ҚХА ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ИНСТИТУТТЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА XXVII СЕССИЯДА ТАЛҚЫЛАНАДЫ

26 Сәуір 2019, 00:00 2325

Қазақстанның берекелі жерінде бүгінде жүз отыздан астам ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде.

Бір республика аумағында көпмәдениетті халықтың бейбіт өмір сүруіне еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы ықпал етті. Ол барлық этностардың мүдделерін біріктірген, азаматтардың ұлттық және діни тиесілігіне қарамастан құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ететін Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды элементіне айналды.

Елбасы басқаратын Ассамблея бүгінде еліміздің тек конституциялық-кеңесші органы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыратын Қазақстан Республикасы Конституциясының кепілі болып табылады.

Жиырма төрт жыл ішінде институт халықтың бірлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының жан-жақты жұмысының арқасында әрбір қазақстандықтың өмір сүру салтының ажырамас бөлігі, үлгілі моделі бола алды.

Ассамблея құрылған сәттен бастап үздіксіз жетілдіріліп, халық қызметінің барлық салаларын қамтыды. Ол жас тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудағы тірек, көмекші орган болды.

Әлемде теңдесі жоқ осы бірегей институттың құрамында түрлі қызмет саласына жауапты бөлімшелер жұмыс істейді.

Мұнымен Ассамблея жұмысы шектелмейді. Ассамблеяның конституциялық-кеңесші органының басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен жыл сайын өткізілетін ҚХА сессиясының жоғары органы уақыт талаптарына сәйкес ҚХА қызметіне өзгерістер енгізуді жалғастырады.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғырту» атты XXVII сессиясы өтеді.

Іс-шараға еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен бір мың бес жүзден астам адам қатысады деп күтілуде.

Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдары басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым мен бұқаралық ақпараттық құрал өкілдері бар.

Сессия жұмысында Ассамблеяның алдағы жылдарға арналған жаңа міндеттері талқыланып, 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын мерекелеу бойынша тапсырмалар беріледі.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші толқынының жеңімпаздары, шетелдік қонақтар мен Ассамблея мүшелері өз жетістіктерінің тарихын баяндайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы жастар елдің болашағы екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан сессия жұмысында жас ұрпаққа, олардың жұмысына, жоспарлары мен міндеттеріне үлкен мән берілетін болады.

Дәстүр бойынша сессия Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен аяқталады.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: