28 Мамыр 2014, 11:16
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұзақ мерзімге арналған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы жылдағыдан өзгерек болды. Өз кезегінде бұл бағдарлама қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікірлер айтылып жатыр. Алайда біз де өз тарапымыздан тіл қатып, тіс жарып қалуды жөн көріп отырмыз.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялық Жолдауында ұлттық идеяны паш етті. Көне түрік заманынан бері жалғасын тауып келе жатқан азаттық философиясы мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын алға тартты. Сөйтіп, өз жолының анық, мақсатының айқын екенін тағы бір көрсетті. Қазақтың ұлттық идеясы – «Қазақ мемлекеті» ұғымын сөз етті. Бұл көптен күткен, көптің көңілін күпті еткен мәселе. 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңының VІ тарау 15-бабында айтылған «ұлттық мемлекет» ұғымы одан кейінгі бірде-бір тарихи құжатта айтылмаған еді. Сол себепті де бұл құжатта «Қазақ мемлекеті» ұғымының қайта жаңғыруы – халыққа қанат бітіріп, бір серпілтуі тиіс деп санаймыз. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі де осында.
Жолдауда айтылған «Мәңгілік ел» идеясы халықтың назарын өзіне аударып, дүйім жұрттың көкейіндегісін дөп басқандай болды. Оның үстіне «Мәңгілік ел» идеясының тарихтан бастау алатындығы да белгілі. Ал, ұлт тарихын түгендеу бірінші кезекте тарихшы-ғалымдардың еншісінде десек, қате айтпаған болар едік.
«Мәңгілік ел» сөзі біздің тамыры тереңде жатқан түп тарихымыздан алынғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Десек те, бірер мысал келтіре кетсек. Мәселен, тарихшы М.Қойгелдиев: «...Қытай мемлекетімен арада болған мың жылдық тартыс түркілер үшін «тұтас түркі елі» концепциясының өмірге келуімен аяқталған еді. Түркілердің бұдан былайғы кезеңдегі тағдыры үшін бұл нәтиже қытай қабырғасын тұрғызудан кішкене де кем емес-тін», – деп ой қорытса, тарихшы С.Шілдебай: «Қытайдың дегеніне көнбеу үшін ұлттық идея – «тұтас түрік елі» идеясы қалыптасты. Бұл идеяның негізін Құтлығ, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк және Иоллығтегін сияқты көктүріктер қалап, Көк Тәңірге бас ие отырып биікке ұмтылуды, яғни өршіл философияны таратты. Яғни, Фридрих Ницшенің «Ерік» философиясындағы билікке ұмтылу мәселесі сол VIII ғасырда-ақ қозғалыпты. Түріктердің мәңгілік мақсат-мұраттарын көздейтін «Тұтас түрік елі» идеясын насихаттайтын «Тоныкөк», «Күлтегін» жазбаларының өзін осы идеяны мәңгі көк түріктің ұрпақтарына қалдыру үшін Иоллығтегін тасқа қашатып жаздырды. Бұл – азаттық пен ерлік философиясы!», – дейді.
Бұл туралы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», – деген қанатты сөзі күллі түркі халықтарын бір серпілтіп, ертеңге деген сенім ұялатқаны жасырын емес. Елбасы және бір сөзінде: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы...
Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.
Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді.
Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.
Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.
Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!
Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», – деп ерекше атап өтті.
Міне, осылайша, Мәңгі ел құндылығы бүгін мемлекетіміздің ұлттық идеясына айналды.
Алайда осыған дейін талқыланған ұлы мұраттар сияқты бұған да сын көзбен қарайтындар қазақ қоғамында жеткілікті. Жақтайтындар да, даттайтындар да, бейтарап пікір ұстанатындар да болатынын ескерсек, оған сенімсіздік білдірудің астарына да үңіліп көруге болатын сияқты. Десек те, бұл туралы өзінің оң пікірін білдірген зиялы қауым өкілдері аз емес. Солардың қатарында белгілі қоғам қайраткері М.Жолдасбеков: «Біздің тарихтан да, Құраннан да білетініміз мәңгілік тек Аллаға тән. Алладан басқа жер бетінде, аспан астында мәңгі ештеңе болмайды. Бірақ бізге адаспай жүретін идеология керек. Қазақтың ендігі ұлттық идеологиясы осы «Мәңгілік ел» деп ойлаймын. 2050 жылы біз «Мәңгі ел» бола саламыз деп ешкім кесім жасай алмайды. Елбасы оны айтып отырған жоқ. Қазақтың түпкі арманын меңзеп отыр» деген пікір білдірген екен.
«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екені баршаға мәлім. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана, ол Мәңгілік Ел», – деді Елбасы.
Иә, халықты елең еткізіп, сан түрлі ойға жетелеген бұл идеологияның ата-бабалардан жеткен аманат, болашаққа деген үміт екені анық. Бұл – барша қазақстандықтарды бір тудың астына жиып, біріктіретін, татулыққа, ұйысуға септесетін идея. «Мәңгілік ел» идеясы тарихтан жеткен ұғым.
Біз өз болашағымыздың іргетасын мығым етіп қалауымыз керек. Ол іргетас, ең бірінші кезекте патриотизмнен бастау алады. Яғни, тамыры тереңде жатқан тарихымыз бен қазақы салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетіміз бен тілімізді қастерлеуіміз қажет.
Жалпы, біз ұлттың бірлігі, толеранттылық және еркіндік пен теңдік туралы халқымыздың сан ғасыр бойғы армандарының орындалуына бағытталған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдауымыз керек. Себебі, Қазақстан атты туған еліміз күннен-күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Егер биік белестерді бағындырамыз десек, алдымызға ұлы мұраттар мен асыл мақсаттар қоя білгеніміз жөн. Сонда ғана Қазақстан дүниежүзінде беделді, белгілі, айшықты орынға ие болары сөзсіз. Әрине, дамыған алпауыт елдердің қатарына қосылу үшін әлі де қажырлы еңбек ету қажет. Алайда осы жолда бізге ешқандай кедергі келтірілмегенін ескерген жөн. Бүгінде Қазақстан жастары әлемнің қай елінен білім аламын десе де өз еркі. Тек жиған білімі мен талабы болса болғаны. Сол үшін ел болашағы жалынды жастардың қолында екенін естен шығармаған жөн. Ал жас ұрпақ өз кезегінде сапалы білімнен нәр алып, алға қойған мақсатына жету жолында аянбай тер төгуі қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі Елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы Мәңгілік ел» – деген еді.
Жалпы, Қазақ Елінің болашағын қазақ тілінсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан мақалалардың көтеріп жүрген жүгін айтпай кетуге болмайды. Ана тіліне жанашырлық танытып, «қайтсек қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз?» деп, сауал тастап, оның жауабын тіл мамандарымен бірге іздеп жүрген журналистер қауымына да алғысымызды айтқымыз келеді. «Көш жүре түзеледі» деген аталы сөз бар қазақта. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары алып мегаполис тұрғындары орысшаға анағұрлым бейім болғаны белгілі. Бүгінде, шүкір, қазақтілділер қатары көбейіп келе жатқаны байқалады. Бұл туралы Елбасы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында:– «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, ғаламтордың тіліне айналды. Қазір мемлекеттік тілде білім алатындардың саны көбеюде. Қазақстанда тілді оқытатын 57 арнайы орталық жұмыс істейді. Онда мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты және әрі қарай үйрене береді», – деді.
Тіл мәселесінен тыс дін, діл, бірлік пен татулықты насихаттаудың да орны ерекше. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екені баршаға мәлім. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана, ол Мәңгілік Ел!» – деген сөзі жайдан-жай айтылған жоқ. Бұл біздің жас мемлекет үшін үлгі боларлық, сабақ аларлық ой түйіні. Оны әрбір адам азаматтық борышым, ел алдындағы парызым деп түсінсе игі.
Жалпы, жоғарыда айтып өткендей, кез келген бастамаған сенімсіздік танытатындар қарасы аз емес. Осындай пікірлерге қатысты Н.Ә.Назарбаев Жолдауда былай деген еді: «Қазақстандықтар елдің болашағына сеніммен қарайды. Сауалнамаларға қарағанда, халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуал мен тұрақтылықты, және оның жыл өткен сайын жақсара түсуін қолдап отыр. Бүгінде қол жеткізген жетістіктеріміз ұлттың мақтанышы болды деп айтуға болады. Күшті, қуатты игіліктер ғана ұзақ мерзімдік тұрақты экономикалық өсіммен айналысады. Қазақстан-2050 стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздік өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы деп білу керек». Бұл сөздерді саяси маңызы зор құжаттың ерекшелігіне тоқталып өткені деп білеміз. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаны сынға алғандарға жауап ретінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Кейбіреулер «2030 жылға дейін бағдарлама жасап едік, енді 2050 жылға дейін жасадық. Біз бүгінгі күннің жағдайын ойлауымыз керек» деп айтады. Оны біз түсіндіре білуге тиіспіз. Мысалы, 2050 жылға дейінгі дамыған 30 елдің ішіне кіреміз деген бағдарлама арқылы жыл сайын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі деп сену керек. Біз қалған 35 жылды 7 бес жылдыққа бөлсек, соның әр жылының ішінде әрбір мақсатты орындап, елдің жағдайын жасаймыз», – деді.
Жалпы, жекелеген адамдардың өмірін алып қарайтын болсақ, кез келген кісі баласы өсіп, балиғат жасына толғаннан соң алдына мақсат қойып, өз арманының жетегінде қызмет ететіні белгілі. Мәселен, мектеп табалдырығынан аттаған жас түлек жоғары оқу орнына түсіп, өзі қалаған мамандықтың иесі болсам деп армандайды. Одан кейін қолыма диплом алсам деп тілейді. Осыдан кейін жұмысқа орналасуды көздейді емес пе. Бұдан, яғни мамандық таңдаудан тыс адам өмірінде жар таңдаудың, тұрмыс құрудың жоспары бар. Әрбір адам баласы отбасын құрып, балалы болуды мақсат тұтатыны бесенеден белгілі. Дәл осылай мемлекет ауқымында да кез келген елдің алға қойған мақсаты, жоспары болады десек, Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін оның маңызы аса зор. Егер ертеңгі күнге деген сенім мен нақты межеміз болмаса, жарқын болашақ туралы қалай айта аламыз? Ал ертеңгі күнге деген сенім біздің өз Отанымызға деген махаббаттан бастау алады. Ендеше, Қазақ Елі бұдан былай бодандықтың бұғауын мойнына ілмесін деп тілеуіміз де заңдылық. Осындай үлкен тілекті арқалаған Мәңгілік Ел идеясы бұқара халықтың ойындағысын дөп басты деу қисындырақ. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі Елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің ұлттық идеясы Мәңгілік ел», – деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, Елбасы Мәңгілік Ел ұғымының «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алынғанын айтты.
Белгілі теолог Мұхитдин Исаұлы «Мәңгілік ел» сөзінің ұғымы тереңде жатқанын айта келе, әл-Фараби өзінің «Ғажап ел» туралы кітабында егжей-тегжейлі жазып кеткенін алға тартып, сөзін былай деп сабақтаған екен: «Қысқаша айтқанда, «Мәңгілік ел» дегеніміз, бұл – ғұмыры мың жылға созылып, тұғыры таймаған алдыңғы қатарлы алпауыт ел деген сөз. Бірақ ол үшін ерекшеліктердің төмендегідей бес ұстанымы болуы шарт. Бірінші – діннің сақталуы. Екінші – нәпсі, жанның сақталуы. Үшінші – нәсілдің қорғалуы. Төртінші – мал-мүліктің қорғалуы. Бесінші – ақыл мен ой-сананың, оның ішінде, сана еркіндігінің сақталуы. Бұған қоса айтарым, «Мәңгілік ел» болу үшін билік пен халықтың арасында алынбас қамал, ешкім кіре алмайтын жабық қақпа болмауы тиіс», – дейді.
Шынтуайтында, Елбасымыз Мәңгілік Елге жетелейтін, мақсатты әрі мәртебелі жолды жалғастыратын жастарға, яғни бізге үлкен сенім артып отыр. Себебі, ел болашағын баянды ететін, үлкендер салып кеткен сара жолды жалғастыратын – жастар! Сол себепті, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолында аянбай еңбек ету біздің де азаматтық парызымыз. Қазақ Елін төрткүл дүниеге таныту да жас ұрпақтың қолында десек, осы жолда аянбай еңбек ете білуіміз қажет. Ел Президентінің жастарға көбірек сенім артуы – осының айшықты дәлелі. Және бұл туралы Елбасы өз сөзінде жастарға қарата былай деген болатын: «Бұл Стратегия Сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Елдің болашағын бірге жасаңыздар!». Иә, біз, өз еліміздің жалынды жастары, өзімізге артылған сенім мен үмітті ақтап, жарқын болашақ жолында қызмет етуіміз керек. Біз, сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткізген, тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келіп, ер жеттік. Еліміз болашағы біздің қолымызда. Ол үшін сапалы білімнен нәр алып, өз Отанымыздың болашағына кішкентай болса да еңбек етуіміз қажет. Ал жоғары білім алуға бізде барлық мүмкіндіктер жасалған. Тіпті, өз елімізден тыс өзге де әлемнің алпауыт мемлекеттерінде білім алуға да жол ашық. Бір ғана мемлекеттік «Болашақ» Бағдарламасы аясында жас ұрпақ дүниежүзінің ең таңдаулы оқу орындарында оқып, білімін жетілдіруде. Сондықтан білімді, білікті, ұшқыр ойлы, саналы, өз елінің патриот жастары бар міндетті жүрегімен сезінсе екен. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену – Қазақстан жастарына жүктелген зор міндет деп санаймыз. Біз, жастар, өз білімімізбен, ұтқырлығымызбен, ойшылдығымызбен, жаңашылдыққа деген құштарлығымызбен осы мұратқа жету жолында аянбай еңбек етейік. Сонда, «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау да, оның жемісін көру де бізге тиесілі болмақ. Қандай болсын, мемлекеттік бағдарламаларды, саяси ірі-ірі шешімдерді жүзеге асыратын да, жемісін көретін де – жастар. Сондықтан, өзімізге артылған сенімді ақтау жолында үлкен жауапкершіліктің тұрғанын сезінейік. Елбасының жастар саясаты дамуын нақтылай түскенін – Бізге артылған үлкен сенім деп қабылдайық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар қазақта. Сонда ғана елімізді төрткүл дүниеге танытып, болашағын жарқын ете аларымыз хақ.
Айгүл Әнуарбекқызы