Керқұлан жылқысы қазақ жеріне оралады

1 Наурыз, 03:09 919

Халықаралық «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясында биыл Еуропадан Қазақстанға керқұлан жылқысы әкелінеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экология және тибиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, сегіз жылқы тиелген Чехия мемлекетінің CASA C-295 ВВС екі ұшағы 2 маусым күні Прагадан (Чехия) және Берлиннен (Германия) ұшады да, екі мәрте аялдап, Орталық Қазақстандағы Арқалық жеріне қонады.

Соңғы жабайы жылқыларды жабайы табиғатқа қайтару туралы енді-енді жаза бастадық, — дейді Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек. Біз Моңғолияда реинтродукция жүргізіп, ол жақтағы керқұландар популяциясын қалпына келтіре алдық. Енді Қазақстан үкіметі де бізге қолқа салып отыр. Біздің мақсат — келер 5 жылдың ішінде Алтын дала резерваты аумағына қырыққа жуық жылқы көшіріп апару.

Ведомство мәліметінше, бұл жылқыларды сақтап қалу оңай болмаған. 

Керқұлан 1960 жылдардың аяғында табиғаттан мүлде жойылып кеткен. Десе де оның түрін сақтап қала алдық, бұл — нағыз тарихи жағдайдың бірі. Қолдан өсіруге арналған бағдарламалар арқасында Еуропадағы зоопаркілерде популяциясы тұрақтанды. Бұның арқасында керқұланды бұрын-соңды мекендеген өңірлеріне қайтаруға мүмкіндік туып отыр. Прага зоопаркінің Моңғолияда даласында жүргізген реинтродукция тәжірибелерінің арқасында жабайы жылқылар Қазақстанға қайтарылады, - делінген ведомство мәләметінде.

Толығырақ: керқұлан (Equus przewalskii Poljakov) 2021 жылы сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктер тізіміне енгізілді. Бұдан бөлек Пржевальский жылқысы Халықаралық жойылып кету қаупі төніп тұрған жабайы фауна мен флора түрлерін саудаға салу туралы конвенцияның (СИТЕС) ІІ қосымшасына кіреді.

Керқұландарды босататын жер ретінде Қостанай облысындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының даласы таңдалды. Резерват 2012 жылы құрылды, жалпы ауданы — 489 766 га. Жылқылар босатылмас бұрын резерват аумағында орналасқан Жабайы тұяқты жануарлар реинтродукциясы орталығында бір жыл бойы ұсталады. Бұл орталық серіктестердің қаржылай қолдауының арқасында «Алтын дала» табиғат қорғау бастамасының аясында құрылды, басқарушы ұйым — Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК). Орталықта 2017 жылдан бері мамандар мен инфрақұрылым арқасында құланды бұрынғы мекеніне қайтару жұмыстары сәтті жүріп жатыр.

Пржевальский жылқысын бұрынғы мекеніне қайтару жобасы аясындағы партнёр ұйымдар — ҚР ЭТРМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, Прага зоопаркі, АСБК, Франкфурт зоология қоғамы, Нюрнберг зоопаркі, Tierpark Berlin, Hortobágy ұлттық паркі. 28 ақпанда партнёрлер Мәмілеге келу меморандумына қол қойды. Ол құжатта алдағы 4–5 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан кем дегенде 40 жабайы жылқыны бұрынғы мекеніне қайтару міндеттері жазылған.

Перизат Саденова
Бөлісу: