Халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар жүлделі орынға ие болды

19 Шілде 2022, 14:32 2548

Олар 4,5 миллион теңгеге дейін сыйақы алады

Ұлттық құрама химиядан халықаралық олимпиадада (IChO-2022) 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды. Биыл бұл жарыс Тяньцзинь қаласында (Қытай) өтті, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

 Еліміздің атынан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақтау қалаларынан 4 оқушы қатысты. Олар әлемнің 83 елінен келген 322 оқушымен бақ сынасты. Осылайша, 4 оқушымыз да беделді олимпиаданың жеңімпазы атанды.

– Ұлттық құрамаға 2017 жылдан бергі алғашқы алтынды Мадияр Қасымалы әкелсе, Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс жүлдені еншіледі. Былтыр қоржынымызға үш күміс, бір қола медаль түскен болатын,–деді А.Аймағамбетов.

Министр оқушыларымызды жоғары нәтижелермен және лайықты жеңістерімен құттықтады.

– Балаларымыздың математика, физика, химия пәндерінен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері жаратылыстану пәндеріндегі жақсы жетістіктердің көрсеткіші. Команданың табандылығы, білімі, еңбегі және жеңіске деген жігері барлық оқушыға үлгі болары сөзсіз, – деді министр.

Биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары алғаш рет қолдау шараларына ие болады. Олар қомақты ақшалай сыйақы алуға және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік алып отыр. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады.

Бөлісу: