Кезекті жоспарлы әскери жиындар өткізіледі

15 Маусым 2022, 10:43 2438

Нұр-Сұлтан қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде тіркелген құрамның кезекті жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына шақырылған әскери міндеттілер 99255 әскери бөліміне жіберілді, деп хабарлайды El.kz сайты Baq.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әскери жиындар 14-23 маусым аралығында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 33-бабына, Үкімет пен қала әкімдігінің қаулыларына сәйкес жоспарлы тәртіппен өткізіледі.

Әскери оқу жиындарының мақсаттары мен міндеттеріне жұмылдыру ресурстарын даярлау және қайта даярлау, далалық дағдыны және іс-қимылдардың үйлесімділігін арттыру жатады. Сонымен қатар жауынгерлік үйлестіру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу, қойылған жауынгерлік міндеттерді орындау барысында бөлімшелерді басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша білім мен практикалық дағдыларды жетілдіру кіреді.

Жиын барысында запастағы әскери міндеттілермен «Күзет ротасын арнайы өрістетуді жүргізу. Жауынгерлік үйлесімділікті жүргізу. Объектілерді күзету мен қорғауды ұйымдастыру. Диверсиялық топтармен күресу» тақырыбында сабақ өтеді.

Жиынға барлығы 78 офицер, сержанттар мен запастағы сарбаздар тартылады. Нұр-Сұлтан қаласы ұйымдарының, кәсіпорындарының, мекемелерінің басшылары меншік нысанына қарамастан жиындарға шақырылатын әскери міндеттілердің келуін қамтамасыз етті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери жиындардан өту кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Оқу-жаттығу жиындарынан өту бағдарламасын сәтті игергендерге кезекті әскери атақтар беріледі, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жұмылдыру басқармасының бастығы подполковник Қайсар Бимақанов.


Бөлісу: