20 Қазан 2015, 06:28
Абай өлеңдері Қазақ сахарасына тез тарап, халықпен тез қауышуы – естуге жайлы, есте сақтауға да, айтылуға да қолайлы байсалды әуендерімен үндестікте келуінің нәтижесі.
Ғасырдан астам тарихы бар Абайтану ілімінде өз қолтаңбаларын қалдырған дара тұлғалардың, қайраткерлер мен ғалымдадың, зерттеушілердің еңбектерін мұқият зерделей келе, бұл еңбекте Абай дүниесін өзіндік тылсым әлемімен бойлаған қазақ композиторларының шығармаларына да назар аудартуды жөн көрдік.
Абайдың көзі тірісінде ең алғашқы болып Хакімнің шығармашылығы туралы ХІХ ғасырда ең алғаш қалам тартқан философ, ақын, замандастары -«әулие» деп мойындаған Мәшһүр Жүсіп Көпеев. 1889 жылы «Дала уәлаяты» газетінің 48 номерінде «Жаз», «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңдеріне корреспонденция жасаған. ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов, Кәкітай Ысқақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, одан берірек Кеңес заманының басталу кезеңдерінен Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамедов, Ғабдрахман Сағди, Құдайберген Жұбанов, Алексей Белослюдов, Сәбит Мұқанов сынды қазақ зиялылары ақынның өмірі, қоршаған ортасы, шығармашылығы, дүниетану даналығы, көркемдік әлемі мен философиясының қырларына қатысты ой қозғаған. Белгілі абайтанушы, филология ғылымының докторы Мекемтас Мырзахмет «Абайтану тарихы» (-Алматы: «Ана тілі», 1994. -192 б) деген еңбегінде Абай мұрасының зерттелуі туралы жазылған құнды деректер мен архив қазыналары егжей-тегжейлі екшелеп, Абайтану тарихының қалыптасу жағдайы сала-салаға бөліп баяндаған. Бір ғасырдай уақытта ақын мұрасын танып, бағалау жолындағы жетістіктер мен кемшіліктерді бүгінгі күн тұрғысынан таразыланған. Сөз басында «Абай мұрасын тану, бағалау жайлы зерттеулік пікірлер 1889 жылдан бастап ресми баспасөздерде жариялану, танылу тарихын ғылыми тұрғыдан біртіндеп аша түсу әрекеті біздің әдебиетімізде өткен ғасырдың елуінші жылдарынан сөз етіле бастады. (М.М.) Біздің оқығандарымыздан білетініміз, Абай өз өлеңдеріне әу баста онша мән бермегендігі.
Халықтың әншілік дәстүрінің қай замандардан басталғанын дәл дөп басып айту өте қиын. Қазақтың шығу тегі, халықтың тарихы қандай көне болса, халқымыздың әр дәуірде басынан өткізген қайғы – қасірет, қуаныш-сүйінішінің көзі тірі жанды айғағы болған әншілік дәстүрдің тарихы да тым алыс, әріде жатыр. Абайдың өзі шығарған әндерінің бізге жеткендері қазақ музыкасына жаңа леп қоса сол заманның өзінде-ақ елден елге шапшаң тарады. Орыс ориенталистерінің пайымдауынша Абай Құнанбаевтың кейбір өлеңдері әнмен таралып, авторы беймәлім халықтың репертуарға айналып кеткен. Абай әндерінің эстетикалық маңызы – мақамының поэзия құрылымымен біртұтас, үндестікте келісу жаңашылдығы. Ақын сөзімен айтқанда «Жұп жұмыр, бүтін келсін айналасы».
Абайдың композиторлық шеберлігі – қазақ музыкасына жаңа леп қосуымен эстетикалық танымдық, философиялық, идеялық-тәрбиелік маңызының артуына жол ашушы. Музыканың қайнар көзі адам өмірі мен қоғамның өзі болып табылады деген қағидаға сүйенсек Абай әндерінен сол замандағы қоғамның аяқ алысын анық байқаймыз. Ең алдымен шыққан тегі мен отбасындағы әлеуметтік жағдайы, бала Абайдың дүниетану, қабылдау түйсігіне әсер етуші бірден-бір жағымды факторлармен қалыптасуы. Тәпіштей тарқатсақ, әкесі – Құнанбай Өскенбайұлы шариғат заңдарын ұстанып қана қоймай, оның жолдарын таза мойындаған, әрі нақты орындауда «көзбояушылықты» қолданбаған жан. М.Жүсіп Көпеев: «Мен қазақта қажы деп Құнанбай қажыны айта аламын» – деген екен.
Абайдың бала кезінде, Құнанбай шаңырағында Дулат жырау мен Байкөкше ақындарды қонақ етіп, жібермей өлең айтқызып, бір ай бойы үздіксіз тыңдауы, (1856 ж) кейінірек Біржан Сал мен Әсет ақындарды әдейі шақыртып алып, бірнеше айлар ауылында болдырып, әйелі Әйгерімді, жанындағы шәкірттерін әншілерден ән үйренуге қосуы «Әнді сүйсең менше сүй» деген тұжырымына дәлел.
Медреседе тіл сындырған Абай, «Қырағат оқуын» меңгерген. Ал, «Қырағат оқуы» мақаммен оқылатыны түсінікті. Ол мақам – айқайдан, декламациядан, жасанды елірме екпіннен аулақ сөз бен үннің үндесу процесінен туындайтын құбылыс. Осы ретте әркімнің өзіндік, ішкі «мені» сөз, әуез құдіретімен үндеседі. Абай әндерінің байсалды, орнықты, мәтінмен анық үйлесіп жатуында шариғат мақамдарының тәрбиесінде қаланғандығынан деп айтуға негіз бар.
1889 жылы Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан «Онегиннің өлер алдындағы сөзі» мен «Татьянаның Онегинге жазған хатын» аударып қана қоймай, әуенін қоса шығарады. А.С.Пушкин поэмасының геройларының әсері қазақ әндері тарихына «Қыз сөзі», «Жігіт сөзі» болып махаббат жанрындағы әндер болып енді.
Ең көне жанрлар тобына жататын халықтық тұрмыстық әндер – профессионалдық өнердің қалыптасуынан көп бұрын, халықтың қайнаған ортасында туды. Қ.Жұбанов Абайдың алдындағы әдебиет мәселесі туралы: «Ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түрлі болатын: бірі –емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «әлди-әлди, ақ бөпемі», атаның «сал-сал білек, сал білегі», қойшының әні, қыздың сыңсуы, жаралы қатынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті. Екіншісі – шағатай әдебиеті. Абайдың алды осы екеуі ғана. Абайдан бұрынғы қазақ әдебиеті бұл екеуінің шарасынан шығып көрмегенді», - дегенді жазған. Бұдан байқайтынымыз, халық әдебиетінің құрамындағы жоғарыдағы аталғандардың барлығы әуенмен айтылса да, Қ.Жұбанов «әдебиет қазынасының бірі» деп жалпылай айтады. Қалай десек те, абайтанушылар негізінен Абайды сөзінен іздейді, және Абай мұрасын танып білу, түсіну үшін не керек екенін талдап, қорытындылап береді. Мәселен Мекемтас Мырзахметұлы: «Абайдың дүниеге көзқарасының ауқымы кең, саласы мол. Әсіресе, оның эстетикалық дүниетанымы негізінен поэзия тілімен берілсе де, қазақ қауымының ой-санасында тұңғыш рет теориялық тұрғыдан айтылып жазылумен ерекшеленеді»... және «өз ортасы мен дәуірінің өресі жетпеген жаңалығы боп табылатын эстетикалық ойдағы соны да тың көзқарасымен, кемеліне жетіп, толысқан ақындық бағдарламасымен келіп қосылды», - деп өнерге бағытталған «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Құлақтан кіріп, боды алар», «Адамның кейбір кездері», «Базарға қарап тұрсаң, әркім барар», «Сегіз аяқ» сынды өлеңдерін тарқатады.
Абай әндеріне ден қойғанда, әуен иірімдерінің сөзбен үндестікте келуі мен әнді айтушының ішкі жан дүниесімен үйлесім реңкін іздегенде Абай даналығын дөп тауып, жан-жақты түсіндіріп берген абайтанушылардың еңбегі, орасан зор. Орта ғасырларда композиторлық творчество өнер саласында ерекше мамандық ретінде толық қалыптасып, адам баласы ой-армандарын, сезімін, көңіл күйін бейнелеп беру мүмкіндігі едәуір кеңи түсті, жаңа жанрлар пайда бола бастады. Қазақтың халық әндеріне тән әнші-жыршылар өзінше түрлендіріп қолданатын «ахахау, е-еһей!, хайләйлім» сынды екпінді «әлқиссаны», таптауырын, шолақ мәтіндер Абай дүниесінде кездеспейді.
Абай туралы деректерді жинап, жариялаушылардың бірі болған Ілияс Жансүгіров 1923 жылы «Тілші» газетінде «Абай кітабы» деген мақаласында тұшымды ой тастайды. «Абайдың алды-артындағы ақындардан артықшылығы: өлең, жырларын неше түрлі күй сымбалдарына салғандығы, кейінгі жазушылардың Абайдың күйін көп қолданып жүрсе де, Абайдан артық күй тапқан жоқ. Аспақ түгіл кейбір тәтті күйіне өлең өлшем де жаза алған жоқ (мәселен, «Сен мені не етесің»), Абай қазақ әдебиетіне тіл жағына үлгі болса, күй жағынан да үлгі» - дейді. Абай кітабын бастыруда орын алған кейбір жаңсақтыққа, сөздердің бұрмалануына сын айтып Абай сөздерін (түзетсек жазушыға қиянат қылған боламыз. Абай халықтың өз рухы тілімен сөйлеген ақын», - деп Абай шығармаларын бастыруда түпнұсқаны бұлжытпай өз қалпында беруді талап етті. / М.М./
Абай әндерінің жинақталуы, нотаға түсірілуі мен кітап түрінде жарыққа шығуы ХХ ғасырдың 20 жылдарынан басталады.
Абайдың көзі тірісінде ауыздан ауызға көшіп, жатталып қалған әндерін А.Бимбоэс (ұлты -неміс), А.Затаевич (ұлты –поляк) сынды зиялылар нотаға түсірген.
Сымбат Мүталапхан,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі,
өнертанушы-этнограф.