16 Қазан 2014, 04:05
Жаңсақтың көкесі Батыста екені де белгілі. Оған, атышулы еуроцентризмнен қала берді, “Һангерман” теориясын қоздырушы Шмидт Г. Ю. Клапорт, “Үйсін - орыстың атасы” дейтін Н. В. Кюнер сықылдылардың да үлесі бар.
Оған Су Бейхай марқұм айтқан, Қытайлық жылнамалар, батыстағылардікіндей емес, саясиланған, əр əулет өз кезінде оны өзіне лайықтап, ептеп өзгертіп отырғантарих дегендерін де қосып қойыңыз. Иə,биліктің тарихқа қол сұғуы ерте басталған. Мысалы, “Шығыс-Оңтүстік Азия жылнамалары мен Батыс жылнамаларының ертедегі дүниеде атқарған рөлі мүлде ұқсамайды. Батыста тарих халықтық орында болды, ал Шығыс Азияда, əсіресе, Қытайда тарих əу бастан-ақ саясатпен айрылғысыз байланыс орнатты. Тарих ғылымы үстемдіктің құралына ертерек айналды. Оның басты міндеті оқиғаларды хаттау мен дағдыға бағыну еді”. Осының ең бертінгі бір мысалыГу Гуанюан айтқан мынада тұр: “Патша Чянлұңның «Сыкоучюаншуды» орасан зор адамзаттық күшшығарып, 10 жыл бойы құрастыртуының шынайы себебі – тек байырғы мəдени шығармаларды реттету ғана емес, «Сыкоу чюаншуды» құрастырту арқылы“тиярын құртқызу” мақсатына жету болған. Сондықтан Чянлұңның «Сыкоу чюаншуды»құрастыртуы, мəдени мақсатпен емес, саяси мақсатпен жүргізілген. Мұны 10 жыл ішінде тексерілген, тиылған, өртетілген орасан көп кітаптардан-ақ білуге болады. 2453 кітап толық өртелген, 402 кітаптың бір бөлігі өртелген екен”, енді бір санақ бойынша “жиыны 100 мыңдай кітап өртеліпті. Мұның ішінде толып жатқан көшірмелер де бар. Нақ санын мөлшерлеу қиын. Бұл санға сенсек, өртелген кітаптың жалпы саны «Сыкоу чюаншудың» 10 есесіндей болады! Бұл не деген адам айтқысыз сан! Чянлұң іс жүзінде Жұңхуа мəдениетін құртқан сұрқия қылмыскер!”. Бұл туралы ең беделді ғалымдар қолынан шыққан, энциклопедиялық сипатты “Сөз теңізінде” де: “Мұны құрастыртудағы мақсат Чиң əулетінің үстемдігі мен феодалдық əдебін қорғау, феодалдық үстемдігіне пайдасыз туындылардың көбін жаздырмау, ішін аралап алдырту не өзгерттіру, тіпті, құрту болған” деп Гу Гуанюаннің көзқарасын құптау бар. Əрине орда қолымен мұраларды өзгерту тек Чянлұң патшамен ғана шектелмейді. Одан бұрынғыларда да, кейінгілерде де мұндай қылық болған. Сондықтан жылнамаларды орда идеясынан аршып алу алдағы зор міндеттеріміздің бірі.
Моңғолтанушы ғалым И Линжын мырза: “Əдебиеттер мен материалдар - ең негізгі деректер. Еліміздің замандардан бергі жылнамалары бізді бай материалдармен қамдап отыр. Бірақ бұл əдебиеттердегі жазбаларға сыни қарау, рас-өтірігін, дұрыс-бұрысын мұқият айыру қажет. Сонда ғана зерттеудің ғылыми өресін көтеруге болады” деп өте дұрыс айтқан.
Сондықтан мен тарихи материалдардағы (соның ішінде хəн жылнамаларындағы) сөз, иероглиф біткеннің бəрі бірдей ақиқатты аңыратып тұр дегеннен мүмкіндігінше аулақ болуға барынша тырыстым. Əрине, қай елдік болса да жылнамалардағы жағдай ұқсаңқырап кетеді. Біз оларды тоқсан толғана отырып, сандаған деректерді өзара салыстыра келіп, ғылыми қисыны күшті талдаулардан өткізген соң ғана бір тұжырымға тоқтаймыз. Мен Қытай жылнамаларын (əсіресе оның б. з. б. III - б. з. VI ғасырларына тəн тұстарындағы бізге қатысты бөлігін) недəуір ақтарған адаммын дедім. Бұл барыста осы сөзімді анағұрлым басшылыққа алуға тырыстым.
Сөйтіп кез-келген елдің, кез келген автордың тарих жөніндегі əдебиеттерін оқығанда, зерделегенде, пайдаланғанда мұндайға сақ болу естен шығып көрген жоқ. Бірақ Қытай жылнамаларындағы үйсінге байланысты, сондықтан да біз елеуге, ескеруге тиісті басты қателік екеу секілді: Бірі, қытайша иероглифтердің өзгенің жалқы есімдерін айтылым жағынан дəл жəне бір ғана қып жазуға ебедейсіздігінен, кейде мағыналық аудармамен хаттайтындығынан жəне “жол-жөнекей хабар ошардан” алғандығынан туындайтын ономастикалық қателіктер;
Енді бірі, зор елдік астамдық жəне əулетке (мысалы Хəн патшасына) жағымпаздық салдарынан өзгені кемсіте, өзін зорайта хабарлаулар.