Халық қаһарманы Роза Бағланованы құтқарған Құсан Мұқанов

12 Мамыр 2015, 09:08

Соғыс кезінде сарбаздарымызға концерт қоюға барған Роза Бағланова оқ астында қалып, жас жауынгердің ерлігінің арқасында аман қалады.

Құсан Мұқанов бұрынғы Көкшетау облысы Қызыл ту ауданының тумасы. Құсан қызмет жасап жүрген барлаушы рота Қазақстанда  кілең қазақтардан жасақталған, ерлігі мен даңқы дүрілдеп, аты шыққан әскери бөлім болыпты.  Құсан Мұқанов зор денелі, алып күш иесі болса керек.  Жау шебінен  тіл әкелуге барғанда Құсан немістерді бір соққанда неміс жан тапсыратын болыпты.  Достары тірі неміс керек, бәрін бірдей жайпай берме деп ескертеді екен. Құсан алып денесіне сай, зор жүректің иесі, қорқу-үркуді білмеген. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген қағиданы бұлжытпай ұстаған жан болса керек. Оған  дәлел ретінде, бораған оқтың астына ойланбай кіріп Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Халық әртісі Роза Бағланованы соғыс кезінде ажалдан құтқарғанын  жайлы айтпақпын.

Соғыстың қызған кезі, немістер шегініп, Кеңес әскерлері қуа бастаған 1943 жылдары болса керек. Ленинград қаласынан жауды түре қуған кезде, немістерде жан аямай қарсыласып жатқан қызу шайқаста, соғыстың қауіп-қатеріне қарамай Қазақстаннан бір топ әртістер, оның ішінде Роза Бағланова бар, майдан шебіне концерт қоюға шығады. Әртістер Құсан Мұқанов қызмет етіп жүрген ротағада келеді. Концерт басталысымен жан-жақтан жау оғы жауып, пулеметтер дамылсыз сақылдап кетеді. Жер беті астан-кестен болады. Осы кезде рота командирінің «Мұқанов. Розаны құтқар» деген жан дауысы шығады. Құсан батыр оқ ортасында басын басып, бүктісіп отырған Розаға қалай жеткенін білмей қалады. Жан ұшырып қызды қаңбақша көтеріп, окопқа бірақ ырғиды. Қауіпсіз жерге келген Роза жаудың бораған оқтарынан аман қалады. Сау қалғанына қуанған Роза достарын шақырып, қайтадан концерт береді. Барлаушы жауынгерлер риза болғаны соншалық, ел-жұрты қазағына, от пен оқтың ортасына келіп, жауынгерлерге жігер берген қазақ әртістеріне, қаршадай Розаның жігеріне  риза болып, елін сағынған қазақ барлаушылар бір жасап, қамкөңіл қазақтар көзіне жас алады. Концерттен соң Роза, Құсанның аты жөнін сұрап, алғыс айтып, соғыстан аман қайтуын тілейді. Көкшетауданмын деген Құсанға:  «Тірі болсам , тірі қалсаңыз іздеп табам» деп уәде береді. Уәдесін жұтпаған Роза апамыз 1970 жылдары Құсан Мұқановты іздеп Қызыл ту ауданына арнайы келеді. Райкомның бірінші хатшысы Г.В.Пиваров бастаған өзге ұлттың  ығай-сығайларының алдында Құсан ағасының иығына қымбат  шапан жауып тұрып Роза Бағланова апамыз:  Аға алыстан сізді іздеп келдім. Ажалдан сақтаған бірінші Аллаһ, екінші сіз деп, тебірене сөйлеп, көзіне жас алады. Соғыста көрген бейнеттің зейнетін бейбіт өмірде көруін тілейді. Бастық біткен өзге ұлттан болған кезде, өзге ұлттардың алдында, әнімен әлемге танылған Роза апамыз, қазақтың тектілігін танытып, қазақтың шоқтығын, Құсан ағасының шашбауын бір көтеріп тастайды.  Құсан ағасы Розаны төбесіне көтеріп күтеді.  Роза апамыз Қызыл ту ауданына Құсан ағасының жағдайын білуге екінші рет гастрольдік сапармен белгілі әртістер Ғарифолла Құрманғалиев, Байғали Досымжановтармен бірге  келеді.   

Құсан Мұқанов соғыстан оралған соң туған ауданында колхоз төрағасы болып ұзақ жыл қызмет атқарады. Құсан Мұқановтың соғыстағы ерлігі жайлы зерттеп, жаза берсе мәлімет жетерлік сияқты. Бірден, тақырып тарихи тұлға болған Халық Қаһарманы, Кеңес одағының халық әртисі Роза Бағлонава мен Құсан Мұқанов арасында, Жаратушының жарлығымен кездейсоқ болған  өмірдегі шағын үзінді жайлы болғандықтан, әңігімені көпке созбадық.   


                                     Материалды әзірлеген: Дахан Шөкширұлы Жәмші

Бөлісу: