Халықаралық ана тілі күні: Қазақстанда 23 ұлттың тілі оқытылады

21 Ақпан 2019, 07:35 2511

Астанадағы Достық үйінде елорда бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович, ҚР-дағы Беларусь Елшілігінің консулы Игорь Ивановтың, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, шығармашылық интеллигенция, музыкалық ұжымдар мен жастардың қатысуымен Халықаралық ана тілі күніне орай дөңгелек үстел өтті.

ЮНЕСКО-ның шешімімен 2000 жылдан бастап аталып өтетін Халықаралық ана тілі күні барлық тілдер тең деп танылады, өйткені олардың әрқайсысы бірегей түрде адам атаулысының ажырамас бөлшегі және нағыз мұрасы ретінде ұғынылады.

«Біздің мемлекет азаматтарының қолданысындағы ұлттық тілдерді еліміздің мәдени байлығының бір бөлігі, оларды материалдық, әлеуметтік және құқықтық қорғауына кепілдік береді, әрбір азаматтың қарым-қатынас тілін, оқу және тәрбиелеуін еркін таңдау құқықтарын іске асыруын қамтамасыз етеді», - деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрал Айдашев кіріспе сөзінде.

 Бүгін қазақ және орыс тілдерімен қатар Қазақстанды мекендеген барлық басқа ұлттардың тілдері де еркін дамып келеді. Республикада 23 ұлттың тілі оқытылатын 178 жексенбілік, этномәдени мектептер жұмыс істейді. 11 ұлттың тілінде газет-журналдар басылып, теле- және радио хабарлар эфирге шығады, оның ішінде: украин, поляк, ағылшын, неміс, корей, ұйғыр, түрік, дүнген, өзбек және т.б.

«Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Біздің елде 130-дан астам ұлт өкілдері бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысының қайталанбас рухани және материалдық мәдениеті, тарихы, дәстүрі мен әдет-ғұрыптары бар. Қазақстанды мекендейтін барлық халықтар тең құқылы, өйткені біздің Президент Н. Назарбаев жүргізіп отырған саясат өз тілі мен ұлттық мәдениетін толық дамытуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Астана қаласы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович.

Өз кезегінде ҚР-дағы Беларусь елшілігінің консулы Игорь Иванов дөңгелек үстелге қатысушыларды Халықаралық ана тілі күнімен құттықтап,  белгілі тұлғалардың ана тілі туралы айтылған сөздерінен цитата келтіре отыра,  мәдени мұраны сақтап қалуға шақырды.

Дөңгелек үстел барысында елімізде тұратын халықтардың өз ана тілінде шырқаған әндері мен өлеңін тыңдау мүмкіндігімен қоса музыкалық бағдарлама да ұсынылды.

Бөлісу: