ҚХА-ның 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспары бекітілді

26 Шілде 2019, 11:36 63589

Үстіміздегі жылдың мамыр айының 13-інде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин қол қойған Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспары туралы Қаулы бекітіліп, жарияланды.  

Осыған сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар бекітілген іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету талап етілген. Шаралардың орындалу барысы жайлы ақпарат жарты жылда бір рет ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберілуі тиіс.  

Іс-шаралар жоспары шартты түрде Әдестемелік, ұйымдастырушылық-практикалық, Қоғамдық-бұқаралық, ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу, ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары болып алты үлкен тармаққа бөлінген.

Енді орындалуы, атқарылуы тиіс іс-шаралар қандай екен деген сұраққа жауап іздеп көріп, әрқайсысына бөлек-бөлек тоқталып өтсек.

Жоспарда көрсетілген 63 іс-шараның барлығын дерлік республикалық бюджет есебінен іс жүзіне асыру көзделген.

Мысалға жыл сайын төртінші тоқсанда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпараттық-анықтамалық материалдарды шығару мен қазір ерекше белсенділікпен жүргізіліп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық (900-ге жуық) этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеуден өткізу жұмыстарын ұйымдастыру мен өткізуді қамтасмасыз ету де бөлек тармақ болып шығарылған. Бұл жұмыс жыл сайын өткізіледі және қосымша қаржыландыруды қажет етпейді.

2020-2021 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері үшін тәжірибелік семинар-тренингтер ұйымдастыру да қарастырылғаны қуантады. Себебі білімді жетілдіріп, арттырып отыру қай уақытта да артық еткен емес.

Осындай семинар-тренингтер мемлекеттік құрылым өкілдері үшін де қарастырылыпты. Ал Медиация институтын дамытуына қатысты семинар-тренингтер ұйымдастыру бүгінгі күннің өзекті талабы. Себебі қазіргі таңда дауларды айғай-жанжалсыз сотқа жеткізбей, бітімгершілік жолмен шешу жай ғана тренд емес, уақыт талабы. Себебі, дау-жанжалдан екі жақ та ұтылады, шығындалады. Біріншіден, жүйке құрыса, екіншіден қаржылай шығын кететіні тағы бар. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін де билер сотын, медиатрлық институтты дамыту ісі Қазақстанда жақсы жолға қойыла бастағаны көңіл қуантады.  

Сонымен қатар орталық қана емес, облыстардағы әкімдіктердің жанындағы «Қоғамдық келісім» мен аймақтық Ассамблеялардың басқа да қоғамдық құрылымдары өз қызметтерінде заманау басқару әдістері мен құралдарын қолдануға көшіп жатқаны ерекше қуантады. Осы үрдісті одан әрі жалғастыру мақсатында менеджменттің заманауи әдістерін енгізу бойынша әдістемелік кеңестің отырыстарын өткізу де жоспарланып қойыпты.

Үстіміздегі жылы Қазақстан этностарының арасында ортақ құндылықтарды қалыптастыру мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету ісіне ерекше көңіл бөлінбек.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраларының жұмысын қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша қамтамасыз ету жөніндегі іс шаралар да кенжелеп қалмақ емес.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сонымен қатар барлық этномәдени бірлестіктерді мейлінше ортақ іске тарта отырып, Жастар жылы аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының жұмысын одан әрі дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды атқаруды мықтап қолға алған.

Бұл тұрғыда ҚХА қоғамдық келісім кеңестері (ҚКК) жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз ету мен азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту істеріне ерекше назар аударылмақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық ақцияларын өткізуге сан мәрте мұрындық болып отырғанына қазақстандықтар куә. Осы орайда қайырымдылық ұйымдарының, меценаттардың, донорлардың және этномәдени бірлестіктерінің қайырымдылық қызметтерін үйлестіру ісі де жыл сайын ерекше бақылауда болмақ.

Қайырымдылық демекші, ҚХА «Қайырымдылық керуені» республикалық жобасын өткізу бір ізге қойылған. Соның шеңберінде орталықтар мен аймақтарда қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру және өткізу жылдық Жосапрға енгізіліп, бекітілген.

Бұл үлкен маңызы бар шаралардың шарықтау шеңі ретінде қайырымдылық ұйымдары мен донорлар өкілдерінің қатысуымен төртінші тоқсанда өтетін «Қайырымдылық керуені республикалық форумы өтпек. ҚХА түрлі этнос өкілдерін мемлекеттік тілді және қазақстандық этностардың тілдерін меңгеру ісіне мейлінше ат салысып келеді. Осы бағыттағы жұмыс жыл сайын арнайы іс шаралар жоспарына сай жүзеге сауда. Осының төңірегінде ҚХА этномәдени бірлестіктері үшін арнайы тілдік мектептерді ұйымдастырып, өткізеді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да арнайы қаржалындарудың арқасында қарқынды іс жүзіне аспақ.

2014 жылы Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚХА журналистер клубы құрылған болатын. Соның қызметін қамтамасыз ету Іс шаралар жоспарында қарастырылып, бюджетпен бекітілген.

Оның төңірегінде жыл сайынғы «Шаңырақ» этножурналистика саласында конкурсты ұйымдастырып, өткізу де – игі бастамалардың бірі. Себебі аталмыш байқау қоғамдағы этносаралық тұрақтылық пен бейбітшіліктің қазақстандық моделін қамтамасыз ету жолында ерекше рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Журналистер өз жұмыстары арқылы жұртышылқ пен оқырман қауымға, көрермендерге өз мақалалары, бейнесюжеттері мен радиоэфир арқылы көпұлтты Қазақстан халқының азаматтарын ауызбіршілікке шақырып, бейбіт өмірдің құндылықтарын жан-жақты насихаттап келеді.  

ҚХА алғаш рет 2019 және 2021 жылдары халықаралық медиа-форумын ұйымдастырып, өткізуді қолға алмақ.

ҚХА жыл сайын «Үздік медиатор» және «Үздік медиация кабинеті» байқауын өткізіп келеді. 2020 жылы аталмыш конкурсты үшінші тоқсанда өткізу жоспарланған. Сонымен қатар келесі жылдың үшінші тоқсанында тағы бір айтулы шара – «ЭтноFashion» сән фестивалі ұйымдастырылып, өткізіледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері арасында 2020 жылдың төртінші тоқсанында «Біз – сенің ұландарыңбыз, Қазақстан» атты жаңа байқау өтпек. Ал 100 жаңа есім «Жастардың алтын бесігі» жобасына үміткерлер – табысты адамдармен кездесулер ұйымдастырып, өткізу 2019, 2020, 2021 жылдарға жосапраланған. Осыған ұқсас «Менің жетістігімнің тарихы – елімнің жетістігінің тарихы» атты шығармашылық кездесулер циклы үш жыл қатарынан өткізілмек.

Жақсы дәстүрге айналған келесі шара – «Prодвигай себя» өзін-өзі ілгерілету, өзіндік маркетинг және өзін таныстыру стратегиялары бойынша тренингтер мен оқыту бағдарламалар кешені. Ол да республикалық бюджет есебінен жыл сайын өткізіліп келеді.  

Бұған қоса «Еркін сөйле» «НЕ конференция» жобасын ұйымдастыру бекітілген.

Әр жылдың үшінші тоқсанына «100 жаңа есім: табысты болудың жолдары» жазғы мектебін өткізу жоспарланған. Осы кезеңде «Бірлік» халықаралық жастар лагері де ұйымдастырылмақ. «Жастар арасында этносаралық қатынастар мәдениеті» халықаралық жазғы мектебін өткізу де игі дәстүрлердің бірі.

Әр жылдың екінші тоқсанында «Жаңа толқын «100+» жастар форумын өткізу жоспарда бар. «Көшбасшы бол!» жастар жобасын өткізу назардан тыс қалмаған. Ол жыл сайын екінші тоқсанда аймақтар мен орталықтарда өткізіледі.

Келесі жылы алғаш рет «Қазақстанға ыстық ықыласпен!» акциясы ұйымдастырылып өткізілмек. 2020-2021 жылдары «Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан менің үлесім» конкурсын өткізу жоспарланған.

ҚХА аясында Алғыс айту күніне арналған форумды ұйымдастыру және өткізу де Іс шаралар Жоспарында бар.

Жер-жерлерде этномәдени бірлестіктерді «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» идеологиялық тұғырнамасын қолдауға шоғырландыру бойынша іс-шаралар ұйымдастырып өткізу жалғасын таба бермек.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау мақсатында ҚХА республикалық дәрістер ұйымдастыруды да жақсы дәстүрге айналдырған. Бұл шара жыл сайын республикалық бюджет есебінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда кеңінен өткізілетін болады.

Тағы бір жаңалық - Қазақстан ұлттық (этностық) театрларының республикалық фестивалін өткізу туралы шешім. Екі жылда бір рет өтетін кең ауқымды мәдени шара мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату,
Қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау
және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылмақшы.

Ел іші – өнер кеніші деп жай айтпаса керек. 130-дан астам этнос мекендеген Қазақ жерінде қолынан өнер тамған қаншама дарын иесі бар. Соларды саралап, анықтау мақсатында «Өнеріміз саған – Қазақстан!» – қазақ ұлттық өнерін (домбыра қобыз, би) жетік меңгерген этностық топтар өкілдерінің фестивалін өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл байқау жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолға алған тағы бір дәстүрі бар. Жыл сайын өзге ұлт өкілдерінің мектеп оқушылары арасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. Ондағы мақсат – қазақ тіліне, салт-дәстүрге деген өзге ұлт өкілдерінің қызығушылықты ояту, арттыру.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мен Кәсіпкерлер қауымдастығының республикалық отырысын ұйымдастырып, өткізу де Жоспарда бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сонымен қатар этносаралық қатынастар саласындағы проблемалар, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік тақырыбы бойынша ғылыми зерттеулерді іске асырмақшы. Соған деп республикалық бюджетте келесі жылға қомақты қаржы да қарастырылған.

2019 бен 2021 жылдары қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың конкурсын ұйымдастырып, өткізу белгіленген. Соның шеңберінде ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумы да өтпек.

Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың республикалық конкурсы жыл сайын Тұңғыш Президент күніне орайластырылып өткізіліп келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы шетелдік қонақтардық қатысуымен «Қазіргі ментальдықтағы этикалық және конфессиялық: әдіснама және зерттеу сұрақтары» халықаралық ғылыми-практикалық семинарын өткізуді жоспарлап қойған.

ҚХА жүйелі түрде қоғамның көңіл-күйін зерттеу, этносаралық келісім саласында жыл сайын түрлі кешенді әлеуметтік (социологиялық) зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл жұмыс республикалық қаржыландырудың арқасында алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

2020-2021 жылдардың екінші тоқсанында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Болашақ үшін естелік» халықаралық жобасы өтпек.

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес елдерінің ұлттық-мәдени орталықтары форумын ұйымдастыру және өткізу де келесі жылдың еншісіндегі ауқымды іс.  

2020 жылдың үшінші тоқсанына «Жібек жолы бойындағы сырласу» тақырыбында халықаралық мәдени-танымдық жоба белгіленген болса, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының негізгі бағыттарына арналған қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде телевизиялық бағдарламалар циклі ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша «Қоғамдық келісім» баспасөз қызметі қызметкерлерін оқытатын семинар-тренингтер өткізу жоспарланып қойыпты. 

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Әсем Жұмабекова
Бөлісу: