Кентау қаласы мен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін

3 Ақпан 2023, 03:15 2138

Өңірге 7 сағаттың ішінде жауған жаңбыр 10 күндік мөлшерден асып түскен

Кентау қаласы мен Сауран ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өңірде тасқын судан ең көп зардап шеккен Сауран ауданы мен Кентау қаласы. Сондықтан Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов шығын көлемін анықтау үшін Кентау мен Сауран ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныс көтерді.

Мәселен, Сауран ауданында су кірген үйлердің саны 100-ден асқан. Абай елді мекенінде 65, Үлгілі елді мекенінде 14, Бабайқорғанда 42 үйдің ауласын су басқан. Сондай-ақ 100-ден астам адам эвакуацияланды. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған 57 бала бар. Ауданда 7 балабақша жұмысын тоқтатып, 11 мектеп онлайн оқуға көшті.

Ал Кентау қаласы Қарнақ ауылында ағын суы 5 көшемен өтіп, 15 үйдің ауласына кірген. Зардап шеккендер жоқ. Суды ағызу, бұру жұмыстарына 20-ға жуық техника мен 150 қызметкер жұмылдырылды.

Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, өңірге 7 сағаттың ішінде жауған жаңбырдың көлемі 10 күндік мөлшерден асып түскен. Сонымен қатар 2-4 ақпан күндері аралығында таулы аймақтарда жаңбыр, қар жаууы ықтимал. Сондықтан әрбір аудан, қалада су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр және су басу қаупі бар аймақтар мен су нысандарында 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған.

Сондай-ақ Түркістан облысындағы су басу салдарын жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге көмектесу үшін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары көмекке келіп жатыр.

Бұған дейін  Түркістан облысында су бұру жұмыстары жалғасып жатқандығы туралы жазған болатынбыз.

EL.KZ
Бөлісу: