Мәжіліс депутаттары қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтің айтуынша, алғашқы оқылымнан кейін заң жобасына бірқатар жаңа түзету енгізілген. Олар мынаны қамтиды:
- Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге несие және микрокредит беруге тыйым салу;
- Онлайн тұтынушылық кепілсіз несиелер бойынша «салқындату кезеңін» (24 сағат) енгізу;
- Кепілсіз тұтынушылық несиелерді кейбір санаттағы азаматтарға тек электрондық үкімет порталы арқылы ресми келісім бергеннен кейін ғана беру талабы;
- Алаяқтық жолмен алынған несиелер мен микрокредиттерді банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан кешіру негіздерін кеңейту;
- Үшінші тұлғалардың төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға арналған мемлекеттік бюджеттен немесе қайырымдылық ұйымдарынан бөлінген қаражатқа қол сұғуына тыйым салу;
- Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға микрокредиттер мен несиелер бойынша кемінде үш ай мерзімге шегеруге рұқсат беру, сондай-ақ ай сайынғы төлем сомасын 50% және одан да көп мөлшерге төмендету мүмкіндігін қарастыру.