19 Мамыр 2014, 12:01
Қара құрлықтағы танымал құрамалардың бірі – Кот-д’ Ивуар. Бұл елдің футболшыларының көпшілігі Еуропаның атақты клубтарында өнер көрсетеді.
Кот-д’ Ивуар құрамасы
Бас бапкер: Сабри Лямуши
Команда капитаны: Дидье Дрогба
Ең көп ойын өткізген ойыншы: Дидье Зокора ( 105)
Ең көп гол соққан ойыншы: Дидье Дрогба (63)
ФИФА рейтінгісіндегі орны: 17
Кот-д’Ивуар мемлекеті 1986 жылға дейін Піл сүйегі жағалауы Республикасы деп аталып келді. Сондықтан жанкүйерлер әлі күнге бұл елді «пілдер» құрамасы деп атайды.
Батыс Африкада орналасқан мемлекеттің футбол құрамасы 1992 жылға дейін ешқандай ірі жетістікке жетпеді. Алғашқы жүлделеріне дәл осы аталған жылы Сенегалда өткен Африка кубогында ие болды. 1965 жылдан бері құрлық додасына қатысып келе жатқан команданың бақ жұлдызы осында жанады. «С» тобынан суырылып шыққан Кот-д’Ивуар футболшылары ширек финалда Замбияны, жартылай финалда Камерунды жарыстан шығарады. Турнирдің ақтық сынында Гана құрамасын ұтып, Кубокты бастарына көтерген болатын. Финалдық бәсеке пенальти сериясына дейін жалғасқан. Бір қызығы, футбол лотереясында 24 рет пенальти орындалып, әлем тарихындағы ең ұзаққа созылған пенальти ретінде қалды. Қорытынды нәтижесі 11:10 есебімен аяқталады. Осыдан кейін футбол мамандарының көпшілігі Кот-д’Ивуарды 1994 жылғы әлем чемпионатына Африка құрлығынан баратындардың қатарына қосып қойды. Бірақ, олар іріктеу кезеңдерінде сәтсіздікке тап болып, Нигерияға жол берді. Осылайша, әлем чемпионатына қатысу армандары тағы бірнеше жылға кешеуілдейді.
«Пілдердің» келесі футболдағы жұлдызды жылнамасы 2000 жылдардан бастау алды. Оның барлығы команда капитаны, құраманың тарихындағы ең үздік сұрмерген Дидье Дрогбаның есімімен тікелей байланысты. Дрогба бастаған жігіттер тұңғыш рет 2006 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Сонымен қатар, Африка кубогында сәтті өнер көрсетті. Ақтық сынға дейін Камерун, Нигерия тәрізді қара құрлықтағы көшбасшыларды жарыстан шығарып, тек финалда жарыс қожайыны Египеттен ұтылып, күмісті қанағат тұтады.
Ал әлем біріншілігінде Аргентина, Нидерланды, Сербия және Черногория құрамаларына қарсылас атанады. Германия жеріндегі додада алғашқы аталған қос алыптан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Соңғы 3-турда Сербия мен Черногориядан (3:2) басым түсіп, әлем чемпионатындағы алғашқы тарихи жеңістеріне қол жеткізді.
2010 жылы ОАР-да өткен біріншілікке де жолдары түсті. Бірақ, тағы да жеребе жолдас болмады. Бразилия мен Португалия секілді фавориттерден айналып өту қиынның қиыны. Сол жолы тек Солтүстік Кореяны жеңіп, топта 3-орын алды. Енді, міне, 3-рет төрт жылдықтың басты додасына жолдама иелік етіп отыр. Кот-д’Ивуардың тобындағы елдердің барлығының мүмкіндіктері бірдей. Сондықтан шын мықтыны Бразилияда білетін боламыз.
Қазіргі құрам
2012 жылдан бері құраманың бас бапкері қызметін француз Сабри Лямуши атқарып келеді. Лямуши бапкер Бразилия жерінде де қақпаның кілтін тәжірибелі Бубакар Барриге тапсыратыны белгілі. Бубакар жарақат алып қалып жатса, оның орнын Бадро Али Сангаре мен Сильвен Гбохуо жоқтатпауы тиіс.
Қорғаныс шебінде Сүлейман Бамба («Трабзонспор»), Жан-Даниэль Акпа-Акпро («Тулуза»), Артур Бока («Штугарт»), Бру Бенжамен Ангуа («Валансьен»), Коло Туре («Ливерпуль») өнер көрсетеді.
Жартылай қорғаушылардың арасында үш рет Африканың үздік футболшысы атанған «Манчестер Сити» ойыншысы Яя Туренің шоқтығы биік. Ол – қорғаныс пен шабуылға бірдей үлгеретін физикалық жағынан мығым футболшы. Оның үстіне бүгінгі таңда әлемдегі ең үздік орталық жартылай қорғаушылардың бірі. Одан бөлек Дидье Зокора («Трабзонспор»), Ромарик («Сарагоса»), Абдул Разак («Вест Хэм»), Жан-Жак Госсо Госсо («Генчлербирлиги») бар.
Колумбия секілді Кот-д’Ивуардың да шабуыл шебі жұлдыздардан құралған. Басты жұлдыз ол, әрине, Дидье Дрогба екені белгілі. «Галатарсай» футболшысының бұл соңғы әлем біріншілігі болмақ. Дрогбамен шабуылда жұп құрауға лайықты ойыншылар жетерлік. Олардың қатарында Саломон Калу («Лилль»), Жервиньо («Рома»), Вильфри́д Бони («Суонси») Ласина Траоре («Эвертон»), Сейду Думбия (ЦСКА) бар. Жервиньо мен Саломон Калу негізінен қаптал арқылы шабуылдайтын ойыншылар. Сондықтан орталық шабуыл қызметін Дрогбамен бірге былтыр Голландия біріншілігінің үздік сұрмергені атанған Бони атқаруы мүмкін.
Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:
14 маусым. Ресифи. Кот-д’Ивуар – Жапония
19 маусым. Бразилиа. Колумбия – Кот-д’Ивуар
24 маусым. Форталеза. Грекия – Кот-д’Ивуар.
Бек Төлеуов