3 Қыркүйек 2014, 13:02
(1770-1865)
Халқымыздың тарихында қалың жауға қарсы жалғыз шапқан батырлар, ердің құнын екіақ ауыз сөзбен шешкен шешендер, ел бастаған көсемдер, ақпа ақындар аз болмаған. Мұндай ұлыларын әсте естен шығармай, ауызданауызға аңыз арқылы осы уақытқа жеткізді. Алайда ұлттық шежірелеріміз бен аңыздарымыздың тарихымызды танудағы орнын тө мендетіп алып жүрміз. Оның орнына қазақ жерінен жүріп өткен шетелдіктердің, отаршылдардың өз дүниетанымдары тұрғысынан жазып кеткендерін тарихи дерек етуге әуеспіз. Өзіміздің ұлттық тарихымызды қастерлер болсақ, алдымен халқымыздың шежірелеріндегі, аңыздарындағы үлкендікішілі деректерді есепке алып, сараптауымыз керек. Мұндай мағлұматтардың таным үшін де, тарих үшін де, тәрбие үшін де маңызы өте жоғары.
Патша үкіметінің қазақ жерін отарлауына қарсы күресте бізге жеткен аңыз деректерінің бірі – Жабай батырдың баласы Сексен жайлы. Атақты Қара бидің баласы Жабай Абылай ханның мыңбасы батырларының бірі болған. Кезінде Тәтіқара ақын:
Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт.
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде ер Жабайды айт, – деп жырлаған. Қожаберген «Елімай» дастанында:
Қиыншылық ылғи болмас, әлі-ақ өтер,
Ерлерім жауды ұзатпай тентіретер.
Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек
Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер, – деген. Ер Жабайдың ерлігін Үмбетей, Ақтанберді, Бұқар, Жанақ ақындар да жырларына қосқан. Осы Жабай батыр өлерінде екі баласы Сексен мен Тоқсанға: «Сексен, саған ерлігімді, Тоқсанға әкем Қара биден қалған билікті бердім», – деп өсиет айтыпты.
Табиғатында ожар, тентек мінезді, бірбеткей Сексен әкесі өлген соң бұл өсиетке риза болмай, жасының үлкендігін бетіне ұстап, аталас Киікбай биге жүгініске барады. «Бүгін бір жерге барып қонып, ертең келіңдер», дейді Киікбай. Ертеңіне екеуін тағы тыңдап:
– Ал, шырақтарым, кеше екеуіңе бір жерге барып қон дегенім, Сексен, сені үлкендік істеп, сабасына түсер, ақылға тоқтап, әке өсиетін сыйлар деп едім. Айтқаныңнан қайтпайтын қатыгез екенсің. Әкең Жабай өсиетіне қосарым жоқ, дейді. Киікбай биге риза болмаған Сексен шыға тартады. Сол кеткеннен жүгін артып, көшін тартып, малын айдап, Наймандағы Бабыр нағашыларына жол тартады. Бұған намыстанған Киікбай Сексеннің көшінің артынан қуып жетіп, былай деген екен:
Беу, Сексенім, Сексенім,
Бұл барғаннан барарсың
Бағаналы Бабырға,
Барған жылы сый қылып,
Хан көтеріп, би қылып,
Қос табақпен тартады
Қос қазыдан сыбаға.
Келер жылы болғанда
Тартар сынған қабырға.
Онан келер жылы болғанда
Қонарсың тал жайылған тақырға.
Қадірің кетер шашылып,
Ыстық демің басылып,
Бірте-бірте айтқаның
Алынбай қалар қабылға.
Жазғытұры болғанда
Ақ ордаңды тігерсің
Ыласты батпақ сабырға.
Күзді күні болғанда
Тағы амалсыз қонарсың
Мал жайлаған тақырға.
Жаныңа ерген жанасып,
Жақын болған жаны ашып,
Табылмас бірі жаныңда.
Екі кісі бас қосса,
Кіре алмассың сыбырға.
Аңға шықсаң атпенен
Атып алған олжасын
Қанжығасына байлар да.
«Жатта сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол»
Деген нақыл бұрынғы
Бар ма, батыр, жадыңда?
Қағынан құлан жерісе,
Сүт таба алмай шөлде өлер.
Кеңінен толғап, Сексенім,
Әлі де тоқта, сабырла,
Соған құлақ салмасаң,
Айтқан тілді алмасаң,
Еркің білсін, жарқыным.
Жерiңе барар адымда.
Қайран туған елім деп
Кейіп, жаным, налыма.
Көтер, Сексен, басыңды,
Аш қабақ пен қасыңды.
Менің атым Киікбай,
Келген жоқпын бекер жай,
Немере туыс тілді алмай,
Болғаным ба сұмырай?!
Мінгенде атың торы ма,
Киікбайдың соры ма?
Кеткенді іздеп келмеспін,
Жуа бітсін жолыңа, – депті. Ат үстінде тұрған Сексен салбыраған басын көтермеген соң Киікбай кейін оралып жүріп кетіпті. Орнында үнсіз тұрып қалған Сексен әлден уақытта шошып оянғандай басын көтеріп, жанжағына қаранып алып: «Көшті кейін бұрыңдар!» – депті.
Содан әкесі Жабайдың өсиеті орнына келіп, Тоқсан билік айтып, Сексен елге бас болыпты дейді аңыз.