КЕРУЕН АҚЫСЫ

20 Тамыз 2014, 09:25

КЕРУЕН АҚЫСЫ – түйеге, атқа артылған жүк үшін төленетін ақшалай немесе тауар, зат түріндегі төлем.

КЕРУЕН АҚЫСЫ – түйеге, атқа артылған жүк үшін төленетін ақшалай немесе тауар, зат түріндегі төлем. К. а.-ның XIX ғ.-дағы мөлшеріне байланысты бірсыпыра деректер сақталған. Мәселен, кей жерде түйеге, атқа артылған жүк үшін 1 теңге немесе 20 тиын күміс ақша алған. Жүк тасушылар мен керуеншілердің қызметі мен еңбек ақысы жайлы осындай мәліметтер П.И. Пашино жазбаларында кездеседі: «1865 жылы Қазалы фортынан Орынборға дейінгі керуенге 1500 түйе жалға алынып, әрқайсына 7 сомнан төленген. Сырдариядан Бұхара және Хиуаға дейін қазалылық керуенші бір түйеге артқан жүкке 10-12 сомға дейін алған. Кері қарай керуенбасылыққа жалданған адам Бұхарадан Орскіге немесе Орынборға дейін керуенді жеткізуге бір түйенің теңіне 18 сом күміс ақша алған, мойнына алған жүкті жарты жолда басқа біреуге тапсырмаған. Хиуа, Бұхарадан Қазалыға дейін апарылатын керуен Сырдарияның сол жақ бетіндегі Қаратепе, Мортық өткелдеріне келіп тоқтап, жүкті түсірген, әрі қарай жүк тасушыларды жалдап, жүкті өзеннен өткізген. Олар алғашында жүк тасуға қамыстан жасалған салды қолданатын еді, кейіннен хиуалық кемелер алып, қазір олардың саны 200-ге жетеді. Жүк тасушылар бір түйенің теңін өзеннен өткізуге 1-2 кесе ұн, ал түйенің өзін өткізуге 10-15 тиын ақы алған. Ал, жылқы, өгізді өткізу үшін әрқайсысынан 10 тиыннан, қойдан 1 тиыннан, жүз қойдан бір қозы, киіз үйді жиһаздарымен бірге өткізу үшін 20 тиын ақы алған.

1865 жылдан бастап Бұхар керуенінің Ресейде ұсталуына байланысты Бұхар саудасы күйрей бастаған. Бұрын Қазалы үстінен Ресейге қарай 14000 бас жүк түйесі өтсе, қазір олардың саны 7-8 мыңға қысқарған».

Керуен. Туркестанский альбом по распоряжению Туркестанского генерал-губернатора К.П. фон Кауфмана 1-го 1871-1872 гг. (Ташкент, 1871) атты еңбектен

Бұхарадан Орск бекінісіне дейін бір түйеге артылған жүкті жеткізіп беру үшін кірекештер 23 сом 50 тиын ақы алған. Тасымалдау жұмысымен арбакештер де айналысқан. Арбакештің табысы күніне 40-50 тиын, кейде 20-70 тиынды құраған. Кіші және Орта жүз қазақтары қыстауларының Орынбор және Сібір керуен жолдарының бойында орналасуы осы кірекеш кәсібінің дамуына себеп болып, Орта Азиялық теміржол транспорттарының салынуына дейін кеңінен дамыды (қ. Кәсіп; Кіреші). Теміржолдар іске қосылғаннан кейін бұл кәсіптің аясы тарыла бастады. Қазалы арқылы Бұхарадан Орынборға дейін 1885 жылы әрі және кейін қарай 39000 бас жүк түйесі өтсе, 1886 жылы 36660 бас жүк түйесі өткен, яғни саудалық жүк түйесінің саны 2340 басқа азайған. Жүк тасушылықты қосалқы кәсіп еткен қазақтар арасында Закаспий теміржолының іске қосылуы да кәсіп аясының тарыла түсуіне әсер етті. Орынбор-Қазалы-Ташкент керуен жолының саудасы қызып тұрған бір кездері кең тараған бұл кәсіп 1889 жылдары Тройцк және Верныйға жүк таситын қазақтар арасында сақталды. Жүк тасуға төлейтін ақы да төмендеді. Қазақтың әдеттік құқығының сауда керуендеріне қатысты қалыптасқан дәстүрі болды. Керуеншілер қыстың қатты суығында бір үй иесіне келіп тоқтап, керуенді үй иесі артық жері болып тұрып қабылдамағандықтан, керуеншілер мен малдар үсіп өлсе, біріншісінің құнын, екіншісінің ақысын төлеген. Н.Гродеков сауда-саттық кезінде қулық, алдау да кездеседі, егер қулығы ашылып қалса, сатушы заттың құнын қайтаруы тиіс болған дейді.

Керуен жүгі. Туркестанский альбом по распоряжению Туркестанского генерал-губернатора К.П. фон Кауфмана 1-го 1871-1872 гг. (Ташкент, 1871) атты еңбектен

Жергілікті сауда-саттық заттары мал, балық, түйе жүні, қамыс т.б. болды. Саудагерлер заттарын өзінің немесе жалдап алған түйесімен тасыған. Көшпелілер ең алдымен астыққа, мақта маталарына, қаланың қолөнер бұйымдарына, сәндік бұйымдарға мұқтаж болды. Бұларды тері, жүн, текемет, алаша, мүйізден жасалған бұйымдарға айырбастап отырды. Қазақтар арасында қала базарынан көтерме бағамен заттарды алып, ауыл-ауылды аралап сататын алыпсатар қазақтар да болды. Мал сатумен айналысатын саудагерлер ауылдардан малдарды көтерме бағамен алып, базарға сатуға айдап әкеткен. Ал, алыпсатарлар қала базарларынан көтерме бағамен заттарды алып, ауыл-ауылды аралап сатқан. Қазақтар арасында алыпсатар, саудагер, керуенбасы, жүк тасушы сияқты кәсіптермен тек ер адамдар айналысқан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: