өтті С.Брекешев.

Ол сонымен қатар қалдықтарды басқару мәселелеріне тоқталды. Осы жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚТҚ өңдеу үлесі ел бойынша 23% (2021 ж. – 20%) құрады, БҚО-да бұл көрсеткіш - 14,7%, өсім 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 есені құрады.

Рұқсат етілмеген полигондардың көбеюі, әсіресе облыс орталығында (64) орын алаңдаушылық туғызады. Биылғы космомониторинг нәтижелері бойынша қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың 310 орны анықталды, олардың тек 84-і немесе 27%-ы жойылды. Бұл ел бойынша полигондарды жоюдың төмен деңгейі.

Осыған байланысты, стихиялық қоқыс үйінділерін уақтылы жою, қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол беру бойынша тиісті жұмыс жасамағаны үшін БҚО Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау және Теректі аудандарының ауылдық округтерінің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Министр сондай-ақ соңғы жылдары Жайық өзенінің экологиялық жағдайы, су аз кезең циклінің басталуымен байланысты оның суының азаюы ерекше алаңдаушылық туғызатынын айтты. Сонымен, өзен ағынының 85 %-ы Ресей Федерациясынан судың түсуіне байланысты қалыптасады. 2019 жылы өзен ағынының тарихи минимумы 3,5 км3 тіркелді, бұл орташа көпжылдық көрсеткіштерден 3 есе төмен.

Осыған байланысты, Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мақсатында 2020 жылы Қазақстан-Ресей бағдарламасына қол қойылды. Өзен бассейнін балықтандыруды, каналдарды, суландыру жүйелерін реконструкциялауды, ормандарды қалпына келтіруді, жағалауды нығайтуды, түбін тазартуды және т.б. қамтитын басым іс-шаралардың тізбесі бекітілді.

Бұдан бөлек, су шаруашылығы объектілерінің тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты су шаруашылығының проблемалық мәселелері, судың ысырапшылдығына байланысты су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау және суару арналарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтылды.

Мәселен, 2026 жылға дейін БҚО-да жалпы ұзындығы 630 км болатын 28,0 млрд теңге сомасындағы 9 канал қайта жаңартылатын болады.

Сондай-ақ өңірде геологиялық барлау, орман, балық шаруашылығын дамыту және саны 801 мыңға жеткен Орал ақбөкендерінің популяциясы мәселелері қозғалды. Орал ақбөкендерінің мекендейтін жерлерін сақтау мақсатында ағымдағы жылы БҚО-да «Бөкейорда» табиғи резерваты (343 мың га) және Ащыөзек табиғи қорығы (314,5 мың га) құрылғанын атап өткен жөн.

Фермерлермен жанжалды мәселелерді шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен және Қазақстанның агроқұрылым қауымдастығымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдары мен жайылымдардың егістіктері агроқұрылым жүйесі арқылы егістікті киіктердің зияндау салдарын өтеу тетігі пысықталуда, - деп қорытындылады министр.

Іс-шара барысында С.Брекешев халықтың сұрақтарына жауап беріп, БАҚ өкілдеріне арналған брифингке қатысты.

EL.KZ
Бөлісу: