Кентау қаласының экс-әкіміне қатысты тергеу аяқталды

18 Мамыр 2023, 09:53 1159

18 мамыр күні Антикоррупциялық қызмет Кентау қаласының экс-әкіміне қатысты тергеу аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

2013 жылы Рашид Аюпов Премьер-министр кеңсесінің қызметкері бола тұра ірі жекеменшік компанияның меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірген. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берді.

Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсады. Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр, - делінген мәліметте.

Белгілі болғандай, қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - делінген мәліметте.

Сонымен бірге Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: