Х. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек

1 Наурыз 2014, 07:22

Енді, осы әліпби сараптаудың жолына түскен төрт додагердің қайсысы мәреге бұрын жетеді? Сөз жоқ – латын әліпбиі.

11.2. Енді, осы әліпби сараптаудың жолына түскен төрт додагердің қайсысы мәреге бұрын жетеді? Сөз жоқ – латын әліпбиі. Сәл ерте, сәл кеш, әйтеуір латын әліпбиіне көшетінімізде еш күман жоқ. Сонда қалғандар неге босқа шабылады?  Басқаларды білмейміз, көне түрікші ретінде
бәсеке-бақталастықтан аулақпын. Өйткені көне түрікшені қолдап, жөн екен дейтіндер аз, бүгін-ертең көне түрікшеге өте қоямыз деудің де жөні жоқ. Себебі көне түрікшілердің өз арасында ортақ пікір жоқ, бір таңбаны екі адам болса екі түрлі, он адам болса он түрлі оқиды. Соның нәтижесінде «көне түрік әліпбиі – мынау» деп ұстата қоятындай дайын әліпби, «жазылым емле-ережесі мынау» деп ұстата қоятындай дайын емле-ереже  жоқ. Мақсат – көне түрік жазуының икемделген (унифицированный) әліпбиін, таңбасы мен емлесін дайындап, танымдық дәріс ретінде сыныптар мен дәрісханаларға жеткізіп беру. Сөйтіп көзі ашық келесі ұрпақ көне жазуды танып-біліп, оны жатырқамас, ертең-ақ олардың заманы туады, сол кезде ойланар. Біздікі – ата жазудың қыр-сырын олардың жадына құйып, ой салып кету.

11.3. Сонда қалатыны – кирилл, араб және латын жазуы. Әзірге осы үш жазудың бірін таңдағаннан басқа жол жоқ. Әлеми ақпарат кеңістігіне шығатын бірден-бір төте жол, шындығында, тек латын жазуы. Қанша шатқаяқтағанмен ақылға сала келіп, мойындауға тура келеді.

12. Әліпби ауыстыру – мамандар шешетін мәселе.

12.1. Жазу табу - араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпын. Ахаңның қазақ тіліне дән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмын. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан мен тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтұрсынова» деген дәйектеме енгізіп отырмын. Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған. Сөйтіп өзге көпшілік жұрттың ойына кіріп шықпайтын, көп пенденің қолынан келемейтін жаңалық ашылды.

12.2. Ал, енді, жасыратыны жоқ, латынға көшетінімізді іштей бәріміз біліп отырмыз. Оған еш күман жоқ. Ендеше осы елдің азаматы ретінде, осы жазу саласының маманы ретінде мен бұл шаруадан шет қала алмаймын. Ондағы мақсат - латын жазуына дұрыстап көшу.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: