ХІ. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек

1 Наурыз 2014, 07:24

Мұндай шешімнің тағы бір себебі бар. Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты.

12.3. Мұндай шешімнің тағы бір себебі бар. Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты. Сонда бұл - неғып қаптап кеткен «байтұрсыновтар»? Тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айырмашылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сиғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Бұл - әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ. Осының бәрін көре отырып, қалыс қалуға дәтім шыдамады. Себебі әліпби ауыстыру бір таңбаны екінші таңбамен алмастыру ғана емес. Ең бастысы, әліпби ауыстыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес.

13. Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: бірінші - әліпби деңгейі, екінші - таңба деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейі. Егер біз әліпби құрамын өзгертетен болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның
емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлап алуымыз керек. Бұл - тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.

13.1. Әрине, әліпби мәселесіне әртүрлі мамандардың қатысы болады. Солардың ішінде тіл мамандары мен информатика мамандарының орны бөлек. Алайда, ешкімнің көңліне келмей-ақ қойсын, жоба авторлары бұл тұста неше түрлі ойға қонымсыз «шеберлік» танытуда. Мұның басты себебі олардың өз алдына ғылыми пән болып табылатын жазу теориясы мен әлеми жазу дәстүрінен бейхабарлығында болып отыр. Сондықтан әркім өз орнын біліп араласса деймін.

13.2. Мысалы,

-тіл мамандары тілдің дыбыс құрамын анықтап, әліпби ретін белгілейді, емле-ережесін құрастырады;

-математиктер әрбір дыбыс пен таңбаның кездесім жиілігін есептеп шығады;

-информатиктер компьютер түйметақтасына оңтайлы орналастырудың амалын (бағдарламасын) қарастырады;

-сызбашылар әріп сұлбасының  қарапайым үлгісін іздейді;

-әдіскерлер оның сауат ашу дағдысын бағалайды;

-көз дәрігерлері көзтанымға әсерін байыптайды;

 -психологтар бала жүйкесіне шақ келу жағын пысықтайды т.с.с., сөйтіп бәріне жұмыс табылады.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: