ҚХА Медиация институтының санатына кіретін ұйымдардың қатары толықты

27 Ақпан 2019, 05:40 1639

Астана қаласының Достық үйінде «Қоғамдық келісімді нығайту үшін денсаулық сақтау саласында медиация институтын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Астана қаласының Достық үйінде «Қоғамдық келісімді нығайту үшін денсаулық сақтау саласында медиация институтын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ мен «Денсаулық сақтау кадрларының дипломнан кейінгі білім академиясы» ЖШС қызметкерлері бас қосты.

Аталған іс-шараның мақсаты – денсаулық сақтау саласының сапасын жақсарту, кәсіби және қоғамдық медиаторлар арасында тәжірибе алмасу.

Дөңгелек үстел жұмысына Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұралы Айдашев, «Денсаулық сақтау кадрларының дипломнан кейінгі білім академиясы» ректоры Айгүл Муятдинова,  дәрігер-сарапшылар, медициналық мекемелердің бас дәрігерлері және медиаторлар қатысты.

«Денсаулық сақтау жүйесі медиацияға бет бұрғаны – уақыттың талабы. Әр ірі мекеме осыған бейімделгені жөн. Қазақстанда медиация туралы заң өз күшіне енген соң, бұл жүйе Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымына берілді. 2015 жылдан бері Ассамблея медиация институтының елімізде дамуының үйлестірушісі болып табылады. Қазіргі таңда этномәдени орталықтардың өкілдері медиатор ретінде түрлі дауларға қатысып, олардың дұрыс шешімін тауып жүр», – деді Л. Құсайынова.   

Пациенттер тарапынан көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына шағымдарды талдау жөніндегі халықаралық тәжірибе көрсеткендей, медиация тетіктерінің келешегі зор болып табылады.

Өз кезегінде «Денсаулық сақтау кадрларының дипломнан кейінгі білім академиясы» ректоры Айгүл Муятдинова: «Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен біз халықаралық конференция өткізген болатынбыз. Оған денсаулық сақтау саласында медиацияны енгізу туралы жұмыс тәжірибесі бар білікті мамандар шақырылып, республикалық деңгейде дәрігер-сарапшыларымыз оқытылды. Қазіргі кезде олар кәсіби медиаторларға айналды», – деп, денсаулық сақтау саласындағы медиацияның оң нәтижелері туралы айтып өтті.

Қазақстанда бүгінгі күні денсаулық сақтаудағы медиацияның дамуы өте маңызды, себебі, пациент дәрігердің немесе медициналық ұйымның қызметтеріне жүгінгенде, зардап шеккен болса, онда пациенттің шығынды өтеп алуға құқығы бар. Сонымен бірге медицина қызметкерлері ақиқатты тек сот арқылы анықтауға болатынымен келісуі тиіс.  

«Қоғамдық келісім» КММ Медиация және әдістемелік қамтамасыз ету секторының меңгерушісі Әсел Сайлаубай медиацияның қоғамдағы рөлі мен оның қызметі туралы анықтама бере отырып, өзара әрекеттесіп жұмыс істеп отырған ұйымдарды атап өтіп, «Әкімшілік сотпен біз он үш жақты Меморандумға қол қойдық. Онда көптеген ұйымдар кіргізіліп отыр. Мысалы, отбасылық медиацияның көмегіне жүгінген отбасы болатын болса, оларды жұмыспен қамту орталығына жіберіп, даудың оң шешімін табуына мұрындық боламыз. Бізде мектеп оқушыларымен жұмыс істейтін еріктілер бар. Олар балалардың деңгейінде дау-дамайды қарастырады. Сонымен бірге ата-аналар медиациясы клубы жұмыс істейді» дей келе, кездесудегі әріптестіктің тиімді боларына сенім білдірді.

Дөңгелек үстелдің қорытындысында «Қоғамдық келісім» КММ мен «Денсаулық сақтау кадрларының дипломнан кейінгі білім академиясы» ЖШС медиация институтын дамыту және өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com  мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: