27 Тамыз 2014, 04:00
Кедейлік, тағы басқа себептермен өз орнын қоғамдық ортасынан таба алмағандар өздерін қоғамға қажетсіз сезінеді. Адамдар мұқтаждық пен керексіну сезімдерін қалай, қандай жолмен қанағаттандырады деген сұраққа жауап беру аса күрделі тақырып болғандықтан бұл мақаланың мақсаты емес. Бірақта материалдық кедейлікті рухани байлық пен адами сана арқылы бақылауға ала білсе, ол адам қоғамдағы өз кетігін таба алады. Ал, керісінше жүйелі жолдар арқылы дұрыс бағытын тауып қоғамдық орнына орныға алмаған адам адасу жолына түсіп кете береді. Екінші жағынан қазақ баласы билік пен байлыққа тəуелді болып пенделік тəкаппарлық табиғатына сай қаншама қоғамға мұқтаж адам екендігін сезе алмаса қазақ ұғымына сай «жетім» күйін кешеді. Ол халқының қалаулысы да, елеулісі де бола алмайды. Ондай билер мен байлар əділетсіз қоғамдық қарым-қатынастар арқылы қоғамның соры болып, елді де жетім күйге түсіреді. Қашаған жырау ондай жағдайды «Хакімі əділ болмаса, Бұқара байтақ ел жетім», деп жырына өзек етеді. Жалпы алғанда адам қоғамға мұқтаж. Қоғам да адамға мұқтаж. Адам өз қабілетінің шектеулі екенін ұмытпау үшін ұдайы Алла тағаланы естен шығармау керек. Өйткені тек қана Алла тағала ешкімге, еш нəрсеге мұқтаж емес. Ал, барлық жаратылыс Алла тағалаға мұқтаж. Себебі Алла тағала бүкіл əлемнің жаратушысы. Құран кəрімнің Ықылас сүресінде бұл жайт Алла тарапынан анық та айқын айтылған. Осы тұста жырау адам мен табиғаттың да өзара байланысын ұмыт қалдырмайды. Жырау: «Қаптаған елі қонбаса, Жайылған малы болмаса, Көкорай шалғын жайлауы, Жеусіз тұрып сор- ласа, Ел қонбаған жер жетім. Ішсең суы құрсағыңа жақпаса, Адам менен мал түгіл, Қаңғырған қарсақ татпаса, Ащы дария көл жетім», деген жолдары адам мен табиғаттың болмысы бір-бірімен тоқайласып жатқанын нұсқайды. Қашаған жырау «бұл дүниеде не жетім?» өлеңінде əуелі тіршіліктің үш тірегін қатарынан анықтайды. Олар: адам, қоғам, табиғат. Одан кейін қазақ қоғамының өз заманына сай салт-дəстүріне орайластырып қоғамның көңілін ардагер қарияларға ауда рады. Қариялардың қоғамнан оқшауланып, кейінгі ұрпаққа қажетсіз болып қалған жағдайын қазақтың психологиялық ұғымына сəйкес жетімдерге балайды. Жырау: «Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар елеп келмесе, Келіп сəлем бермесе, Қайғысы келіп күңренген, Күнінде асыл десең де, Қартайған күнде ер жетім», деп түйіндегені де адам өмірінің бір кезеңінде көрініс табатыны да шындық. Сол себептен қазақ психологиясының өзгере қоймайтын бұл түйсігіне орай əр кезеңнің қоғамы қариялар үшін дұрыс көзқараспен қабылдаған шешімдері оларды жетімсіретпейді. Өмір жолын ерен еңбекпен өткізген қарттар егер де жаңа ұрпақтың жадында құрметке бөленіп жүрсе, алдағы қысқа өмірін жетімсіремей өткізер деген үмітпен қарттардың психологиялық ахуалы да жыраудың өлең жолдарына өзек болып отыр. Өйткені адамзат өмірінің соңғы кезеңінде елеусіз қалса, тиісті сый-сияпат көре алмаса өткен өмірінен мəн-мағна таба алмай адамдық болмысы таба болғандай күй кешеді. Елеусіз қалған қазақтың кемпірі мен шалына одан артық қасірет те бола қоймас. Қашаған жыраудың қарттар жөніндегі ой сабақтастығын мына өлең жолдарында да байқай аламыз: “Қырға шықса – белім деп, Ойға түссе – тізем деп, Келін менен балаға Қонақ болған уақытта, Басынан билік кеткен соң, Кемпір менен шал жетім”. Қашаған жырау адам мен қоғам, қоғам мен табиғат арасындағы психологиялық байланыстарды тереңдете келе, ел басшыға мұқтаж, басшы таққа мұқтаж екенін жыр еткен. Ол: «Тақтан түскен хан жетім, Басшысыз қалған шəр жетім», дейді. (шəр: шаһар-қала, ел, мемлекет) Бұл өлең жолдарында жырау хан мен мемлекеттің бір-біріне қажет екендігін нақтылайды. Өйткені хан тағында халқымен, елімен қауыша ала алады. Тақтан айрылғаны ханның елден қол үзгені болып табылады. Сондай-ақ тағы жоқ ел, басшысы жоқ ел. Басшысы жоқ ел жетім қалған ел демек. Қазақ тəрбие көрмеген адамды «бибастақ» деуі де осындай түсініктен шығады. Басы жоқ ел бибастақ елге айналады. Қорыта айтқанда Қашаған жырау өз заманының қоғамдық психологиясына терең үңіле отырып, қазақ халқы өз кеңістігінде адам болып өмір сүруге тиіс екенін, нақтылап береді. Адам баласының табиғатындағы психологиялық ерекшелігі оның қоғамға мұқтаждығы, əрі оның қоғамға керектігі. Ал, адамдар осы екі бағытта елеусіз қалса, оның салдарынан жетімсірей жүріп бақытсыздыққа тап болады. Сондай-ақ жырау адам, қоғам мен табиғаттың тағдыры бірі-бірінен ажырамас тағдыр екенін айқындайды. Сөз соңында айтарымыз: Қашаған жыраудың шығармалары психологиялық, қоғамдық, саяси, педагогикалық, тілдік, көркемдік тұрғыдан қазақ мəдениеті мен əдебиетіне қосқан үлесі үшін əлі болса жан-жақты тереңдете зерттелуге тиіс демекпіз.