ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы елордадағы №83 мектеп-гимназия негізінде технопарк құруға демеушілік етті

25 Ақпан 2019, 05:00 2681

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының «Self-made» жастар форумының жас спикерлері №83 мектеп-гимназиясының түлектерімен кездесті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының «Self-made» жастар форумының жас спикерлері №83 мектеп-гимназиясының түлектерімен кездесті.

Оның барысында жас кәсіпкерлер мектеп түлектеріне мақсатқа жету, мамандық таңдау, арманға ұмтылу, табысқа кенелу жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Думан Қыдырбаев түлектерді Жастар жылымен құттықтап, бұл жастар және ел экономикасы үшін тиімді жыл болатынын және алдағы уақытта ел дамуына оң әсерін тигізетін бастамалардың жүзеге асатынын айта келе, Қауымдастық туралы кеңірек түсінік беріп өтті.

«Кәсіпкерлік деген, бір қарасаң, оңай көрінеді. Бірақ оның қыр-сыры көп. Кәсіпкер тек тауар өндіруші емес, ол заңгер, қаржыгер, есепші, инженер, технолог, яғни, жан-жақты болуы шарт. Сондықтан білімді болуға ұмтылыңыздар», – деді  Төраға.

Кәсіпкерлер қауымдастығы №83 мектеп-гимназиясының негізінде технопарк құруға демеушілік етті. Ол жерде мектеп оқушыларына мамандықтардың теориясы мен тәжірибесі үйретілетін болады.

Сондай-ақ «Асыл адам» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Көңілбай Шүкенов кездесуде болашақ түлектермен ашық диалог құрып, білім алу, арманға жету, сананы жаңғырту, мамандық таңдау, мемлекетке адал еңбек ету және қайырымдылық жасау туралы тақырыптарды қозғады.

«Асыл адам» қайырымдылық қоры – бұл мақсаты күрделі өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету болып табылатын нақты азаматтық ұстанымы мен ізгі ниеті бар адамдарды біріктіретін қоғамдық қор. Атап айтқанда, аз қамтылған және жас отбасыларды тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз ету жолдарын қарастырады. Сонымен қатар қор аз қамтылған отбасыларға жеке бизнесті құру мен дамытуға көмек көрсетеді, жұмыс орындарын құрады, жас бастамашы шығармашылық ұжымдардың жобаларына, халықтың әлеуметтік және ұлттық мәдениетін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.

Бір айта кететін жайт, Қор Астана қаласында «Мейірімділік керуені» акциясын ұйымдастырып отыр. Акцияның мақсаты – көмекке зәру отбасыларды тұрақты табыс және баспанамен қамту. Ол «Арман үй» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

«Мейірімділік керуені» қаладағы ірі сауда орталықтарының жанына келіп тоқтап, екі күн бойы керуен нышаны – лимузин автокөлігінде қазақтың ұлттық әуендері ойнатылып, бауырсақ таратылады. Сонымен қатар акция аясында қайырымдылық қорына өз тарапынан үлес қосам деушілер арнайы сертификат сатып алып, ірі ұтыс ойынына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

1 наурыз – Алғыс айту күні «Мейірімділік керуені» Достық үйіне келіп тоқтайды және акция қорытындысында екі бөлмелі пәтер, автокөлік және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылатын болады.  

Кездесуде сонымен бірге «Utari» компаниясының даму және стратегиялық жоспарлау бойынша директоры Әсел Жүргенова, кино және телевидение қолдау қорының директоры Эльмира Сәрсенәлиева мен оқу-даму орталығының директоры Дилара Құсайынова түлектермен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесу соңында «Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Астана қаласының №83 мектеп гимназиясының әкімшілігі әріптестік туралы Меморандумға қол қойды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com  мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: