КЕРУЕНБАСЫ

20 Тамыз 2014, 09:20

КЕРУЕНБАСЫ – сауда керуенін басқарып, белгіленген жерге жеткізуші адам. Қазақ керуенбасыларының Бұхаралық әріптестерінен айырмашылығы

КЕРУЕНБАСЫ – сауда керуенін басқарып, белгіленген жерге жеткізуші адам. Қазақ керуенбасыларының Бұхаралық әріптестерінен айырмашылығы, бұл қызметпен жол жағдайын жақсы білетін әрбір жеке адамдар өз еріктерімен айналысса, Бұхаралық К.-ны хан сайлайтын арнайы лауазым болды. К.-лықпен бірнеше түйесі бар дәулетті адамдар да және бұрын керуенге қызмет көрсеткен қарапайым керуенші де шұғылданған. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде К.-лық қызметпен көбінесе Ресейдің қазақ жерімен шектесетін үлкен қалаларына жақын маңда көшіп- қонып жүрген қазақтар айналысты. К. – керуен баратын қалаларға бірнеше рет барған, жол мен құдықтарды, су көздерін жақсы білетін, күндіз бен түнде адаспай жол табатын адам.

К.-ның бірінші кезектегі міндеті керуенге қажетті көлікпен (түйе, жылқы т.б.) және керуен көліктерін жол бойы күтушілерімен немесе керуен көмекшілерімен қамтамасыз ету болған. Соңғысына, көбіне көп өзінің рулас ағайындарын тартқан. Олардың бірқатары керуен құрамына түйесін жалдап қатысқан. Түйелерді жалға беруде қазақтың ауқатты адамдары да тыс қалмаған. Олар керуенді қажетті түйелермен қамтамасыз етіп, бірақ керуен құрамына өздері бармай, оларды баптап-күтуді өзге қазақтарға тапсырып отырған. Керуеннің көлемі мен жолдың ұзақтығына орай, бір керуенді басқаратын К.-лар саны екі немесе үш адамға дейін жетіп отырған.

 

Керуенбасы К.Иманқұлов. ОГҚ архиві, 112 топ, 1 тізім, №999.

В.А.Дубянскийдің «Орал және Торғай облысына саяхат» фотоальбомы- нан. 1904 ж.

Сондай-ақ, К.-лар кей жағдайда кедендік алымдар мен салықтарды төлеу барысында туындаған мәселелерді де шешіп отырды. Мысалы, Орынбордан Бұхараға бара- тын керуендерден Хиуалық 1-ден 5 пайызға дейін салық салған. Соңғы пайыздық мөлшерді славян, парсы, араб, еврей т.б. халықтарынан да алған. Осы кезеңде К.-лар керуен құрамындағы саудагерлердің жүгін ұлты мен дініне қарамастан төменгі мөлшерде салық төлеп өткізуге көмектесетінді. Орыс деректеріне қарағанда, қазақ К.-лары өздері бастап жүрген керуендерге көп дегенде 1,5 пайыздан артық салық төлетпеген.

Керуен көші. ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басы. ОГҚ архиві, 112 топ, 1 тізім,

№12. Суретті түсірген А.П. Туполев

К.-лық қызметпен айланысатын адамдар, әдетте, отбасын туған жеріне қалдырып, жолға жауын мен қардан қорғайтын кішкене жолым үй мен дорбасын толтыра құрт пен ірімшік алып шығатын. Олар кешкі асқа (түскі ас ішпейді) жейтін қой немесе басқа да ұсақ малды жолдағы ауылдардан сатып алып отырған. Алайда, бірқатар К.-лар отбасыларымен түгел көшіп жүрген. Мысалы, Тройцкіден Бұхараға баратын керуендегі К.-лар мен керуеншілер түгел отбасымен, малдарымен бірге көшіп жүруді дәстүрге айналдырған. Бірақ, Сырдарияға жеткен соң, олар отбасыларын тастап, одан әрі өздері жеке кететін болған. Орынбор мен Бұхара, Хиуа қалалары арасын- да жүрген К.-лар, әдетте, қыста керуен барған қалада қыстап, көктем бастала кейінгі керуенмен қайтқан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: