Халiң қалай, әлемнiң ақындары?

30 Маусым 2014, 12:50

Ана жылы Алматыдағы Француз елшiлiгi ұйымдастырған жыр кешiнiң куәсi болғанымыз бар.

Ана жылы Алматыдағы Француз елшiлiгi ұйымдастырған жыр кешiнiң куәсi болғанымыз бар. Кештiң арнайы қонағы болып отырған танымал француз ақыны: «Қазақ ақында­ры­ның рухы өр екен, өлеңдерiнде не жайлы сөз болып жатқанын түсiнбесем де оқу ырғақтарынан, екпiнiнен осыны аңғардым» деген.

Басқасын қайдам, француз әрiптесiмiз дәл осы ойды дұрыс айтып отыр. Қазақ ақынының сағы әлi сына қойған жоқ. Ол өзiн тыңдайтын, тыңдағысы келетiн құлақ әлi бар екенiн жақсы бiледi. Түгел болмаса да халықтың белгiлi бiр тобына поэзия керек екенiн жақсы түйсiнедi. Және бұл топтың саны басқа халықтарға шаққанда көп-ақ. Тоқетерiн айтсақ, ең нашар деген қазақ ақынының өзiнiң де оқырманым жоқ деп қайғыруына әзiрше негiз жоқ.

«Ең таңдаулы американ ақынының кiтабы 500-ақ дана таралыммен тарайды». Кемi миллион қазақ тiлдi оқыр­ма­ны бар ақынымыз Мұхтар Шахановтың қайсыбiр өлеңiнде осы тақылеттес жолдар бар-ды. Бұл дегенiмiз, қарапайым ар­ифметикаға шақсақ, бiр Шахановтың оқырманы бүкiл Америка мен Еуропаның ең таңдаулы деген ақын­да­­ры­­ның оқырманынан көп деген сөз болып шықпайды ма?!

Иә, қазақ ақындары бақытты. Ал осы бақыттың негiзiнде не жатыр? Сол туралы бәр сәт ойланып көрдiк пе? Бiр пәске болса да жауап беруге тырыстық па? Қайдам?!

Мiне, редакциямызда американ қызы қонақта отыр. Оны қазақтың айтыс өнерi қызықтырады. Ал, бiздi американдықтардың өз ақындары туралы не ойлайтындары ынтықтырған. «Шынымды айтсам,– дейдi антрополог қыз, американдықтардың ақындар жайлы пiкiрлерi өте төмен. Олар өлең жазатын қай-қай жанды да мiнезсiз, өмiрден өз орнын таппаған, жолы болмаған, жүйкесi жұқа, қияли жандар санайды. Жапы, Америкада поэзия оқылмайды десем де болады».

Мәне, бұл жас американ зиялысының сөзi. Америкада поэзияға орын жоқтығын ашық мойындап отыр. Аңласақ, баяғыда Есенин барып түңiлiп қайтқан, гүл түгiлi тезектiң иiсi шықпайтын «Темiр қала» екен деп түкiрiп қайтқан Америка әлi сол баяғы қалпында екен. Ал бұл екi ортада бiздiң қанша ақынымыз Есенинмен дерттенiп, Есенинге елiктеймiн деп есiрiктенбедi дейсiз. Есенинше шайқаламыз деп өз басын өздерi жұтып қойғандары қаншама. Шынымды айтсам, алтын басты Есенин түңiлiп қайтқан, есениншiл болып көрiнгiсi келетiн Евтушенко болса доллары үшiн ғана баратын сол Америкаға менiң барғым да келмейдi. Сiздiң ше?

Ендi сауал туады. Сол Американың сол мықты ақындары сол Америкада неге оқылмайды?

Жауап бiреу-ақ болуға тиiс, өйткенi онда шынайы поэзияға орын қалмаған. Ал ақынмын деп жүргендерi, жаңағы қыз айтқандай, шынында да кiлең маңдай соры бес елi бейбақтар болуы бек мүмкiн. Ал егер ағылшын тiлi мықты болып отырса, бұл жаңағы ақындар емес, сол баяғы саудагерлерi мен саясатшылары ғана қалыптастырып отырған жасанды көрiнiс екендiгi еш құпия емес. Әйтсе де саясатшы мен саудагер рухтың ұлылығына ешқашан да балама бола алған емес және ешқашан бола алмайды да.

Қысқасы, өз елiнде оқылмайтын Америка мен Батыстың поэзиясы бiзге үлгi болуы мүмкiн емес. Оларға елiктеп-солықтасақ өзiмiзде бардан айырылатын күнiмiздiң де алыс қалмағандығы.

               ... Ойла, бала,

               Ойлан, бала,

               Ойлан деп,

               Уақыт тұр қарнын сипап, тойған боп.

               Ертпей кеттi жаңа ағындар жаныққан,

               Ерейiн деп мен елпiлдей қойғам жоқ.

 

               Кеттi солай iлескендер дүбiрге,

               Жанап өттi –

               Елемедiм бiрiн де.

               Қарап өттi –

               Қарағандай кей бiрi

               Қайтып келер қазығындай түбiнде...

(Есенғали Раушанов, «Сыр»).

Мiне, осы сөз рас сөз. Осы сөздi айтып отырған ақынның да, қазақ поэзиясының да қуат-қайраты осы байламда. Ал оларды қуатсыз деп айта алмайсыз. Бұл – қазақ оқырманын әлi талай қуандыратын, талай бәйгеден озып келетiн жүйрiк талғам, сергек сезiм серпiнi.

Жиырмасыншы ғасырдағы ұлы қазақ ақыны (Жұмекен Нәжiмеденов) жыр жинағын «Менiң топырағым» деп атады. Өмiрден топырағының тiлеуiн тiлеп өттi. Еш күмән жоқ, топырағымыз аман болса, топырағының тiлеуiн тiлеп, тынысын жырлап өтетiн әлi талай-талай талантты табиғи ақындарды дүниеге келтiредi.

Ал, қазақ поэзиясы, басты мұраты Абай айтқан:

               Өлең – сөздiң патшасы, сөз сарасы,

               Қиыннан қиыстырар ер данасы.

               Тiлге жеңiл, жүрекке жылы тиiп,

               Теп-тегiс жұмыр келсiн айналасы,

болып, әлi талай ғасырлардың есiгiн именбей аша бермек.

Қазақстанның Америка болғысы келмейдi, ал Америка қанша тырысса да Қазақстан бола ала ма?

Сөз соңында тағы да бiр сауал, қызық сауал:

– Есенин барғанда бүйрегi бүлк етпеген Америка Есенғали Раушанов барса қалай қарсы алар екен?

Бөлісу: