16 Қараша 2015, 11:47
1963 жылы "Қазақфильм" студиясы осы кітап бойынша жазылған киносценарийді экранға шығарды. «Менің атым Қожа» повесі оқырманды қалай баурап алса, киносы да көрерменді әрдайым ынтықтырып қояды. 40 жылдан бері отандық арналар «Менің атым Қожаны» бірнеше рет көрсетеді. Көрермен әрбір сөзін жаттап алса да, барлық сюжеті көз алдында тұрса да қайталап көруден жалықпайды. Кітабы мен киносы қатар қабысқан үздік туындылардың бірі.
Талдықорғанда Алматы облысының əкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Нью-Йоркте «Metropolitan Classics» баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы шығармалары мен көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повестерінің тұсаукесері өтті.
Амандық Ғаббасұлы қазақтың бай әдебиеті әлемдік биікке көтеріліп, қазақ шығармалары ағылшын тілінде басылып шыққандығына ризашылығын білдіріп: «Бұл – үлкен жетістік. Бүгін міне Хантәңірінің мұзбалағы Мұқалағи мен балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың есімдері Нью-Йорктің төрінде аталып, қазақтың мерейін асырды. Бүгінгі күні америкалық жазушылардың ағылшын тілінде жазылған туындылары да қазақ тілінде жарық көріп жатыр. Осындай мәдени құндылықтар алмасуының халыққа берері көп» - деді өзінің құттықтау сөзінде.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин осы беделді халықаралық жазушылар ұйымының басшылық қызметін қабылдай отырып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын ағылшын тіліне аудару туралы ниет-тілегі бар екендігін білдірген болатын. Бүгінгі күні ол демеушілермен бірге діттеген мақсатына жетіп, алғашқы қарлығаштарын «Біз – қазақтар...» деген атпен көпшілікке ұсынды.
Айта кетейік, Мұқағали Мақатаевтың кітабы америкалық ақын Марина Карцева, қазақ әдебиетшілері Қайрат Бақбергенов, Қайсар Жорабеков, Елена Михеева, Меруерт Тілеубаева, Ғұсман Төлеғұлұлы, Амантай Өтегеновтен құралған аудармашылардың, ал Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін америкалық аудармашы Кэтрин Фитцпатриктің табанды еңбегінің арқасында ағылшын тілінде сөйледі.
Әзірлеген: Досжан Мейірім