ҚХА аймақтарда соғыс ардагерлеріне қошамет көрсетті

12 Мамыр 2019, 00:00 4743

Батыс Қазақстан облысының татар мәдени орталығы Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің құрметіне мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Ресей Федерациясының вице-консулы Владимир Волков мерекеге қатысып, ардагерлерді құттықтап, қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шарада соғыс жылдарындағы әндер орындалды. Өз кезегінде соғыс ардагерлері көптеген ержурек батыл жауынгерлердің арқасында Жеңіске кол жеткізгендерін, өздерінің соғыс жылдарында қаза тапқан жолдастарының жауынгерлік ерліктерін еске түсіріп, соғыстан кейінгі өмірлерін әңгімелеп берді.

«Жеңіс үшін рахмет». Осындай ұранмен Маңғыстау облысы ҚХА Жаңаөзен қаласы бойынша өкілі Ерлан Қалиев, №1 қалалық емхананың директорының орынбасары Гүлпариза Кособулатова, салауатты өмір салтын насихаттау орталығының басшысы Марал Болатбаева, дәрігерлер Мұқаддас Жаманқұлова, Мэлс Сагатдинов Жаңаөзен қаласындағы жалғыз ҰОС ардагері Кеңесбай Еңсегеновтың үйіне барып, көңілін сұрап, алдағы жеңіс күнімен құттықтады.

«Бүгін біз Ұлы Отан соғысы ардагері Кеңесбай атамызға гүл шоқтарын алып, арнайы Жеңіс күніне деп, «Жеңіс үшін рахмет!» деп аталатын кәдесыйымызды табыстадық. Бұл кісілерге сый-сияпаттан көрі ықылас пен жылы ниет, аман-саулық сұрасқанның өзі бір ғанибет», - деді Ерлан Қалиев.

Бейбіт өмір жолында күрескен ардагерлердің саны жыл өткен сайын азайып барады.

Дәрігерлер ардагердің қан қысымын өлшеп, оған дәрілер мен дәрумендерді тарту етті. Сонымен қатар ҰОС ардагеріне азық-түлік корзинасы  тапсырылды. Берлинге дейін барып, бірнеше орденге кеудесі толған Кеңесбай Еңсегенов жастарға өзінің аталық ақ батасын берді.

Ал Петропавл  қаласының Достық үйінде Жеңіс күніне арналған «Есте сақтаймыз» атты мерекелік концерт өтті.

Жүргізушілер мен іс-шараға қатысушылар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жарқын өнерлер, әскери әндер, әскери тақырыптағы өлеңдерді мәнерлеп оқу, әскери вальс сахнада үйлесімді және әдемі орындалды.

Концерт іс-шараға қатысушыларды марапаттаумен аяқталды.

Мемлекет басшысы тапсырмасын іске асыру аясында, сондай-ақ жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында Қарағанды облыстық  Достық үйі жанынан «Айбын» әскери-патриоттық клубы құрылды. Осылайша, облыстық ҚХА, қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Ауған соғысы ардагерлерінің аймақтық Одағы және "Жас сарбаз"республикалық қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалы арасындағы ынтымақтастық жүзеге асуда.

Достық үйінде Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні қарсаңында «Айбын» әскери-патриоттық клубының ҰОС және Ауған соғысы ардагерлерімен салтанатты кездесуі өтті.

Жиын барысында шара модераторы - «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын қонақтарды құттықтап, Ұлы Отан соғысы ардагерлері Бекет Қабдулов пен Серафима Пономореваға сөз берді. Ардагерлер өз кезегінде ел басына күн туған қиын кезеңдер мен бейбітшілік үшін қасық қаны қалғанша күрескен батырлардың ерлігін, бастарынан кешкен тауқыметті кезеңдерді еске алды. Сонымен қатар жас ұрпаққа қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманның қадірін білуге шақырып, ел аспаны әрқашан ашық болсын деп тілек білдірді. 

Таразда облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және «Aibyn» әскери-патриоттық клубының белсенді жастары Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып құттықтап қайтты.

Белсенді жастар алдымен Иванов Геннадий Ивановичтің шаңырағына жол тартты. 93 жастағы соғыс ардагері жасының қарттығына қарамастан жастарды өзі қарсы алып, батасын беріп, соғыстағы туралы естеліктерімен бөлісті.

Бір ғасырға жуық жасты алқымдаған Жанәлі Мұрат Елубайұлы есімді ардагер жалынды жастарды құшақ жая қарсы алып, оларға бата беріп, тілектерін жаудырды.

98 жастағы соғыс ардагері Нещеретнев Григорий Владимиривич белсенді жастарды есік алдынан өзі қарсы алып, төрінен орын берді. Оларға өз өмірінің өнегелі жолдарынан сыр шертіп, жастардың бойындағы Отанға деген құрметін еселей түскендей болды.  

Белсенді жастар ардагерлерге арналған келесі құттықтауын Бужуков Мухан Толыбаевичке арнады. Төрлеткен жастарға естелік суреттерін көрсете отырып, майдандағы ерліктерімен бөлісті.  

Жастар жағы қонаққа барған барлық ардагерлерді Ұлы Отан соғының жеңісімен құттықтай отырып, шағын сый-сияпаттарын тарту етті.

Бөлісу: