Кенді шаһардың тарихи ескерткіштері

12 Қыркүйек 2017, 15:02 13523

«Қаратау тәжi» атанған Хан тауын естуіңіз бар ма?

«Қаратау тәжi» атанып кеткен Кентау қаласы кен өндіру ісімен аты шыққан. Бүгінде Кентаудың iрi туризм орталығына айналуға мүмкiндiгi мол. Өйткені Қаратау бойы, оның әрбір сай-саласы, тау-тасы аңыздан сыр шертеді. Тарихи ескерткiштерге бай қала. Балабөген, Мыңжылқы, Қасқабұлақ, Жылыбұлақ, Ақсүмбе, Жылаған ата, тағы басқа тарихи жер атауының әрқайсысы бір-бір аңыз-дастанға жүк. Кентауға жолыңыз түссе, міндетті түрде соғатын үш тарихи жер туралы мақаламызға арқау еттік.

Хан тағы тауы

Хан тағы тауы туралы аңыздың ел арасында тараған бірнеше нұсқасы бар. Бағзы заманда Қаратаудың етегінде қайырымсыз, қатігез хан өмір сүріпті. Қол астындағы халықтың мұң-мұқтажымен санаспай, керісінше, оларға күн көрсетпейді. Ел басына қаралы күн туады. Қараша халық аштыққа ұшырап,  адамдардың арасында жұқпалы ауру тарайды. Осы кезде ханның құлағына алыстан: «Хан ауылына қарақұрт қаптап келеді!» деген хабар жетеді. Өзінің өмірін сақтап қалу мақсатында қаһарлы хан биік жотадан тақ салуға бұйрық береді. Дайын болған соң, таққа отырып, төменге биіктен көз салып, айналасына қаптатып күзет қояды. Қасына ешкімді жолатпайды. Тек ханның ең сенімді серігі даяшы ғана ас-ауқат тасиды. Сөйтіп, тажалдан құтылудың амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Бірақ көп ұзамай әлгі тамақ әзірлеуші даяшының бөркіне жабысып келген қарақұрт ханды шағып өлтіріпті. Халықтан бөлініп, жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жер кейін «Хантағы» аталып кетсе керек.

Ал тағы бір аңызда, балгер аспандағы сансыз жұлдызға қарап, елді билеген ханның өлімі қарақұрттан болады деп болжайды. Өлімнен қорыққан хан қарақұрттан қашып, Қаратау етегін жайлай қоныс тебеді. Оны күні-түні хан жасақтары мен уәзірлері кірпік қақпай күзетеді. Бір күні үш күн, үш түн жел соғып, ел-жұрттың есін шығарады. Жел басылғанша хан сарайынан шықпайды. Төртінші күні жел саябырсыған соң халықпен жүздесу үшін хан тағына отыра бергенде,  жел айдап әкелген қарақұрт ханды шағады. Ажалмен күресер амалдың жоқтығын білген ханның соңғы айтқан сөзі «Қан тағы…», яғни тағы да қан деген екі-ақ ауыз болса керек. Содан бері бұл тау Қантағы, бертін келе Хантағы аталып кетеді. Кейбір деректерде сол ханның тағы іс­петті біткен тастың болуына байланыс­ты ханның тағы деген атау қойылған деп те болжайды.

1300 жылдық тарихы бар ағаш

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында 1300 жылдан бері өсіп тұрған тұт ағашы бар. Тарихи тұт ағашы ауылдағы Имам Бақли мазарында орналасқан. Алып ағашқа алты адамның құшағы әрең жетеді. Діңгегі берік.

Аңыз-әңгімеге сүйексек, бұл тұт ағашын елді исламға шақырған, мұсылманшылықты насихаттаған үлкен діндар кісі Имам Бақли отырғызған десе, енді бірі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әскер басылары осы тұстан өтіп бара жатып тұт ағашының шыбығын жерге қадап кеткен деседі.

Тарихи тұт ағашы ауылда екеу болған екен. Кішкентай балалар ойнап жүріп, от жағып, бірін байқамай өртеп жіберіпті. Ауыл адамдары алып ағаштың қасиеті бар деп санайды. Сондықтан оны балтамен шаппайды, бір жерін түртіп, жапырағын жұлып, зиян тигізсе адамның түсіне небір жаман оқиғалар кіреді деп сенеді. Тұт ағашын көру үшін алыстан ат арылтып, арнайы келетіндер де бар. Олар ағашқа ақ мата байлап, тілек тілеп, бұлақтан су ішіп жатады.

 «Шаммат-Ишан» музейі

Қарнақ ауылында орын тепкен бұл музей ғимараты ең алдымен мазар, мешіт, ал кейіннен медресе болған екен. Ғимарат ХVІІІ ғасырдың соңында, яғни 1789 жылы ауыл халқының сауатын ашу мақсатында іргетасы қаланған. Деректерге сүйенсек, Шаммат-Ишан (Шамухаммад-Ишан) жастайынан әкесінен діни білім алып, сауат ашқан. Кейін өзі бас болып, халықтың білімін көтеру мақсатында мешіт-медресе құрылысын бастайды. 1789 жылы кіші ақсарай, ал 1876 жылы үлкен ақсарай бой көтереді. Кіші ақсарайдың астында – қылует бар.

Жаздың аптап ыстық күнінде сол қылуетте Аллаға құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарайда шәкірттер білім нәрімен сусындап, сондай-ақ ол мешіт рөлін атқарады. 1917 жылға дейін медресе болған ғимарат, 1928 жылы жетім балалар үйіне беріліп 1928 жылға дейін пайдаланылған. Өкінішке қарай, 1982 жылға дейін ғимарат қараусыз қалып, қаңырап тұрады. Осы кездері Қарнақ ауылы тұрғыны, тарих пәні мұғалімі Бекташ Мирзаев жәдігерлерді жинаумен айналысып, музей ашуға бар күш-жігерін жұмсайды.

2005 жылы ашылған музей 29 бөлмеден тұрады. Бүгінге жеткен құнды дүниелердің көбі орта ғасыр және жаңа кезең тарихынан сыр шертеді. Әсіресе ата-бабаларымыз қолданған тұрмыстық бұйымдар мен атәбзелдері, қару-жарақтар, қыш және мыстан жасалған құмыралар, майшамдар, күмістен жасалған әшекей бұйымдар, самаурындар, таразылар, тасдиірмен, мақта тазалайтын және май шығаратын құрылғылар, әртүрлі монеталар жәнет.б. заттар сананы сан ойға жетелейді. Сонымен қатар, өте бағалы деп саналатын көне кітаптар қоры да осында сақтаулы.

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: